Қазақтың жауһарын жинаған

Елордада - есімі

0 52

Орта Азия халықтарының фольклорын жинаушы, этнограф, оқытушы Әбубәкір Диваев есімі бұрынғы Ф.Дзержинский атындағы көшеге берілді. Конституциядан басталып, Міржақып Дулатов көшесіне барып тірелетін көшенің ұзындығы – 389,5 метр.Қазақ ауыз әдебиетін жинап, оны орыс тіліне аударып бастырушы Әбубәкір Диваев есімі Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, В.Радлов сияқты Ресей зерттеушілердің қатарында тұрады. Әбубәкір Ахметжанұлы 1856 жылы Орынборда башқұрт ақсүйегінің отбасында дүниеге келген. Оның арғы атасы Сүлеймен старшина болып, 1755-1756 жылдарғы Башқұрт көтерілісінің идеологы Батыршыны ұстауға қатысқан. Әкесі де әскери адам болған, ширек ғасыр башқұрт-мещеряк (кейіннен Башқұрт) әскерінде қызмет етіп, сол кездегі Түркістан өлкесінде жиі келгенін білеміз. Диваев жас кезінде Түркістан қаласының уез бастығы болған ағасының қолында біраз уақыт тұрған екен. Бұл әрине, есейе келе Диваевтың таңдау жасауына ықпалы етсе керек, ол да әулеттің жолын таңдап, Орынбор кадет корпусының Азия бөліміне оқуға түседі. 1876 жылы Түркістанға қызметке жіберіліп, Әулие-Ата уездік бөліміне басшылық етеді. Түркістан әскери губернаторы қарамағында тілмаштық атқарып, кейін Ташкент қаласында Әскери-халықтық басқармада қызмет еткен. 1883 жылдан бастап Сыр бойын, Әмудария мен Хиуа өлкесін, Оңтүстік Қазақстанды аралап, қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына, сенім-нанымдарына қатысты құнды материалдар жинаумен шұғылданған. Жиналған ауыз әдебиеті үлгілерін «Туркестанские ведомости» журналында жариялап отырған.
1895 жылы Диваевтың қатысуымен Қожа Ахмет Яссауи мешітінен табылған көне жазулар Түркістан өлкесі тарихын зерттеуге жасаған елеулі үлес болды.
1906 жылдан бастап міндетін бітіргеннен кейін татар мектебін басқарады, ал 1918 жылдан бастап Түркістан университеті мен Түркістан Шығыс институты Диваевтың жұмыс орнына айналады, онда ол қазақ этнографиясы курсынан сабақ береді. Біраз уақыт Ташкенттегі Түркістан өлкетану музейінің археологиялық және этнографиялық бөлімдерін басқарды.
1920 жылдан Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғылыми комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасалған экспедицияларды басқарды.
1923 жылы 21 мамырда Ташкентте Білім институтының ғимаратында Диваевтың ғылыми қызметінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған Түркістан Республикасы қоғамының жиналысы өтті. Т.Рысқұлов қол қойған Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен оған зейнетақы тағайындалды және ол тұрған үй ақысыз пайдалануға берілді. Әбубәкір Диваев 1933 жылы 5 ақпанда Ташкентте 96 жасында қайтыс болды.
Диваевтың жинаған этнографиялық дүниелердің арасында қазақ халқының рухани мәдениетінің үлгілерін толық қамтып ырымдары мен тиымдары, бесік жыры, беташары, құдалық салтын жылан мен құрттардың шаққанда уытын қайтартын қасиетті дұғалар, киелі тұлғалардың кесенелеріне қатысты аңыздар, ертегілер, жоқтаулар, бақсы сарыны, салт-дәстүрлеріне қатысты, мақал-мәтелдер мен қазақ эпосының жауһарларын жазып қалдырды. Ұзақ ғұмырында 100-ден аса еңбек жариялады.
Белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Өзбекәлі Жәнібеков Диваев ақсақалды «Қазақ этнографиясының Леонардо да Винчи, Ломоносовы» деген екен. Бұл зерттеушінің артында қалған мұрасының ауқымы мен маңыздылығының бағасы болар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + eighteen =