ҚАЗАҚТЫҢ «ҚОҢЫР» ДАУСЫ

0 154

qongyr466

Жуырда «Қазақстан» орталық концерт залында «Қоңыр» тобының есептік кеші өтті. Астананы дәстүрлі әнімен қалықтатқан өнерпаздарды көрермен зор ықыласпен қабылдады.

Өзінің ұлттық нақыштағы бағдарламасымен халықтың көңілінен орын алып жүрген топтың тыңдармандары қошаметтерін көрсетіп-ақ бақты. Орындалған әрбір әнге деген ықылас ерекше болды. Еліміздің батысы мен шығысы, Жетісу дәстүріндегі және халық әндері жиналғандарды тебірентті де серпілтті де. Әсіресе, «Нақ-нақ», «Угай, арман», «Бір бала», «Бесік жыры» сынды туындылар қашаннан көптің көңілін жаулап алған. Ал, белгілі композитор Тұрсынжан Шапайдың біршама әндері топтың тірек әндеріне айналып үлгірген.

Екі сағатқа созылған кеште халық әзіл-қалжың, махаббат сезімі, қыз қылығы, айтыс түріндегі «Көк шолақ» әндерін тыңдап, сергіп қалды.

Топ «Алтын бесік» сынды халық әнін жаңғыртты. Ән жазылған бойда тыңдармандардың ерекше сүйіспеншілігіне ие болып, халық арасына кеңінен таралып кетті. Осы атпен «Қоңырдың» алғашқы күйтабағы жарыққа шығып, бейнебаяны да түсірілді. Бұл тамаша әннің мәтіні мен әуенінің авторы – ақын әрі сазгер Жәудір Артықбаева. Ол автордың туған жерге деген сағыныш сезімінен туындаған екен.

Әдетте, даңғыр-дұңғыры, саңғыр-сұңғыры көп болатын эстрадалық концерттерден бұл кештің ерекшелігі – үлкен мен кішіні, жас пен кәріні нағыз  халықтың әнімен тербеткенінде.

«Қоңырдың» продюсері, жұртшылыққа танымал тележүргізуші, «Ән мен әнші» бағдарламасы арқылы елге танылған Сержан Молдасанұлының айтуынша, топ Астана жұртшылығымен қуана жүздесті. Бұған дейін біршама облыс орталықтарында болып, өздерінің концерттерін берді. Алайда, Астананың орны бөлектігін атап өткен продюсер көпшіліктің топты қолдап, ыстық ықыластарын білдіргеніне ризашылығын айтты.

Нұрлан МАНСҰРОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + twelve =