Қазақтың тұңғыш инженері

Елордада - есімі

0 110

Кеңестік замандағы солақай саясаттың құрбаны болған асыл азаматтарымыздың бірі – Мұхамеджан Тынышбаев. Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, ағартушы-ғалым саналы ғұмырын туған халқының мүддесіне арнаған. Қабілет-қарымымен ұлтының мерейін асырған ерен тұлға туралы айтарымыз көп.

Елорда көшесіне Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі берілсе де, аты затына сай болмай тұр. Ескі вокзал жақта орналасқан қысқа көшені карта түгіл, машинамен барып таба алмайсыз. Мұхамеджан Тынышбаев көшесі Қарасай батыр көшесінен басталып, Ыбырай Алтынсарин көшесінде аяқталады. Ақбұғы, Біржан сал көшелерімен қиылысады. Айналдырған 700 метр көшенің басы бір бұрышта, жалғасы мүлдем басқа жақта қалып қойған. Ұлты үшін жанын қиған біртуар ердің есімін қаланың қақ ортасында ұлықтасақ та артық етпес еді ғой.

Әке үмітін арқалаған бала шәкірт

Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда өкіметінің негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбайұлы Талдықорған облысының Қапал ауданында дүниеге келген. Бұл өңір сол уақытта орыс ұлты көп шоғырланған аймақ еді. Қазақ мектебі де жоқ болатын. Мұхамеджан кішкентайынан өзі қатарлас орыс балалармен ойнап жүріп, орысшаны жетік біліп өседі. Әкесі Тынышбай кісілігі мол, көзі ашық, ауыл-аймаққа беделді адам болған. Анасы Шаһизадабану (Шəпен) келбетті, ақжарқын жан деседі.
Бірде Тынышбайдың үйіне Лепсі медресесінде дәріс беретін Хамитмағзұм молда қыдырып келеді. Молдаға бес жасар Мұхамеджан бір көргеннен ұнап, әкесінен ұлын медресеге жіберуін бүкпесіз сұрап, көндіреді. Содан жылға жетпей өжеттілігімен көзге түскен бала Мұхамеджан арабша хат таниды.
Әкесі баласының білім жолындағы бетін қақпай Лепсіде оқып жүрген жерінен Алматыға әкеліп, ерлер гимназиясының дайындық курсына оқуға береді. Мұхамеджан гимназияда жүргенде математика, логика, геометрия пәндерін терең меңгеріп, орысша, французша еркін сөйлеуді үйренеді.
Мұхамеджанның бала күнгі арманы тарихшы болу еді. Гимназияны алтын медальмен тәмамдайды. Гимназия директоры Жетісу облысының әскери губернаторына Мұхамеджанды «тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі» екенін айтып, жоғары оқу орнында білім алуына арнайы стипендия тағайындауын өтінген. Осылайша 1900 жылы Тынышбаев Санкт-Петербург қаласындағы императорлық жол қатынасы институтына түседі.

Жер мәселесін көтерген студент

Мұхамеджан студент кезінен-ақ қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде орталық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша өкіметінің саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Жазғы демалыста елге қайтқанда жер дауына, басқа да тартысты мәселелерге назар аударып, орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қатысты материалдарды жинап, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясының мүшесі Әлихан Бөкейханов секілді азаматтарға тапсырып отырды.
Мұхамеджан Тынышбаев сол кезде революциялық қозғалыс­тарға белсенді түрде қатысып жүрген журналист В.Жаботинскиймен бірігіп «автономияшыл-федералшылдардың одағын» құрды. 1905 жылы қарашада өткен автономияшылар одағы ұйымының съезінде жасаған баяндамасында «Жер мәселесі қазақтар үшін сөзсіз маңызды. Үкіметтің нені көздеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Біріншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру. Екіншіден, қазақтарды қауқарсыз тобырға айналдыру болса, үшіншіден, ежелгі атақонысынан айыру. Қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!» деп өткір сөйледі.

Түрксіб – Тынышбаевтың арманы

Қазақ жеріне жаңалық болып келген алып теміржолды салу жөнінде шешім қабылданған уақытта Мұхамеджан Тынышбаевты да Түрксіб құрылысымен айналысатын арнайы комиссияның құрамына кіргізуді ұсынған бұйрық шығады. Сонымен, құрылыс басталар сәтте Тұрар Рысқұлов арнайы Мәскеуден келіп, Луговой бекетінде теміржолдың тұсауын кеседі. Түркістан-Сібір теміржолы торабының салынуына Мұхамеджан Тынышбаев өзінің біліктілігімен елеулі үлес қосты. Құрылыстан ешқандай хабары жоқ жергілікті қазақ балаларына арналған курстар ашты. 50-ге жуық ауыл баласына теміржол құрылысының қызметі мен сырын үйретіп, білім берді. Қазақ балаларына арнап оқулықтар да жазған.

Алаш арысы – Мұхамеджан

1913 жылдан бастап Орынборда Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов «Қазақ» газетін шығара бастады. Басылымның алға қойған ұстанымы Мұхамеджан Тынышбаевтың да көкейіне қона кетті. Осылайша ол «Қазақ» газетінің жұмысына белсене араласады. Мұхамеджан Тынышбаев Əлихан Бөкейхановтың төңірегінде топтасқан қазақтың ұлттық-демократиялық көзқарастағы интеллигенция серкелерінің бірі ретінде 1907 жылдан 1917 жылдың жазына дейін қазақтың тұңғыш «Алаш» партиясын құрады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Түркістан өлкесінде жұмысшы жəне солдат депутаттары кеңесінің билікті өз қолына алу жолындағы əрекетіне қарсылық танытты. Түркістан өлкесі мұсылмандарының төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының уақытша үкіметі төрағасы жəне Ішкі істер министрі болып сайланды. Көп ұзамай ол бұл қызметінен бас тартты. Оның орнына Мұстафа Шоқай тағайындалды.
Халыққа азаттық əпермек болған істерінен нəтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған «қызылдарға» қызмет етуге мəжбүр болған Мұхамеджан бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан қалам тартып, зерттеу еңбектерін жариялайды. Қазақ шежіресін түзейді.

Қуғындағы ғұмыр

1906 жылы Верный қаласында Мұхамеджан Тынышбаев атақты фельдшердің қызы Гүлбахраммен отбасын құрады. Бұл некеден Ескендір, Фатанад-Бану және Динар-Зада атты балалары дүниеге келді. Алайда Гүлбахрам тырысқақпен ауырып қайтыс болды. Сол кезде тырысқақтан ауырған адамды өртейді екен. Мұхамеджан Тынышбаев іссапардан келгенде әйелінің көз жұмғанын біледі. Сонда ол балаларының ешқайсысына айтпай, әйелінің басына барып, топырағын құшақтайды. Үйге келгеннен кейін балаларына: «Менің өлгім келді. Өйткені мен өмірімді аналарыңмен ұштастырдым. Қатты жақсы көрдім. Бірақ мен сендер үшін ғана тірі жүремін» деген екен.
Өткен ғасырдың 30-жылдары қыздары тұрмыс құрып, ұлы Ескендір Ленинградқа оқуға кеткеннен кейін Мұхамеджан Тынышбаев үйінде жалғыз қалады. Сонда жолдастарының кеңесі бойынша башқұрт қызы Әмина Шейх-Әлиге үйленеді. Бұл некеден Дәулет есімді ұлы дүниеге келді. Бірақ Мұхамеджан ұлы дүниеге келгенде темірторда жатқан еді. Баласының болашағына алаңдап, ұлына өзінің тегін бермесін деген сәлемін жолдайды. «Мен туған кезде әкем түрмеде болатын. Кейін ақталып шыққаннан кейін де айдауда жүрдік. Ташкенттегі, Воронеждегі тұрмысымыз есімде. Менің тілім кеш шыққан. Әкем: «Сенің отаның – Алматы, сен инженер болуың керек» дегенді сол кездің өзінде құлағыма құя беретін. «Менің отаным – Алматы» деп өзі айтып, маған қайталататын. «Мен инженер боламын деп айт» деуші еді. Әттең, ол кісінің бұл өмірден ерте озуына біреулер себепкер болды. Кейін әкемнің аманатын орындап, мен инженер болдым» дейді ұлы Дәулет Шейх-Әли.
Қуғын-сүргіннің мұнымен аяқталмайтынын түсінген Мұхамеджан Тынышбаев әйелі мен ұлын Әмина Шейх-Әлидің Уфадағы туыстарына жібереді. Осылайша өзі Батыс Қазақстан арқылы Ташкентте тұратын үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Мұнда да көп тоқтамай бірден Қандыағаш-Гурьев теміржолының құрылысына жұмысқа орналасады. Алайда денсаулығы күрт нашарлап, Ташкентке оралуға мәжбүр болады. Ақырында оны 1937 жылы 21 сәуірде Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқындайды. Осылайша қазақтан шыққан тұңғыш инженер өзі секілді қуғынға ұшыраған тағдырластарымен бірге 1937-1938 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесіледі.
Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері 1969 жылы ғана ақталды. Әйелі Әмина Шейх-Әли дүние саларынан жарты жыл бұрын ғана күйеуінің ақталғанын естіп, бұл дүниемен көңілі жайланып қоштасқан екен.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + nine =