«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақтың тұңғыш премьері

0 51

«Алғашқы премьер» атанған мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Бұлай атануына оның 1990 жылғы қарашада Қазақ КСР-інің Премьер-министрі болып тағайындалуы себеп болды. Егемен еліміздің өркендеп өсуіне зор үлес қосып, Қазақстанның экономикалық даму жолында адал қызмет атқарған қайраткерді ардақтап, атын мәңгі есте қалдыру үшін елорданың оңтүстік жағалауындағы жобалық атауы А41 көшесіне былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Ұзақбай Қараманов есімі берілді.

1503544131_zabay-aramanov-cv

2021 жылғы 5 сәуірде қалалық ономастикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданындағы бірнеше көшеге белгілі тұлғалар есімі берілген еді. Солардың бірі – Ұ.Қараманов көшесі «Нұрлы жол» вокзалына жақын орналасқан, ұзындығы – 940 метр. Көшенің бір шеті Қ.Ахмедияров, екінші басы А564 көшесіне барып тіреледі.

Оның атына елордада көше берілсе, өзінің туған жері Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ұ.Қараманов есімімен аталатын №262 мектеп-гимназия ауласына мүсіні орнатылды. Қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген тұңғыш премьердің әкесі Қараман Аралдағы әйгілі балық аулау артелінде қызмет еткен, ауылдастары арасында беделі үлкен, сыйлы кісі болған. Мектепті бітірген бозбала Ұзақбай 1959 жылы Куйбышев қаласындағы инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, еңбек жолын Ақтөбе облавтотресінің Шұбар құдық автобазасында прораб ретінде бастайды. 1961-1964 жылдары «Қызылордақұрылыс» тресінің өндірістік-техникалық бөлімінің аға инженері, Арал қаласында құрылыс басқармасының бас­тығы болып еңбек етті. 1965-1980 жылдары «Алматы-өнеркәсіпқұрылыс» мекемесінде, «Бас­АлматыҚұрылыс» Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрлігінің бас басқармасында басшылық қызмет атқарды. 1980-1986 жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасары, Қазақ КСР Құрылыс министрінің бірінші орынбасары лауазымдарын атқарды. 1987 жылғы сәуірде Қазақ КСР Материалдық-техникалық жабдықтау мемлекеттік комитетінің төрағасы болды. 1989 жылғы шілдеде Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, 1990 жылғы қарашада Қазақ КСР-інің Премьер-министрі болып тағайындалды.

1993 жылы Аралды құтқару халықаралық қорының атқарушы директоры, 1994 жылдың наурыз айынан депутат, ҚР Жоғарғы Кеңесі Табиғатты пайдалану және экология комитетінің төрағасы болды. 1995 жылы «Қазконтракт» республикалық келісімшарт корпорациясының вице-президенті, 1998 жылы «Қомақ-Инвест» қаржылай-кәсіпшілік тобының президенті, ҚР Құрылысшылар одағының президенті, 1999 жылдан ҚР Парламенті Мәжілісі 2-нші, 3-інші шақырылымының депутаты. Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін салушы.

Ғұмырының 30 жылын құрылыс саласына арнаған Ұ.Қараманов – құрылыс және сәулет саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тұлға. Оның елорда мен Алматы қаласындағы теңдесіз ғимараттардың авторы екендігін жұрт жақсы біледі. Туған жер топырағының құрдымға кетіп бара жатқанына көз жұмып қарай алмаған ол Арал трагедиясын көтеріп, Сыр өңірінің мәселесімен өмірінің соңына дейін күресті. Қазақстан Үкіметі төрағасы қызметінен кеткеннен кейін де Арал мәселесін бір сәтке де назардан тыс қалдырмады. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған жылдары Мәжілістің қоршаған орта, экология мәселелерін басқарып, ұдайы назарда ұстаған. «1964 жылы Алматыда жетекші құрылыс мекемелерін тізгіндеп, олардың табысты жұмыс істеуіне ықпал етті. Білікті маман Алматының адам танымастай ажарлануына бар күш-жігерін жұмсады. Алматының бойтұмарына айналған іргелі ғимараттардың бәріне абзал азамат алақанының табы тиген. Мәселен, М.Әуезов атындағы драма театры, Көктөбедегі телерадио кешені, Медеу шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Қазақстан» қонақүйі және қазіргі Достық даңғылы мен Назарбаев көшесінің аумағындағы іргелі ғимараттарды салуға Қараманов барынша атсалысты» («Айқын». Н.Жұмахан, 2018 жыл).

«Сыр өңірінде республикалық ұйымдастыру комиссиясын басқарған Ұзақбай Қарамановтың ықпалымен бұрынғы Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарға Жанқожа батырдың аты берілді. Аудан орталығындағы №70 мектепке ҚР Министрлер кабинетінің қаулысымен Жанқожа батыр есімі берілді» («Ел есіндегі ескерткіш». 28.11.2012 ж. BAQ.kz). Ұзақбай Қараманұлы мемлекеттік маңызды қызметтерді атқара жүріп, ғылымнан да қол үзбеді. Бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектің, көптеген мақалалардың авторы болды.

Мемлекет және қоғам қайраткері ел мүддесі жолындағы қажырлы еңбегі үшін II дәрежелі «Барыс», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен және түрлі жоғары дәрежедегі медальдармен марапатталған. КСРО Министрлер кеңесі сыйлығының лауреаты атанып, осы кеңес сыйлығының, Еуропа қоршаған ортаны қорғау облыстық «Алтын глобус» сыйлығының лауреаты болды. Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды.

2017 жылы 25 қыркүйекте 80 жасында Алматы қаласында дүниеден озған Ұ.Қараманов қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, республиканың құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосты. Ол өз елінің шынайы патриоты, білікті басшы және жоғары деңгейдегі кәсіби маман болды. Тұңғыш Үкіметбасының өнегелі жолы мен жасаған еңбегі, жарқын бейнесі ел жадында ұзақ сақталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды