Қазақыланған «Қарақат»

0 108

Астана қаласындағы №55 «Қарақат» балабақшасының «Он екi ауылында» Ұлыстың ұлы мерекесi отыз күн ойынға, қырық күн тойға ұласып жатыр.
Балабақшадағы 12 топтың әрқайсысы бiр-бiр ауылдың атын иемденiп, айдың алғашқы онкүндiгiнен-ақ мерекенi тойлауға кiрiскен едi.
Ұлы мерекеде бүлдiршiндерiмiз ұлтымыздың салт-дәстүрлерiн ұлықтады.
«Айгөлек» ауылында «Қыз қуудың» көрiнiстерi айшықталса, «Қарақат» ауылының балалары тұсау кесердiң ырымын жасады. «Бәйтерек» тобы көктемнiң жаршысы болсын деген ниетпен көшет отырғызды, «Күншуақ» ауылында бесiк жыры шырқалды. Қысқасы, он екi ауыл да салтымыздың озық үлгiлерiн ортаға салды.
Тәрбиешiлер технологияың озық үлгiлерiн пайдалана отырып, «Қасиеттi қара шаңырақ» деген атаумен елiмiздiң, жерiмiздiң тарихынан сыр шертетiн слайд жасап ұсынды. Ата-аналар тарапынан да белсендiлiк байқалды.
Тәрбиешiлер мен ата-аналардың бiрлесiп өткiзген iс-шараларынан ерекше көзге түскенi «Қазақ халқының ұлттық киiм үлгiлерi» атты сән апталығы болды.
«Сән үлгi барысында ұлттық киiммен сахнаға шыққан әр баланың жүзiнен «Мен – қазақпын» деген мақтаныш сезiмi сезiлiп тұрғандай болды», – дейдi ата-аналар.
Балабақша меңгерушiсi Аида Байботанованың айтуынша, ұрпақ үшiн мәнi бар мұндай ұлттық үрдiстер тек Наурыз айында емес, жыл он екi ай бойы насихатталғаны жөн.
Айтуға оңай, жазуға жеңiл болғанымен, аталған ұжымның жыл басын қарсы алуда бар күш-жiгерiн жұмсап, жұмыла жұмыс жасағанын көңiлге түйiп қайттық.
Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 4 =