ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ – ҚАЗАҚ РАДИОСЫ

0 360

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ радиосының 95 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 50 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.

Ғасырға жуық ұлттың үнжариясы атанған радионың халқымыздың тарихында алар орны бөлек. Оны таратып айтуға шағын мақаламыздың жүгі көтермес. Алайда, бір ғана оқиғаны айтып өтейін. Біздің шағын ауылдағы орталық көшенің бойындағы пош­та ғимаратының төбесінде радиоқорабы орналасқан еді. Ол таңсәріден күн батқанша бір дамыл таппастан ел адамдарын тағылымды тәрбиеге, танымды әңгімеге жетелеп, тамаша бір сазды ән мен күйге бөлеп тұрушы еді. Жасы үлкен қариялар сол ғимараттың түбіндегі орындыққа сағаттап отырып, барлық жаңалықты ұйып тыңдайтын. Міне, осыдан-ақ, елдің радиоға деген құрметін анық байқауға болады. Бүгінде сол ықылас азайған жоқ деп ойлаймын.
Осы жерде радионың өткен тарихына сәл шегініс жасайық. Алғаш радионың дауысы елімізге 1921 жылы қазан айынан бастап, сол кездегі астанамыз Орынбор қаласынан трансляция арқылы таралды. Содан басталған кішкене жол кейін даңғылға айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оның орны айрықша болды. Халық қандай қиыншылықты тартып жүрсе де, күн сайын үнжариядан майдан жаңалықтарын қалт жібермей тыңдайтын. Әсіресе, кеудесін жауға төсеген батырлардың, оның ішінде Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Талғат Бигельдинов, Әлия мен Мәншүк секілді баһадүр қаһармандардың ерліктері радиодан дамылсыз беріліп, елдің еңсесін көтеруге, рухын оятып жатты.
Ал «Шалқар» ұлттық арнасы 1966 жылы алғаш ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кескен. Ол еліміздегі жалғыз ана тілімізде хабар тарататын арна ретінде халқымыздың рухани мұрасын кең көлемде насихаттап келеді.
Қос радиода қазақтың талай айбоз азаматтары еңбек етті. Қайталанбас ғажайып дауысымен жұртшылықты тәнті еткен Әнуарбек Байжанбаев, тау тұлғалы ақын Мұқағали Мақатаев қызмет істеген. Құсыман Игісін, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Ұлжан Пармашқызы секілді қоңыр дауысымен тыңдармандардың жүрегіне жол таба білген аға-апаларымызды да ерекше айтып өтсек дейміз.
Игі шараның шымылдығы «Серпер» сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан ұлттың үнжариясын жайындағы арнауымен ашты. Одан кейін Қазақ радиосының директоры Махат Садық радионың өткені мен бүгіні жайында толғамды ой шертіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңірек ақпарат берді. ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те сөз алды.
– Бүгін тағылымға толы айтулы шара өтіп жатыр. Қазақ радиосы 95 жыл ішінде елдің құлағына айналып, халыққа барлық жаңалықты жеткізетін насихаттың көзі болды. Қазіргі күнде де жаңалықты жедел айтатын түрлі ақпарат құралдары болғанмен, радионың орны ерен. Себебі, оны орталықтан шалғай жатқан ауылдар әлі де ұйып тыңдайды. Өзім де оның тұрақты тыңдарманымын. Бұл – радиоға деген құрмет. Мерейтойларыңызбен құттықтап, барлықтарыңызға шығармашылық табыс тілеймін, – деп ізгі ілтипатын білдірді.
Сондай-ақ, Сұлтан Оразалин, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Оразкүл Асанғазы, Үмітхан Дәуренбекқызы секілді танымал тұлғалар тоқсан бес жыл бойы елге талмай қызмет етіп келе жатқан қос радио жайында ақжарма тілектерін жеткізді. Осы мекемеде ұзақ жыл қызмет істеп, ыстық-суықты қатар көрген радио ардагерлері де сөз алып, өздерінің естеліктерімен бөлісті. Шара соңы әсем ән-күймен өріліп, радионың өткен тарихынан сыр шертетін кітап көрмесіне ұласты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =