Қазақтың жөн-жосығын білесіз бе?

0 29

Қазақ халқының әлімсақтан жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрпын, жөн-жосығын білу, үйрену және өмірде қолдану – ағайын-жұртты адастырмайтын айқын жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, ұғындырып отырғаны жөн.

БАТАЛАСУ

Баталасу салт – әр азаматтың, елдің, тектіліктің, сөзде тұру және келісімнің, бірлікке беріктіктің үлкен жолы. Бұл жол құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызы үлкен шараларда жасалады. Сонымен бірге баталасу хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында жасалып, қол алысып орындалатын ғұрып және ол ұзақ мерзімге, тіпті мәңгілікке жалғасады.
Баталасыпты деген сөз – ел ішінде маңызы өте зор іс. Арғын Аманжолдан Әлімбет, Бейімбет, Шақшақ (атақты батыр Жәнібек тарханның атасы) туады. Шақшақ қайтыс болғанда (XVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқайдар балалары бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын» деп қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ.

Баталасу – қасиетті ұғым. Оны бұзу – қазақ арасында өте жаман іс. «Бата бұзған» деген – қарғыспен тең, өте ауыр сөз.

БІТІМ

Бітім салты – халық арасында маңызы зор, өте қиын әрі күрделі іс. Бұл – хан, би, ақсақалдардың араласуымен бітетін елдік шаруа, өйткені оның бүгінгі ғана емес, алдағы бірнеше жылдық, тіпті ғасырларға ұласатын әлеуметтік, елдік қызметі мен жолы бар.
Ерте замандарда еларалық жау­гершілік, соғыс, ұрыс, жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты ел, ер намысына тиетін ірі қақтығыстар мен ұрыс-жанжалдар болып тұрған. Ол қарулы қақтығыс, ірі барымталарға ұласып, ел-жұрт тыныштығы бұзылып, елден бірлік пен ынтымақ қашқан. Мұндайда кектескен, өштес­кен, есесі кеткен ел жиі шабуылға шығып, оның соңы кісі өліміне дейін ұласқан. Міне, осындайда екі елді бітістіретін, келісімге шақыратын «Бітім» тәртіптік заңын қолданған. Мұндай «ара ағайындыққа» сөзі өтімді, беделді ел ағалары мен батырлар, би, шешендер жүрген. Олар екі елдің де уәжін тыңдап, қиын жерде жол, уәжді жерде сөз тауып, бірлікке, бітімге шақыра білген. Кеткен есе, шыққан шығын, кісі құны қайтарылған. Мұндай бітім соңы басы ақ үй аманат пен сый-сыяпатқа, қыз алысып, қыз беріскен құдалыққа, төс түйістіріп, достыққа жалғасқан. Бұл бітімді екі елдің ақсақалдары берік сақтап, ескі дау-жанжалдарды қоздырмаудың, еске алмаудың жөн-жосығын, жолын тауып отыруды міндетіне алған.

АЛЫҚ ЖӘНЕ АЛЫМ

Ерте кезден-ақ елдер арасында қақтығыс, жауласу, соғыс болып тұрған. Мұндай шайқастарда, әрине, бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Осыдан кейін екі ел бір тоқтамға, бітімге келеді. Бұл – жай бітісу, келісу емес, жеңген жақтың өктемдігі, жеңілген жақтың қол қусырып, тізе бүгуі, ұрыс зардабы, одан келген шығын, шеккеп жапа. Осылардың бәрі ескеріліп, есептеледі. Міне, осыдан кейін екі елдің сөз ұстар адамдары шешімге келеді. Осында алық мәселесі қаралады. Алық – шығын мөлшерінің жеңілген жақтан алынатын құны. Алық мал, мүлікпен есептеледі. Жеңілген жақ мұны төлеуге міндетті.

Халықта алым деген де бар. Дәстүр бойынша ол – қыз ұзатарда құдалардан алынатын кәде. Демек, алық пен алым екі түрлі мағынада қолданылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 4 =