Қазақтың тұңғыш бишісі

Елордада - есімі

0 85

Атақты биші Шара Жиенқұлованың «Өнерім менің – өмірім» кітабы оқуға қызықты, ерекше тартымды. Замандастар бұл кітапты бала кезде оқып, атақты бишінің өмірі туралы сырға қанық болған шығар дейміз. Қазақта «сүбелі үлесі бар» деген тіркес бар, яғни айрықша, елеулі мағынасында. Бұл сөз Шара Жиенқұловаға қатысты өте әділ теңеу болар еді. Ол – ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеген, «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» сияқ­ты билерді шығарып, би арқылы халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін насихаттаған, халық биіне жаңа дем, жаңа сипат берген адам. Осындай ғажайып биші, қазақтың би өнерінің реформаторы болған адамға елордадан бір көшенің бұйырғаны – игілікті іс. Ш.Жиенқұлова көшесі қаланың оң жағалауында, И.Панфилов пен М.Лермонтов көшелерінің қиылысқан жерінен басталып, Б.Бейсекбаев көшесінде аяқталады. Күлтегін, Абыралы, Л.Толстой сияқты қысқа көшелерін және Ә.Сембинов көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 1727,7 м.

Өмірін биге арнаған

Шара Жиенқұлова – қазақ би өнерінің алғашқы қарлығашы, сонымен бірге «қазақта би жоқ» деген түсінікті бұзған кәсіби маман. Шара Баймолдақызы – Польша, Чехославакия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Франция, Италия, Моңғолия, Үндістан, Иран, Сирия, Ливан сияқты елдерде қазақтың ұлттық би өнерін көрсетіп, насихаттап, сонымен бірге сол елдің ұлттық би үлгілерін бізге жеткізе білген хас шебер. Соғыс жылдарында Қазақстанға жіберілген өнер қайраткері Галина Улановадан бірнеше би үйреніп, өз репертуарына қосумен бірге, атақты бишілер Тамара ханум, Махмуд Эсенбаевпен бірге шығармашылық байланыста болып, би сырына қаныққан. Сөйтіп, қазақ биіне өз қолтаңбасын салған. «Маған көп адамдар «қазақ халқында би болған ба?» деп сұрақ қояды. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы, бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына келтіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Халықтық қолөнер – кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимылдары. Мені халқым бірінші биші деп атайды, сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен халықтан жинап жүріп неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шығардым» деген екен ол бұл турасында.

Театрдан басталған өнер жолы

1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген бишінің о бастағы азан шақырып қойған есімі Гүлшара екен. Әкесі Баймолда Жетісу өңіріне әйгілі молда болған. Қарап тұрсаңыз, Шара Жиенқұлованың тағдыры ерекше, жалпы би дегенің қазақ ішінде танылуы, таралуы сиректеу өнер түрі десек, осы күнгі кішкентай қыздар секілді буыны қатпай жатып ешқандай би мектебіне, студияларға бармаған, кәсіби хореографтың алдын көрмеген молданың қызы бар болғаны он алты жасында «Биші қыз» атанған. Ал үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған. Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі – оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі екен. Кейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз» қойылымдарында басты рөлдерді сомдаған Шара апамыз 1934 жылы жұмысын Музыкалық драма театрында (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ опера және балет театры) жалғастырған. Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларына да қатысқан. 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, басқа жұртты ұлттық би өнерімен таң қалдырған. Сол кезде көрермен «Қазақ деген халықта да би өнері бар екен-ау, мың бұрала билейтін бишісі қандай?!» деп таңдай қағысқан. Бұдан әрі бишінің өмірінің шарықтау кезеңі басталады, 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман – Мамыр» қойылымында Жиенқұлова басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындайды. Балетмейстер Л.А.Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н.Надировтың «Көктем» балетін қояды. 1940-1962 жылдар аралығында өнерге қызметін Қазақ филармония­сында жалғастырады.

Жауынгерлерге танк сыйлаған

Өз өмірінде 1938 жылдың аса жемісті жыл әрі шығармашылық дамуда керемет кезең болғанын биші өзінің ғұмырнамалық «Өнерім – менің өмірім» кітабында айтып өтеді. Атақты «Қалқаман – Мамыр» қойылымынан кейін оған Қазақ КСР-нің халық артисі деген атақ беріледі. Сол жылы қазақ кино өнерінің алғашқы жетістігі – «Амангелді» фильмі түсіріліп, Амангелді батырдың бейнесін – Елубай Өмірзақов, ал оның жары болып Шара апамыз ойнап, сұлу бейнесімен, биімен көрермен есінде қалады. Бұл бір жағынан, қазақ өнерінің үлкен бір белесі десек болар, өйткені тұңғыш қазақ киносы қазақ тілінде түсірілген, «Амангелді» фильмін сол заманда бүкіл одақ көрген.
Биші өнерімен жарқырап көрініп, ел басына күн туған шақта да сол ғажап өнерімен майдан даласында от кешкендерге қолдау білдірген. Майдан шептерінде «Молдабай», «Шахтер», «Бүркітші» сияқты қазақ билерімен қоса әлем халықтарының биін орындап, халықтар достығын насихаттайды. Тіпті жиған-терген ақшасына танк сатып алып берген екен. Өнер қайраткерінің осы әрекетінің өзін ерлікке балауға болар еді.
Шара өзінің жеке ансамблімен Қазақстанның, одан әрі Одақ көлемінде, шетелде өнер көрсетіп, көпшілікке танылады. Осындай ұзақ жолда сапарлас болған әнші сіңлілерінің бірі – Сара Мамытова «Шара – табиғи дарын. Ол ән айта жүріп, би билейтін. Әр биге арнайы костюмі болушы еді, қырғыздың «Перизат-ой» әнін айтса, кәдімгі қырғыз қызы айтқандай, «Бүркітші» биін билесе, қолына бүркіт ұстап, тымақ, шапанын киіп ерлерше билейтін. Оған құдайдың берген қасиеті осындай еді».

Өнерінің өзегі – кітап

«Егемен Қазақстанда» белгілі журналист Айгүл Аханбайқызының жазушы Шәрбану Құмаровадан алған сұхбатынан тағы да бірер сыр­ға қаныға түсеміз. Жазушы Шәрбану Құмарова кезінде Шара Жиенқұлова құрған «Қырық қыз» деп аталатын би ансамблінде биші болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Өйткені бұл кісінің жазушы ретінде жақсы таниды ғой. Сонымен бірге «Өнерім менің – өмірім» деп аталатын Шара Жиенқұлова туралы өмірбаяндық романды жазған адам да осы жазушы Шәрбану Құмарова екені көпшілікке беймәлім. Кейін уақыт өте келе ғана бұл туралы айтады. Осы Айгүл Аханбайқызы алған сұхбатта жазушы: «Шара – қайшылықты тағдыр иесі. Бай да болған, кедей де болған, бір терінің ішінде неше толып, неше арықтаған, қиын да қызық өмірді бастан өткерген кісі. Мейірімді, сұлу, өнерлі. Ер адам түгілі, әйелдің өзі елігетін болмысына барлық қасиет қонақтаған қызықты талант иесі туралы жазсам, оқырманды бей-жай қалдырмайтынын іштей сезіп жүрдім. Ойымды Шәкеңнің өзіне айтып көріп едім, қарсы болмады, бірден келісімін берді. Осы ойымды баспа директоры Әбілмәжін ­Жұмабаевқа да айттым, ол кісі тіпті қуанып кетті. Біріншіден, кейіпкерімді өте жақсы көргендіктен, екіншіден, өте жақсы білетіндіктен болар, кітап өте қызықты жазылды. Обалы қанекей, Шараның архивте сақталған материал­дары мен деректері мол болып шықты. Шара туралы жазылған кітапты оқырманның жылы қабылдағаны сондай, «Өнерім менің – өмірім» екінші рет басылып шықты. Менің қателігім, тым кішіпейіл болдым ба, кітапта «әдеби жазған Шәрбану Құмарова» деп қана жазған екенмін» деп сыр ашады жазушы.

Бір өзі – бір мектеп

Деректерге қарағанда, Шара Жиенқұлова 1945-1961 жылға дейін қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония­сында, 1961-65 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде концерттік бригадамен өнер көрсеткен. Жасы елуге келген шағында сахна өнерін қойып, ұстаздық қызметке ауысыпты. 1965-1975 жылдары Алматы хореография училищесінде басшылық қызмет атқара жүріп, шәкірт тәрбиесіне ерекше назар аударады. 1968 жылы «Қыз Жібек» спектаклінің балеттік қойы­лымын жасап, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, хореография өнеріндегі сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Ұстаздың төккен тер, сіңірген еңбегі далаға кетпейді, училище түлектерінен құрылған «Алматының жас балеті», кейін «Мемлекеттік классикалық би ансамблі» деген атаққа ие болады. Үлкен бір шоғыр дарын иелері келеді, атап айтсақ, Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Раушан Байсейітова, Гүлжан Талпақова, Ботагөз Байжұманова, Ғалия Тоқтарбаевалар Шара Жиенқұлованың ізбасарлары, кейін келе өздері де би өнерін шыңға шығарған шеберлерге айналды. Қазақ би өнеріне жаңаша дем берген, биікке шығарған, жеке өмірі өкінішке толы болса да, бүкіл ғұмырын өнерге арнаған, қаншама шәкірт тәрбиелеген осындай аңыз-адамның есімін келешек ұрпақ білуі тиіс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + four =