ҚАЗАҚТЫҢ ЖОҚШЫСЫ

0 404

Арқаға қызмет ауыстырып, талай игілікті істің куәсі болдым. Алғашқы ерекше әсер еткені – тарихи жәдігерлер мен белгілі тұлғалар есімін ұлықтауға араласқан Қуат ағамен кездесуім.  Қазақтың жоқшысы ретінде танылған бұл азаматтың кешегі жүріп өткен жолы ой-өрісімді, тынысымды кеңей­тіп, асыл мұраттарға жетелеген еді. Қанмен тараған тектілік пен анық сөй­леп, ақырын басатын қасиеті талай ұрпағымызға үлгі боларына мен кәміл.

Біреу дүние қуып, ал біреу білім қуып есейеді. Әкеден ерте айырылса да, қос ананың тәрбиесінде болған Қуат Есімхановтың қанаты қайырылмай өсті. Әжесі мен анасы тарихи-аңыз әңгімелерді, нақыл сөздерді құлағына құйып, кәусар бұлақтың тұнығынан дәм татырды. Зерек баланың санасына сәуле түсірген ата-баба өсиеті өз замандас­тары арасынан дара шы­ғуына жол ашқан еді. Ол шежіреші азамат Әлібайдың Арынымен, әйгілі әнші Байғабыл Жылқыбаевпен сырлас болған. Ал Арын мен Байғабыл аталарымыз Иманжүсіппен, Естаймен, Исаның Қабышымен, Майрамен дидарласып, айта жү­рер тарихи оқиғаның куәгері атанған адамдар.

Жылдар ағысымен Қуат аға да елмен бірге есей­ді. Жоғары оқу орнын тә­мам­дап, 1974 жылы ал­­ғашқы еңбек жолын Пав­лодар облысының, «Қызылқұрама» совхозында аға прораб болудан бас-тады. Ал Ермак қаласында қызмет істеген жылдары қызыл империяның шектеу қойған әрі бүркемелеген істеріне тосыннан түрен салып, халықтың ыстық ықыласына бөленгенін көз көрген куәгерлер ұмыта қоймаған болар. 80-ші жылдың шенінде Ермак қаласында қазақша тәлім беретін бірде-бір балабақша болмаған. Осыны ретке келтіргеннен кейін академик Манаш Қозыбаевқа жолығып, Ермактың шынайы келбетін анықтауға ұсыныс жасады. Алаң көңіл қателеспеген екен. Індете тексерілген құжаттар оның баскесер болғанын, Омбы маңындағы Тарск қаласында дүниеден өткенін әшкерелеп берді. Осының негізінде тасмүсін бейне малталанып, 1993 жылы қала атауы «Ақсу» болып өзгертілді. Бұл тарихымыздан ойып орын алған айтулы бетбұрыс еді.

– Көкшетау қаласындағы зиратта болғанымда, шағын тастағы жазуға көзім түсті. Онда: «Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жер­ленген» деп жазулы тұрды. Асыл тұяғының бейіті неге мұншалықты қараусыз қалған деген сұрақ санамды да, жанымды да байыз таптырмады. Сұрау салып, оқиғаның астарына үңілдім. Сәкен атылғаннан кейін жеңгеміз Гүлбаһрам Қызылжардан поезбен Көк­шетауға аттанады. Қо­лындағы дімкәс Аян жол үстінде шетінеп, шарасыз күйге түседі. Жолсерікке шындығымды айтсам, «халық жауының»әйелі ретінде санап, кездейсоқ стансадан түсіріп кете ме деп қауіптенген. Жансыз баласының аузын кеуде тұсына тосып отырады да, межелі жеріне жеткенде әлгі зиратқа жерлейді. Содан бері қараусыз қалыпты. Азаматтармен ақылдасып, ас беріп, белгітасын қойдық. Оның бетіне Несіпбек Айтұлының: «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан» деген өлең жолдары жазылды, – дейді Қ.Есімханов әңгіме арасында.

Бәрімізге белгілі Қорлан мен Естайдың арасындағы іңкәрлік сезімін бізге жеткен дерек көздерінен білеміз. Қорлан Алтай өңірінде 1878 жылы дүниеге келеді. Естайдан бес жас кіші болған екен. Апасы Құснимен Ма­рал­дыдағы туыстарына қыдырып келген сәтінде той үстінде Естаймен танысады. Тағдырдың жазуынан ешкім асып кете алмаған ғой.Нұрмағанбетке тұрмысқа шыққан Қорланға Естай ақын жүрек түкпіріндегі өлең шумағын былайша кестелейді:

Сұрасаң қыздың атын Қорлығайын,
Мағруб қолға берді күн мен айын.
Әуелде жазбаған соң болмайды екен,
Мақсатқа жете алмадымне қылайын.
Бірі апа, бірі сіңілі Құсни, Қорлан,
Екеуі туған екен бір анадан,
Бұрынғы Гүлжазира қыздарындай,
Дүниеге келе бермес ондай бағылан.
Айырылдым Қорлан сенен Құдай алмай,
Құр ішім толғай беред жылай алмай,
Бар еді қимас күндер қызық көрген,
Келер ме енді айналып, о, дариға-ай!

Сүйген адамынан қапияда ішқұса болып айырылған Естай көңілі «махаббат» деген ұғымның аса қастерлі екенін айғақтайды. Соған дақ түсірмей өтіп, ең бай­лықтың бастауы адал се­зім екенін дәлелдей түскен. Адамдар арасындағы ынты­зарлықты ешқандай есеппен өлшеуге болмай­ды. Ол бір қарымта қай­тару мақсатына құрылса, дүниенің кеңдігі де аш­көздерге тар болып көрінеді. Дәуір алмасты. Бірақ, бұл кіршіксіз махаббат символы ретінде ға­сырдан ғасырға ұласып отыр. Сол Естайдың бейіті Ертіс өзені бойындағы Ақтоғай ауданында. Оның басына Әбілқақ деген азамат белгі қойыпты.

– Негізі, Естайдың туған жері – Екі­бастұз ауданының Өлең­тідегі Қаражар ауылы. Екі­бастұздағы азаматтармен кеңесе келе, Қаражарға да белгі қоюға келісімге кел­дік. Баянауылдан үлкен тас алдыртып, оған ақын Несіпбек Айтұлының: «Жүй­рігі ән мен жырдың желдей ескен, Қорланға қолы жетпей ғұмыр кешкен. Өшпейтұғын топырағында ізі қалған, Естайдың осы ауы­лы кіндік кескен» деген бір шумақ өлеңі жазылды. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Қорланның да басына белгітас қою үшін Ресейдің Алтай өлкесінің Борлы ауданына сапарладық. Кедендік кедергілерден өтіп жеткізілген бұл белгітастың салмағы – 4 тонна, 522 келі. Халықтың мерейін өсірген осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қазіргі Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның қосқан үлесі зор. Жалпы, бұл ұрпақтар үндестігіне арқау болған келелі басқосу болды. Сол жиында Естайдың немересі: «Қимастарымыз бір-бірімен сыйласып өткен екен. Ендеше, біздің үйден дәм татыңдар» деп Қорланның немере-шөберелерін қонақ­қа шақырды. Осылайша тағ­дырлары тоғыспаған жан­дардың рухы асқақтады, – дейді әңгіме арасында Қуат ағамыз.

37-ші жылдың зобалаң індеті талайлардың апшысын қуырып, адымын аштырмады. Қорлан бейіті басының қараймауын да сол тұстағы аласапыраннан іздеген жөн. Ендеше, қаншама жыл ескерусіз қалған нәрсені орнына келтірген Қуат ағаның жанашырлығын ұрпағымыз еш ұмытпақ емес. Естайды еске алу жиынында (басына белгітас орнатқан кез­­де) оның інілері мен жиен­­дері Қорланның ұрпа­ғына алтын жүзік салады. Бүгінде бір-бірінен көз жазып қалған қимас жандар қаншама? Ағайынның атын шығарып, бауырмалдықтың жарқын үлгісін, кісіліктің мейірбандығын танытқан азаматтың ізін басар жастар көп болғай.

– Еркеғали Рахмадиевті бәріңіз білесіздер, – деп Қуат аға әңгімені одан әрі жалғады. – Сол кісімен бірде Балқашқа шомылудың сәті түсті. Көл жағасында дем алып отырғанымызда маған ол: «Менің мойным­да бір аманат бар. Соны орындамақ болып бірқатар басшыларға қолқа салып көріп ем, нәтиже шықпады. Енді бойымнан күш-қуат кеткенде кім тыңдай қояр дейсің?!» деді. Аманаттың жөні былай екен. Ерақаң­ның өткен ғасырдың жет­пісінші жылының басында Алматыдағы консерваторияда ректор кезі. Ол бір күні Бөрлідегі әке-шешесіне бармақшы болады. Жолға жиналып жатқанында Қанабек Бай­сейітов «Мені де ала кетсейші» дейді. Қанабектің ауылы да Үштөбенің жанында. Ерақаң жарайды деп келісімін бе­реді. Ұлы сәскеде Арқарлы асуынан өте берген жерде Қанекең: «Машинаңды тоқтат» дейді. Дастархан жайылады. «Әй, Еркеш, мен бұл жерге ішіп-жеу үшін келгенім жоқ. Бұл жерді өзіне арнайы көрсетейін деп келдім. 1934 жылы Күләш екеуміз бас қосқанымызда Жетісуға бет алып ек. Күләш үйінен азық-түлік салынған қоржынын ала шыққан болатын. Жетісу өңіріне жеткеннен кейін осы жерге аялдадық. Қасымызда серіктеріміз бар. Күләш сонда көпшілікке қарап: «Жетісуға алғаш келін болып, жерін аттап отырмын, дастархан жаяйын деп іске кірісіп кеткен еді» депті Қанекең. Ерақаң осы маң­ның елеусіз болып бара жатқанына налыды. Ойланып жатпастан «маған неге бұрын айтпағансыз?!» дедім. «Сонау Арқадан келіп, бірдеңе жасайын деп пе едің?» деп сынай қарады. Ақыры жұртшылықпен қауымдасып, белгітасын қойдық. Ақселеу Сейдім­бектің «Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің ат шалдырып, дастарқан жайған жері» деген сөзі оның бетіне түсті.

Ерліктің өлшемін ешнәр­семен салыстыруға келмейді. Тарихты жасайтын, жазатын да адам десек, оның әділ бол­ғаны жөн. Ал оны зер­делеп, жүйелі зерттеу үшін алдымен ынта, сосын дәлелді құжатың болуы тиіс. Абылай Ақ үйінің Қызылжар аумағында болғандығы жө­нін­дегі деректі зерлеп, тарихи шындыққа көз жет­кізбекші болып елге белгілі журналист Жақсыбай Са­мрат пен Солтүстік Қазақстан облысындағы мұрағат қызметкерін Санкт-Петербургке жіберген де осы Қуат ағамыз. Алғашында нәтиже болмағасын Қуат аға өзі араласты. Омбының, Санкт-Петербург мұра­ғатын да ақтарды. Көңіл тоғайтар құжат табылмады. Мәскеудің Сыртқы істер министрлігі үйінің астыңғы төлесінде жасырын мұрағат бар деген ақпарды естіп, соған сапарлайды. Ондағылар кіргізбек түгіл, маңайына жуытқысы келмеген. Ол тұста елшілікте қызмет істеген Қобландин деген азаматқа келген мақсатын айтып, бар мән-жайды түсіндіреді. Ақыры құпия қақпаның ішіне де енеді. Қызғыштай қорудың астары енді белгілі болды. Абылай хан Ақордасының сметалық-жобасы осында екен. Оны елге әкеліп, сол уақытта Мемлекеттік хатшы болған Иманғали Тасмағамбетовтың көмек­шісіне тапсырады. Табылған құжаттың маңыздылығы сол, императрицаның Абылай ханға Ақорда салып беру жөніндегі 1755-1756 жылдары шығарған жарлықтары мен орданың сызбалық бас жобасы, құрылысқа жұмсалатын қажетті қаржының көлемі жазылған. Шпрейнгел атты генералдың есебі де тұр. Әлгі деректе көлемі 6х6 метр ханның кеңсесі, арғы бөлігінде қонақтарды қабылдау үйі, моншасы көрсетіліпті. Таңғаларлығы, құжатқа «Абылай салтан» деп жазыпты. Түсінікті ғой. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» дегендей, тіл білмегесін жөні осы екен деп шорт кескен. Дегенмен, халықтың жадында қалатын іс жасалды. Осыдан соң Абылайдың Ақордасы орын тепкен Еңгістау өңіріне үлкен мұражай салынып, оның ашылу шарасына Мемлекет басшысының өзі қатысты.

– Қызылжар – қазақтың небір марқасқаларының табаны тиген жер. Осында Қожаберген, Сегіз сері өзге де бірнеше аптал азаматтар мәңгілікке орын тепкен. Бір күні Қожабергеннің зиратына барсам, темір шарбақпен жәй қоршала салыпты. Содан тарихтағы орнын таныту үшін ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Астана мен Алматы ғалымдары баяндама жасап, ақпарат тетігі ағытылды. Артынан Қанат Дүйсенбаев бастаған төрт азамат басына үлкен мазар тұрғызды. Ас беріп, аруағына дұға бағыштадық. Екі томдық кітабы жарыққа шықты. Атақты Батыр Баян да сол облыстан шыққан ғой. Ал Мағжанның «Батыр Баян» жырындағы Жолдыөзек деген жердің қазір Аққайың ауданы екенін білесіз бе? Оның табиғаты адам баласына ерекше әсер қалдырады. Обаған өзені ағып келеді де, жер астына өтіп кетеді. Бірнеше шақырымнан соң жер үстіне қайта айналып соғып, Қостанайды бетке алып ағып жатқаны. Міне, ол жерді киелі деуімнің сыры осында жатыр.

Көп ұзамай Батыр Баян есімі орта мектепке беріледі. Сегіз серінің де кітабы жарияланды. Қызылжарда Сәбит пен Ғабиттің 100 жылдығын ел болып атап өттік. 2003 жылы Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығын да ескерусіз қалдырған жоқпыз. Мына жәйге де жұртшылық назарын аударғым келеді. Іс­­сапар­мен Орынборға бардым. Көше аралап келе жатып, бір үйдің қабыр­ғасындағы жазуға көзім түсті. «Пушкиннің тоқтаған үйі» деп жазулы тұр. Оны айтасыз, Пушкиннің атшысы атын суарған құдыққа дейін белгі тақтайша ілін­ген. Өткенді құрметтеу деген осы болса керек. Жас ұрпағымыз бойына ізгілікті қалыптастыру үшін жасалған мұндай істің ғұмыры ұзақ болмақ, – дейді Қуат аға тебіреніп.
Екі жарым сағатқа со­зыл­ған әңгіме барысында елдік мүддені көздейтін ұлы мұраттар сөз етілді. Соның барлығы бір кітап­­қа татырлық. Біз га­­­зет мүмкіндігіне қа­рай негізгілерін ық­шам­дап алдық. Бүгінгі айтыл­ғандарды жас ұрпақ тарихын біле жүрсін деп беріп отырмыз. Ал қазақтың жо­ғын түгендеген азаматты қалай мақтасақ та жарасымды. Мың түгіл бірдің атын ескермей жүргендер көп емес пе?!

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 6 =