«ҚАЗҒАРЫШ» МЕКТЕБІНІҢ МЕРЕЙІ

0 187

Мұғалім – мектептің жүрегі дейміз. Ал мектеп білім мен тәрбиенің тағылымға толы мекені деп айтуға болады. Таяуда ғана Мұғалім күні мерекесіне арналған салтанатты жиында елордадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі «ең үздік мектеп» аталымы бойынша топ жарды. Осы орайда аталған оқу ордасының басшысы Роза Болатаевамен жүздесіп, ұйымшыл ұжымның жетістігі жайында әңгімелескен едік.

sul_2745

– «Ең үздік» деген биік мәртебеге жету де оңай емес. Ол үшін алдарыңызға қандай мақсат қойдыңыздар?
– Рақмет, сізге! Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Ал оны осымен екінші рет жеңіп алуымыз – біз үшін зор мәртебе. Барлық білім ордалары сияқты біздің де бас­ты мақсатымыз – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, үздіксіз білім алуға баулу және сол алған білімдері мен тәрбиелерін өмірде дұрыс пайдалана білуге үйрету.

– Мектептің тарихы мен ұстаздардың біліктілігі туралы айтсаңыз?
– Мектебіміздің алғашқы тұсауын 2004 жылы Елбасының өзі кескен. 2007 жылы Мемлекет басшысы тұңғыш онлайн-сабақты да біздің оқу ордамызда өткізді. 1000 оқушыға арналып салынған мектепте бүгінгі таңда 1700 бала оқиды.100 мұғалім қызмет етеді. Ұстаздардың 40 пайызы жоғары, 20 пайызы – бірінші, 16 пайызы – екінші санатты мұғалімдер. Екі ұстаз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болса, төрт ұстаз – білім беру ісінің озық қызметкерлері. Өз ісінің шеберлері болып табылатын Рабиға Иманқұлова, Алма Иманбаева, Гүлнәр Тұржанова, Райхан Елеусізова, Мұратбек Оспанов, Шернияз Ілиясов секілді ұстаздарымыз – біздің мақтанышымыз.
Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы да уақыт талабына сай жарақталған. Оқу ордасында жаңа модификация бойынша жабдықталған химия, физика, информатика кабинеттері жұмыс істейді. Материалдық базамыздың жылдан жылға нығая түсуіне ұтып алған гранттарымыздың көмегі зор. Мәселен, 2012 жылы жеңімпаз болған кезде мектепке радиобайланыс және радиоспорт кабинеті алынып, бірнеше пән кабинеттері интербелсенді тақталармен, компьютерлермен, жиһаздармен толықтырылды. Биылғы жылғы табысымызға да интербелсенді тақталар, робототехника кабинеті, оқушыларға арналған түрлі жиһаздар аламыз деп отырмыз.

– Жалпы, мектеп түлек­терінің білім деңгейі мен оқу­шылардың олимпиадаларда қол жеткізген жеңістері жа­йында сөз қозғап өтсеңіз…
– Жыл сайын бізден қанат­танған түлектеріміздің 70-75 пайызы мемлекеттік білім гранттары бойынша жоғары оқу орындарына түседі. Тек биылғы жылдың өзінде мектепті төрт оқушы «Алтын белгімен», бір оқушы үздік аттестатпен аяқтады. Оқушыларымыз жыл бойы түрлі білім сайыстарына, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға белсене қатысып, республикалық және халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанған талантты жеткіншектер көп. Жақында ғана 9-сынып оқушысы Әйгерім Рамазанова Абай атамыздың туған жерінде өткен респуб­ликалық «Абай оқуларының» жүлдегері болып оралды. Оқу­шыларымыз – өнерде де, спортта да алда жүретін талантты да талапты балалар.
Жоғары нәтижелерге жетуі­мізге ата-аналарымыздың да қосып отырған үлесі зор. Біз олармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Мұғалім – оқушы – ата-ана үштігінің жұ­мысы дұрыс жолға қойылғанда ғана осындай жетістіктерге жетуге болады деп ойлаймын.

– Оқу ордасында қандай жаңа жобалар қолға алынды. Олар қалай жүзеге асуда?
– Біз жаңа жобаларды енгізуді үнемі басты назарда ұстаймыз. Өткен оқу жылдарында респуб­ликалық «e-Iearning» жобасын, радиоспортты, өлкетану үйірмесін, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Мен оқығанды ұнатамын» атты жаппай кітап оқу жобасы, «Салауатты бейсенбі», «Шаңырақ» жобаларын енгізген болсақ, биыл осы жобалар бойынша жұмыстарды жалғастыра отырып, робототехниканы қолға алдық. Осы жобалар бойынша оқушылардың қызығушылығы жоғары екенін айта кету керек. Оның дәлелі, оқушыларымыздың радиоспорт бойынша республикалық чем­пио­наттардан жүлдемен оралып, өлкетану бойынша саяхаттарға барып, түрлі сайыстарда жеңімпаз атанып, кітап оқуға деген қызы­ғушылықтары арта түсті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 5 =