ҚАЗАҚТЫҢ ЗЫМЫРАН ДАҒДАРЫСЫ

0 165

Байбаламшыл емеспіз. Әрі «түстен кейін маңыраудан» абырой таппайтынымыз белгілі. Тек зымыранның ауып түсуінен бастап, оны жылы жабуға дейінгі бүгінгі кезеңді бір шолып өтсек дейміз. Бақсақ, қай жағынан алсақ та, бірнеше нөл есебімен ұпайымыз кем түсіп тұр екен.

«Шайтанның» атасы

2 маусым күні күл-паршасы шыққан Ресей зымыраны тек қара жерге емес, сонымен бірге – соңғы бесжылдықта «инновацияға бетбұрыс» ұранымен жүрген орыстардың ғылымдағы соңғы бекінісінің нақ төбесін ойып тұрып құлады. Біреулер үшін ғарыш саласындағы біршама жетістіктердің өзі сонау совет кезеңінде қаланған әскери-өндірістік кешеннің сарқыншағы екеніне әбден көзі жетті.

Шынымен де, «тәуелсіз» Ресей тарихында ғарыштық технологияларға енгізілген соншама жаңалықтар жоқтың қасы. Нарықтық дағдарыс кезінде ірге бермей, өз еңбек үлесі мен технологиясын мейлінше сақтаған бұл саладағы «жетістіктер» – жаңа Ресейдің ғылымдағы соны қадамынан гөрі, ертеден қалған майлы сүйекті мүжуі десек жарасады. Мысалы, осы құлап отырған «Протон-М» зымыранының негізі сонау 1950-60 жылдары қаланған (В.Н.Челомейдің конструкторлық бюросы). Әрі қарай тек электроникасы мен бақылау жүйесі, отын материалдары заман талабына сай жетілдіріліп отырғаны болмаса, жарты ғасырдан астам уақытта конструкция жағынан сонша өзгеріске түсе қойған жоқ. Аталарымыздың бесатары күлдірмамайлайтыны сияқты, «Протонның» да кесірткедей қауқары бар еді.

«Протон» зымыраны – советтік-ресейлік құрлықаралық әскери зымырандардың да негізі. Батыстың әскери каталогтарында «SS-18 Satan» («шайтан») деп аталып кеткен, осы күнгі орыстың, қазақтың әуе күштерінің негізін құрап отырған – С-300 зымыранының да түбі осы «Протоннан» тарайды. Ендеше, жасау әдісі әбден жолға қойылған зымыраннан орыстың билігі де, оны төңіректеген күштердің де уайымы болды деуге келмес.

Бірақ шындық сол: зымыран көтерілместен сұлап түсті. Неліктен?

Әбден жолға қойылған әдіспен жасалған дүниенің сыр беруінде бір ғана себеп бар, ол – әкімшілік-шаруашылық ұйымдастырудың күйреуі. Бұрын – ату жазасының, болмаса итжеккеннің үрейімен сапалы жасауға ынталандырып келген жүйе бұл жолы болжырап кетті. Тереңіне үңілмей-ақ, тыңшы жалдамай-ақ, ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтердің өзі ғана ресейлік әскери-өндірістік кешенде батпандай проблемалар барын көрсетіп келеді.

Соңғы жылдары технологиялық артта қалушылық салыстырмалы түрде озық болған әскери саланың да кем тұстарын әшкереледі. Шетелдік келісімшарттар азайып бара жатыр. Осы уақытқа дейін «ымырашыл» делінген үнділердің өздері орыстардың қаруынан бас тартып, бірте-бірте озық үлгідегі батыстық жараққа бет бұруда. Ал азаматтық авиацияға түрен салмақ болған «Сухой Супер Джеттен» лайнерлер сатып алып қойып, қайта тапсырып жатқандар қаншама? Осы орайда, ашық бәсекелестік жоқ бір ғана сала – зымыран жасау еді. Енді оның да ақырғы күндері жақындаған сияқты. Оған дәлел де бар.

Осы күндері «студенттік» деп аталатын, ғылыми зерттеулер үшін ұшырылатын зымырандардың сапасы мен сәтті ұшырылу ықтималдығы айтарлықтай дәрежеге жетіп отыр. Оның қасында ертеден қалған сызбаға қарай отырып, құрастыра қоятын зымыраннан соншама бақылау, ұйымдастыру және тексеру ұйымдары бола тұра, көз жазып қалудан артық бейшаралық болмас. Технологиялық бейшаралық. Шаруашылық бейшаралық.

«Саяси химия» негіздері

Қазақ үшін орыс ғылымының күйреуінен бұрын сатылы қозғалтқыштың «шелегінен» лақылдап төгілген гептил уайым болып отыр.

Неткен символизм демеңіз, бірақ апаттан екі аптадай бұрын премьер-министрдің сайты Қазақстанда зымыран отынының залалын анықтайтын ерекше әдістеме жасалғанын хабарлап еді. Дәлірегі, мұны айтқан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев отандық «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдарының жетістігін атай отырып, «өкінішке қарай, зымыран ұшыру кезінде гептил мен амилден келетін зардаптың болатынын» жеткізген болатын. Енді апаттан кейін сол бір «керемет әдістеме» неге екені белгісіз, Қазалы мен Жусалының арасына жете алмай-ақ қойды. Есесіне, апатты «Ресейдің ішкі мәселесі» деп, айыптыларға карт-бланш бере салдық. Әрине, Ресейдің мұндайда құрыла салатын жедел комиссиясы апаттың салдары зардапсыз деп тануға бейіл. Қоғамдық бақылау да жоқ, өзі жасап, бәтуасын да өзі айтатын бөтен елдің ұйымынан біздің қамымызды күйттейтін қорытынды күтіп қажеті де жоқ.

Аспаннан у лақылдап төгілгелі жылт еткен көп жәйт бар. Солардың ең үлкені – апаттың алдын алу жоспары мен дайындықтың жоқтығы.

Тағы бір алаңдарлық жәйт – гептилдің төгілуі өз алдына, ал сол зымыран есептелген жолдан бөтен бағытқа ауып кетсе, не қарекет қыламыз? Атып түсіреміз бе? Онда жақын жерде әскери база, не аэроұтқыр қорғаныс күштері бар ма екен? Бұл көзқарасты қоздыру емес. Әбден болуы мүмкін жағдай.

Қалай десек те, Елбасымыздың тікелей, нақты нұсқауымен ғарыш саласын бір кездерде алып қалдық. Мұнымен айдай әлемге «ғылымға да біздің қосарымыз бар» деген мәлімдеме жасағандай болдық. Ендеше, осынша ізгі мақсат сеніп тапсырылған лауазымдағылар зымыран саласын ең алдымен адами қисынға келтірсе дейміз. Мысалы, залал-зардаптарын біздің ел өз бетінше есептесе.

Айтпақшы, орыс ақпарат кеңістігі біздің басымызға құйып кеткен гептилін әлдеқашан ұмытты. Олар қазір ел болып, бағыттауыш жабдықты зымыранға теріс іліп қойған электрикті іздеп жатыр. Ол еркек тоқты болса да, құрбан болуға құлқы жоқ: бір жаққа бой тасалапты. Ал, Путин Ресей ғарыш кешенін алашадай қағып-сілкіп жатыр. Әрине, қазақтың қамы үшін емес. Ғылым мен өндірістерінің соңғы айлағы – ғарыш саласындағы бассыздық үшін. Өздерімен өздері, әйтеуір. Өз жарамызды өзіміз жалап жазбасақ болмай тұр, ағайын!

 Мақаламызды сандық көрсеткіштер мен «жалаң фактілерден» әдейі ада қып отырмыз. Олардың бірінде де қазаққа пайдалы ештеңе жоқ екен.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 18 =