«Қазақтың» сөзі әлі күн тәртібінде

0 92

Ескіше күнтізбемен екінші ақпанда, жаңа күнтізбемен он төртінші ақпанда шыға бастаған «Қазақ» газетінің биыл ғасырлық тойы. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары іргесін қалаған басылым тоталитаризмнің тас құрсауына қарамастан, ұлттың мүддесін батыл қорғаштап, қаймықпай қызмет еткенін архивтегі сарғайған парақтар растайды. Онда Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов сынды аяулы азаматтардың күллі қазақты күрескерлікке, сәулелі күнге шақырған жазбалары жарияланды. «Қазақ» қоғамдағы күрмеуі қиын түйткілге айналған ұлттың үнін, мұңын, жырын ту етті. «Қазақ» азаттық аңсарын тірілтті, елдің үмітін маздатты, рухын оятты. Сондықтан, әміршіл жүйе оны тұншықтырып тынды. Сондықтан, газет ұлт ұрпағының жадында мәңгілік сақтала береді.

Газеттің жүз жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шаралар легі басталып кетті. «Дипломат» қонақ үйінде бас қосқан зиялы қауымның да әңгімесінің төркіні осы тойға арналды. Мұнда жиналған алаштанушылар, тіл мамандары мен ғалымдар «Қазақта» көтерілген мәселелер әлі күнге күн тәртібінде тұрғанын баса сөз етті. Бүгінгі қоғамдағы ұлттың өзге де түйінді мәселелерін айтты.

Қайрат Сақ,
филология ғылы­мының кандидаты:

Жиырмасыншы ғасырдың ба­сындағы Алаш зиялыларының орталығы, ақыл ойының ұясы, қазақ санасының оянуына, серпілуіне ұйтқы бол­ған «Қазақ» газетінің тарихы, тағы­лымы, тәрбиесі бүгін де өзек­ті. Жалпы, әр ғасырдың ба­сын­да ұқ­сас­тықтар бар. Жиырма­сын­шы ғасыр мен жиырма бірін­ші ғасырды салыстырсақ, кезін­де «Қазақ» газетінің бетінде кө­те­­ріл­ген, қоғамдық қозғау сал­ған мәселелер бүгін де маңыз­­ды­лы­ғын жойған жоқ. Сон­дықтан, газеттің жүз жылды­ғына арналған дөңгелек үстел тек мерейтой ғана емес, бүгі­німіз бен болашағы­мызды ай­қындау үшін де, ұлты­мыздың бағ­дарын, бағытын білу үшін де керек.

Кезінде Мұхтар Әуезов «Қа­зақ­қа» былай баға берген екен: «Қазақтың» сүтін еміп өскен бір буын осы күні іс майданында жүр. Екінші буын «Қазақ» газетінің табалдырығынан жаңа аттап жатыр». Сол «Қазақ» мектебінен тәрбие алғанның бірі – Мұхаңның өзі. Ол мектеп кейін де жалғасын тапты. Кешегі кеңес заманында да Алаштың түлектері ұлттың даң­қын аспандатып, әлемге та­ныт­қан. Мәселен, баһадүр Бауыр­жанды Алаштың тұяғы десек, жаңыл­маймыз. Алаштың нәрін бойына сіңіргендіктен, кеңес дәуі­рінің өзінде қатайып, қаса­рысып, тегін «Момышұлы» деп жаз­дырған.

Сейіт Қасқабасов,
Ұлттық ғы­лым академиясының акаде­мигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Біз «Қазақ» газетінің алдында да қазақ басылымдарының бол­ға­нын ұмытпауымыз керек. Он тоғызыншы ғасырда «Түр­кістан уәлаяты» деген газет болған. Одан кейін «Дала уәлая­ты» шықты. Оларда қазақ мәде­ниетіне, руханиятына қатысты мақалалар басылды. Ұлттық мүд­­дені ту еткен дүниелер де жа­рия­ланды. «Қазақ» – Ахмет­тердің «ұлт үшін не істей аламыз» дегенінен туған газет. Сон­дықтан, онда ұлттық мүддені қаузаған материалдар мол болды. Солардың бірі – Ахаңның «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақаласы. Бұл 1904 жылғы хакім жайында жазылған Әлиханның мақаласынан кейінгі ғылыми жазба болды. Абайдың шығармаларындағы ұлттық идеялар зерделенген онда.
Тағы айтайын дегенім, жақында ғана Президент «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлі Жолдауын жария­лады. Яғни, біз Сайлау сөз еткендей, өтпелі кезеңнен өтіп кеттік. Біз – қалыптасқан елміз. Бас құжатта «жиырма бесінші жылға дейін Қазақ мемлекеті атанамыз» деген жолдар бар. Құдай соған жеткізсін! Алайда, соңғы кездері үш тұғырлы тіл дегенді шығарып алдық. Осы орайда, Ахаңның сө­зіне жүгінгім келеді. «Әр адам өз тілін бес жасына дейін меңгеру керек. Әрі қарай басқа тілді мең­геру қиындыққа соқпайды» деген. Ал, біз ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытып жүрміз. Оқушының тілі ертең қандай қойыртпақ болатынын білмеймін енді…

Оразгүл Асанғазы,
Парламент Мәжілісінің депутаты:

Расында, бір ғасыр бұрын «Қа­зақ» газеті кө­терген мәселелер бү­гін де сал­ма­ғын жоғалтқан жоқ. Сол басы­лым ар­қылы Міржақып Ду­латов «Жол ұзақ, ғұмыр қысқа. Қол­­дан келгенше шаруа тындырып кетейік» деп айтқан екен. Аста­­надағы Орынбор көшесінің бойын­да «Мәңгілік ел» салтанат қақ­пасы ашылды. Осы «Мәңгі­лік елді» жасауды жар­қын мақ­сат ет­кен Ел­басы Жолдауы жа­рия­лан­ды. Осы бағытта бәрі­міз қызмет етуге тиіс­піз. Ал, жур­на­листер қауымы Ахметтің, Мағ­жан­ның, Әлиханның айтқан­дарын жаңғыртып жатса, біз ұтыл­маймыз. Алаш арыстарының қысқа ғұ­мырында көтерген, қоз­ғаған мәселелері біздің де тағды­рымызда, жолымызда кездесіп отыр. «Бізге ештеңе қалмапты, бәрін шешіп кетіпті» деп айта алмаймыз. Олар ұлттың мәселесін ашып, аршып, сол ұлттың алдына қойып кеткен. Біздің не істеу керектігімізді тасқа басып, жеткізген. Сол қай­рат­керлердің рухы разы болсын, қолдап, қол­паш­тап жүрсін десек, бүгін­гі қа­лам­герлер Алаштың сөзін ұлт­тың санасына жеткізе орнықтыру қажет.

Құдайға шүкір деу керек, ұлт­тың кез келген мәселесі заңда көр­се­тілген, енгізілген, бірақ, со­ларды ат­қарушы биліктің то­лық орындамай жүргенін газет беттерінен батыра-батыра айтуы­мыз керек. Мәселен, қазіргі кезде мемлекеттен тиесілі жерін алып, пайдаланбай жатқандар бар. Бірақ, ол пайдаланбайын деп пайдаланбай жатыр ма, әлде, техникасы немесе қаражаты жоқ па?.. Ал, осы техника мен қа­ра­жат кімнен сұхбат алса, қай ше­неунікті сөйлетсе шешіледі? Міне, жур­на­листер осындай түйінді дү­ние­лерді көтере білгені жөн. Негізі, бүгінгі журналистердің де жұ­­мысы маңызды һәм көп. Қо­ғам­ды оятуда, елді оятуда, же­тесі кем жетесіздерді оятуда жур­на­листердің арқалар жүгі ұшан-теңіз.

Қазақтың қазақпен қазақша сөй­лесу керектігі кешегі Жолдауда Елбасының аузынан екінші рет айтылды. Журналистер орыс сы­ныбында оқып жүрген қазақ бала­ларымен тілдесіп, орыс тілді шенеуніктердің соңына түссе, «қазақ тілі бірінші сыныптан бас­тап оқытылады» деп сайраған министр де аспаннан жерге түсер еді.
Ахметтер, Әлихандар – мәң­гілік адамдар, Алланың берген аз өмірін халқына арнағандар, ұлты үшін, елі үшін отқа түсіп, күймеген кісілер.

Өмірхан Әбдиманұлы,
филология ғылымының докторы, профессор:

…«Қазақ» газеті әу бастан ұлт-азаттық, саяси қозғалыстың орталығына айналған. Мұндағы ойдың барлығы өркениетке тек еркіндік арқылы жетуді түсіндіру, түйсіндіру болатын. Бәріміздің аузымызда Ахметтің «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі жүр. Ахаңның осыны түсіндірмесіне үңілсек, «Газет ха­лықтың лақпасына қажет» дейді. Яғни, адаспасына. Газет арқылы халықтан шыққан көсем­сөзшілер жол нұсқайды, оқу-ағартуға үндейді. Осы тұрғы­дан келгенде, «Қазақ» ай­тыл­ған міндеттің үдесінен шықты. Ахметтің тағы былай дейтіні бар: «Еділден Ертіске дейін, Арқадан Ауғанстанға дейін тұтасып жатқан бір тектес халық едік. Ертеңгі күнімізде осы бірлік бола ма, болмай ма?.. Осыны ойлап, ұлтымыздың атын газетке қойдық». Яғни, Ахаңдардың сол кездегі пейілі, ойы елдің бірлігі, жердің бірлігі еді. Осыдан бастап мына мәселелер алға шығады: жер, саяси билік, оқу ағарту, дін.

Ахмет ұлы адам ғой, ұлы адам­ның сөзі де ұлы болады. «Мен өл­сем, өлемін жөнімменен, Тәнім­нен басқа не алады өлім менен? Өлген күні апарып тығары көр, Мен жоғал­маймын мәңгілік тәнім­менен. Мен емеспін ойлайтын бір күнгісін, Тәніммен бірге көміл­мес еккен ісім. Жұрт ұқпаса ұқпа­сын, жабықпаймын, Ертең үшін, менікі ертең үшін» деуі де бекер емес. Барлық зиялылардың атасына айналған Ахмет қазаққа «Қазақ» газетін әкелді.

Кешегі Президент Жолдауы­нан кейін, бүкіл жоғары мектеп­тегі оқу жүйесі өзгермек. Біз енді кәсіби маман дайындауды ойластырудамыз. Оның басты мақсаты – құдіреттілік. Мамандықтың құдіреттілігі. Қазіргі білім саласында мамандыққа қатыссыз пәндер көп. Осыны қайта қарауда саяси ой жүруде.

Ахаң латын тіліне қарсы болды. Неге? Себебі, біздің араб тілімен қалыптасқан алфавитіміз бар еді. Біз басқа елдің құрамында бол­дық, соның құлы едік. Ахаң, әрине, қарсы болады. Бүгінде, керісінше, азат ойға көтерілу үшін, елдігімізді сақтап қалу үшін латынға көшуіміз керек. Осы мәселені діттеп қойға­нымыз жөн.
Қазір «Қазақ» газеті сөз бола қалса, зерттелмей жатқанын ай­ту­шы­лардың қатары көп. Ол – дал­ба­са­ла­ған­дар. Себебі, «Қа­зақ» үш кезең бойынша зерт­телді. Алғашқысында Ахаң­ның өзі зерттеді. Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды ұлылар­дың бәрі зерттеді. Отызыншы жылдан кейін тоқтап қалды. Бірақ, шет елде тоқтаған жоқ… Сексенінші жылдардан кейін қайта қолға ала бастадық. Енді бұл басылымды сала-саламен зерттеуіміз керек. Меніңше, «Қазақ» қойған мақ­сат-мүдде – қазақта мәңгілік мақ­сат мүдде. Әрине, алдыңғы толқын кейінгіге еш уақытта көңі­лі толған емес, қай жағынан да. Бірақ, келер ұрпаққа осы мақсат­ты жеткізуге міндеттіміз.

Сабыржан Шүкірұлы,
Қазақ­станның еңбек сіңірген мәде­ниет қайраткері, жазушы:

«Қа­зақ» газетінің жүз жылды­ғын мерей­летіп отырғанымыз – тәуелсізді­гіміздің белгісі. Тарих­тан білеміз, жоңғар шапқын­шылы­ғының, орыс отаршылығының, басқа да қысымдардың әсерінен Ресейге бодан болдық. Ресей алғашында тыныш болғанымен, өз саясатын, үстемдігін жүргізе берді. Содан кейін, ұлтымыз мем­лекеттігінен айырылды, гу­бернияларға бөл­шектенді. Сауат­тандыру орыс мектептері арқылы жүрді. Негізгі мақсат – шоқындыру еді. Үстемдік қазақ тілін татар тіліне ауыстырумен жалғасты. Осы кезде Ахмет, Міржақыптар батыл үн танытып, қарсы тұрды. Әлихан «бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп қиналып, мақала жазды. Ал, қазір он бес миллион қазақтың тілі жоқ деп жүргендер бар Жириновский сияқты. Ол Ресейдің беделді партиясының жетекшісі, думаның депутаты. Яғни, бір партияның пікірі солай. Демек, Ресейдің белгілі бір тобы, бөлігі қазақты ұлт деп санамайды.

Өткен жылы қазақ әліпбиінің жүз жылдығын, Ахаңның жүз қы­рық жылдығын атап өттік. Бүгін «Қазақтың» жүз жылдығы… Сол «Қазақ» газеті көтерген ке­ле­лі мә­селелер тағы алдымыздан шы­ғуда. Олар бүгінгі басы­лым­­дар­дан да жақсы көрініс тауып, зерделеніп, зертте­ліп жатыр. Солар­дың бірі, маған қат­ты ұнағаны – «Егемен Қазақ­станның» биылғы бірінші санына шыққан Қайрат Сақтың «Дала қоңырауы» деген мақаласы. Онда бір жақсы ой бар: Тәуелсіздік алғаннан кейін «Социалистік Қазақ­стан» газетінің атын өзгер­ту мәселесі күн тәртібіне қойыл­ған. Ұсыныс­тардың бірі «Қазақ» деп атау болған еді. Бі­рақ, олай деуге, «Қазақ­тың» жал­ғасы деуге дерек жетіспеді. Ол кезде бас редактор Шерхан Мұр­­таза, мен орын­басары едім. Екін­ші кедергі, Оразаев деген кісі «Қазақ» деген атаумен байырғы «Қазақты» жаң­ғыртып шығарып жіберді. Министр­лік тарапынан да бір атауды екі басылымға беруге бол­майды деген пікір болды. Осы себеп­термен бастама тоқтап қалған. Ал, әлгі «Дала қоңырауы» мақала­сынан кейін, «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің бастауында «Қазақ» газеті тұр деуге то­лық құқылымыз. 1918 жылы «Қазақ» газеті жабылысымен, 1919 жылы «Ұшқын» газеті шыға бастайды. Оны ұйымдастыруға Ахаң қатысады да «Қазақтың» баспасын, құрал-жабдықтарын «Ұшқынға» береді. Бұл кезде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алашордашылар ұлттық мемлекет қалыптастырудан күдер үзіп, қызылдармен бітімгершілікке келіп, билікке жақындап жат­қан. Осы тұрғыдан «Егемен Қа­зақстан» газетінің атауын «Қазақ» деп ауыстыру – бүгін­де көпшіліктің көкейіндегі ой. Бұл Елбасы айтқан «Қазақ мемлекеті» деген оймен ұштас болар еді.

«Қазақ» газеті көтерген мәсе­ленің бірі тіл дедік. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде, қолданыс аясы тар, ғылыми-техникалық салада шектеулі. Терминология тоқырап қалды, ономастикамыз тағы да даулы. Оның үстіне «үш тұғырлы тіл» деген жүр, одан латынға көшеміз деген ұран шықты. Латынға Ахаңның қар­сы болғаны белгілі, сол қарсы­лық қарсылық болу керек. Латын бізге ешқандай келешек бермейді. Себебі, латын ұлттық әліпби бірлігіне жеткізбейді. Бізді жиырма алты қаріптік әліп­биге апарып салмақ. Бұл Ахаң айтқандай, «шошқа» деп жазып, «ит» деп оқуға мәжбүрлейді, ортағасырлық кері кетуге апарады. Біз ағылшындар, француздар, немістер құтыла алмай жүрген торға барып түспекпіз. Олар әліп­билерін амалсыз өзгерте алмай отыр, бірнеше ғасыр бұрын­ғы мұраларынан айырылып қалу қорқынышы басым оларда.

Қайрат Сақ: «Платон – менің досым, шындық одан да жақын досым» деген. Сабыржан аға, Ахмет Байтұрсынұлы кирилл жазуына біртіндеп өтетінін білді ғой. Және латын жазуын отаршылдық жүйе енгізіп жатқанын ұқты. Отаршылдық жүйенің мақсаты біреу-ақ, қазақты жұту, жою. Енді, біз – тәуелсізбіз. Латын жазуынан қорықпауымыз керек. Себебі, латын әліпбиіне көшу арқылы орыс тілінің озбырлығынан құтыламыз. Шындығында, Орхон-Енисей жазуына көшкеніміз өте дұрыс. Бірақ біз оған дайын емеспіз, ұлт­тық санамыз әлі оған жеткен жоқ, шамамен жүз жылдай уақыт керек болар. Бір кезеңде ол да көтерілуі мүмкін. Орхон-Ени­сейге көшсек, түркі тілдес ұлт­тың бірігетін, рухтың тірілетін шағы туар еді. Ол күн де туар, тәуел­сіздігіміз баянды болса. «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясы­ның бағыты – Мәңгілік ел. Мәңгілік ел – Алаштың идеясы. Мәңгілік ел болу үшін сапалы ұлт керек. Сапалы ұлт саналы ұрпақ тәрбие­леумен байланысты.

Сайлау Батыршаұлы,
экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның дипломатиясына еңбегі сіңген қай­раткер:

Мен тәуелсіздіктің қалай келге­нін, қалай туғанын көзіммен көрдім, басы-қасында болдым. Бір шындықты айтайын, «Қазақ» газеті көтерген азаттық рухын жиырмасыншы ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарында қазақ қайта жандандырды. Ақырында, одақтас елдердің бәрінің шындыққа көзі жетті, түсінді, сана-сезімі оянды. Сол жылдары басталған тәуел­сіздік үшін күрестің соңында совет одағы ыдырады…
Біздің қазіргі жағдайымыз –өт­пелі кезең. Қайда бағыт аламыз, солай ауытқимыз. Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік алу оңай бол­ған жоқ. Енді елдігімізді, еге­мен­дігі­мізді сақтау одан да қиын» деп бірнеше рет айтты.

Амантай Шәріп,
филология ғы­лымының докторы, профессор:

Ахметті, Әлиханды, Міржа­қыпты бірсыпыра зерттеп, жазып жүрміз. Бұлар жарқыраған жұлдыздай болғандықтан, айналасындағы көмескі кісілердің көрінбей қала­тын кездері болады. «Қазақ» га­зетінің бас жазушысы Ахмет Бай­тұрсынов. Шығарушысы, бүгінгі тілмен айтқанда құрылтайшысы Мұстафа Оразаев дейді. Оның бергі жағында, осы әулеттен Ахмет Ишан Оразаев бар. 1917 жылы Алаш қозғалысы кемеліне келген уақытта Ахметтің де, Әлиханның да, Міржақыптың да газетке қарауға мұршалары болмай, «Қа­зақтың» тізгінін жабылғанға дейін Әбдіқали Жүндібаевқа, Жанұзақ Жәнібековке берген. Ол кісілердің атын атап, еңбектерін айту керек. Алаш арыстарын айтқанда, олардың да есімдері қалмауы тиіс.

Сейіт аға «Қазақтың» алдын­дағы басылымдардың да барын ұмыт­пауымыз керек екенін айтты. Ме­ніңше, «Қазақтан» кейінгі га­зеттерді де назардан тыс қал­дыр­маған жөн. «Қазақ» газеті­нің ықпалы өте күшті болды. Ста­линнің пәрменімен 1925 жылы «Ақ жол» газеті жабылғанға дейін «Қазақтың» рухы, ықпалы жойыл­ған жоқ. «Қазақтың» шапанынан шыққан «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Ұран» газеттері, «Абай» журналы сынды басы­лымдар, кеңес заманының өзіндегі Алаш зиялыларын маңына топтас­тырған, бас шығарушысы Міржа­қып болған «Ақ жол» газеті, Таш­кент­тен шыққан «Сана», «Шол­пан» жур­налдары, оның сыртында Мәскеуден шыққан «Темірқазық» журналы қазақтың айбынын, рухын бірден құлата қойған жоқ. Бар-жоғы үш-ақ ай шық­қан «Темірқазық» журна­лына биыл тоқсан жыл. Осы орайда, Мәскеудегі елшілігімізге құлақ­қағыс етіп қойсақ, онда да осындай шаралар ұйымдастырылса деген тілек бер.

Ендігі мәселе, «Қазақ» газетін өз арамызда қаузай бермей, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстардың аясында қарастыратын кез келген сияқ­ты. Өйткені, Латын Амери­касының, Үндістанның немесе Афри­каның тарихына үңілсек, әрқай­сысының өзінің Ахметі, Әлиханы болғанын көреміз… Сонда әлемдік қауымдастыққа кіріп отырған Қазақстан ұлттық рухын, тәуелсіздік рухын жаңаша қырынан көрсетер еді.

Ербол Тілешов,
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, филология ғылымының кандидаты:

Жақында Аbai.kz сайтында «Астана Алашқа теріс қарайды, алакөздене қарайды» деген мазмұнда мақала шықты. Бұл жалған. Әкімді мақтағаным емес, басқарманы жақтағаным емес, Алаштың тоқсан жылдығы ең алғаш Астанада тойланды. Елордада Алаш қайраткерлерінің атында жиырма жеті көше бар. Бұл жағынан бізбен Шымкент қана теңесе алады. Мұнымен қатар, біз былтыр ғана басқармадан қаржы бөліп, он екінші желтоқсанды Алаш күні деп, атаулы датаға енгіздік. Бұл дәстүрлі мерекеге айналуға тиіс, өзіміз де атсалысатын боламыз. Күндердің күнінде мем­лекеттік мереке болуы да ғажап емес. Өйткені, он екінші жел­тоқсанда Алаш автономиясы жария­ланған. Әлімхан Ермеков жұрттан сүйінші сұраған. «Бүгін Құдай берді, сағат үште Алаш автономиясы жариялана­ды» деп қазақ газеттері арқылы жар салған. Тағы айтарым, енді Алаш күрескерлеріне ескерткіш орнату, нысандарға есімдерін беру жұ­мыстары қолға алына бастайды. Қазір Ахмет, Әлихан­мен басталған он-он бес алашордашы­ның тізімі жасалды. Бірақ, бір кілтипан бар, Ономастика туралы жаңа заңның қиындығы десек те болады, енді қалалық ономастика комиссиясы ештеңе бекіте алмайды. Республикалық оно­мас­тикалық комиссияға ұсы­ныс қана жасай аламыз, солар бекітеді. Бүкіл облыстық комиссиялар респуб­ликаға қарайтын болған­дықтан, соңғы мораторийден кейін, онда ұзын-сонар кезек болуы мүмкін. Бұл да шаруаны қиын­датары сөзсіз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + fourteen =