ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРІН ҚАСТЕРЛЕГЕН

0 288

кол онер

Қазақта он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері аз болмаған. Дегенмен, солардың көбі өздері жасаған баға жетпес құнды дүниелерін күнделікті тұрмыста қолданумен шектелген. Ал, М.Әуезовтің «Абай жолында» аталатын киізші Бисекенің ұлы Нұрлан киіз жабдықтарын Францияға дейін апарса, оның жұбайы Қалиман Мәскеуде өткен онкүндікке қатысып, қазақ өнерін күллі Кеңестер Одағына паш етіпті. Олардың ортаншы қызы жазушы Зейін Шашкиннің жары Мәриям Нұрланқызы Астанада тұрады дегенді естіген соң, «апама да барайын» деп көнекөзбен кездесуге асықтық. Сексен бестегі қариямен жүздесіп, әңгімелескеннен кейін біраз жайға қанықтық.

 

Әжейдің әңгімесі

«Киізші Бисеке – менің атам. Өзім ол кісіні көрген жоқпын. Бірақ, әке-шешемнен естуімше, атамыз Семейдің атақты байы болған көрінеді. Өзі киізшілікпен айналысып, кейін киізден жасалған бұйымдар шығаратын зауыт ашып, өнімдерін жер-жерге апарып, Ресейге де өткізіп жүреді екен. Қазақша-орысша сауатты атамыздың орысшаны үйренуіне бейтаныс бір әйелдің ықпал еткенін білемін. Орыс ауылында өскен әлгі келіншек орысшаға судай, мүлде акцентсіз сөйлейтін. Атамыз сол әйелді тоқалдыққа алып, бір жағынан аудармашы ретінде қасынан тастамай, сапарларға барғанда үнемі өзімен бірге ертіп жүретін болған. Сол да әсер еткен шығар, атамыздың  ісі өрге домалап, уақыт өткен сайын байлығы еселене түседі. Бейсеке жайында бар білетінім осы ғана» деп бір қайырды әңгімесін Мәриям Нұрланқызы.

– Әкем Нұрлан да осал адам болмаған. Жиырмасыншы ғасырдың басында Семейде сауда-саттық ісімен айналысқан бай саудагер, ірі финансист, дос-жараны көп, қолы ашық, бірақ, мінезі қатты, әсіресе, екі сөйлеген адамды қайтып маңына жолатпайтын болыпты. Анамыз Қалиманның айтуына қарағанда, әкеміз сауда-саттықпен айналыса жүріп дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған секілді. «Сері жігіт» атанған ол, өнер десе ішкен асын жерге қойыпты. Семейдегі үйге әнші Әміре келіп, талай той-думан өткен, Иса ақын желдірме жырларын оқыған. «Нұрланның әр сапары бір дастан еді ғой, шіркін! Бәрінен бұрын Франциядан ерекше көңіл-күймен оралды. «Қалиман-ау, сондай керемет, үш ұйықтасаң да, түсіңе кірмейді. Нет­кен сұлу қала!» деп Парижде болған күндерінен алған әсерін айтып тауыса алмайтын». Анам осылай деп айтып отыратын. «Сол заманда Францияға барып жүрген әкем тегін адам емес қой» деп ойлаймын мен де.

Бірақ, мен өзімді «байдың қызымын» деп санағаным да жоқ, мен байлықты көргем де жоқ. Керісінше, аса қиын кезеңдерді басымнан кешкен адаммын. Кәмпескені көрдім. Ашаршылықты бастан өткердім, ол аз десең, соғыс кезінде тылда жан аямай еңбек еттім.

Он екі-он үштегі кезіміз. Оқып жүріп майданға шұлық, қолғап, т.б. тоқимыз. Жаз шығысымен колхозға алып кетеді. Онда қырманға барып жұмыс істейміз. Ауыр-ауыр қаптарды арқамызға салып береді, соны апарып басқа бір жерге түсіреміз, одан қалса масақ тереміз. Қиындықтан бір көз ашпадым. Бала болып еркелеу, алаңсыз асыр салып ойнау деген біздің маңдайымызға жазылмаған. Пәленшенің қызымын деп айтуға қорықтық қой. Аузымызды бағып сөйледік. Тым жас болдым. Көп нәрсені түсінбедім. Көшедегі балалар «байдың қызына – өлім!» деп, тас атқылап, жүргізбейтін. Бейнеттене жүріп, қиындыққа мойымай, оқып, тырысып, қатарымыздан қалмай, әйтеуір, адам болдық қой. – Жанарынан тамшылаған мөлдір моншақтар әжейдің әжім басқан жүзін жуып жатты. Ұзақ үнсіздіктен соң, әжей әңгімесін қайта жалғады.

Семейде астын кірпіштен, үстін ағаштан салатын үйлер ерекше сәнге айналыпты бір кезде. Әжейдің айтуынша, үстіңгі ағашы жанып кетіп, астыңғы қабаты қалған сол үй арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де, осы күнге дейін бар екен. Онда қазір туыстары тұрады. «Әкеміздің танымалдығы соншалық, сол тұста бұл көшеден титтей де болсын ішіп алған адамның жүруіне рұқсат етілмеген екен. Тәртіп солай болған» деді әжей. – Талай-талай атпал азаматтар, қазақтың біртуар ұлдары дастарқанынан дәм татқан әкеміздің қарашаңырағы – Ертіс жағалауындағы еңсесі биік ақ үй. Кірген бетте сол жақтағы есігі жабық тұрған еңселі ағаш сарай – әкемнің ұстаған дүкені. Құшақ-құшақ кездемелерді қойып сатқан ағаш сөрелер, шатырлы кілет, тақтайлы кілет дегендер бертінге дейін болған. Кейін бәрі бұзылды.

 

Он саусағынан өнер тамған

«Шешем Қалиман он саусағынан өнер тамған ісмер еді. Тақыр кедей болып қалғанымызда, қолынан ине-жібі мен оймағын тастамай, жанымызды сақтап қалды ғой. Жиырма алты жасында шиеттей бес қызбен жесір қалған анамыз қиыншылықты көп көрді. Ашаршылық кезінде Голощекин саясатының құрбанына айналдық. Сол кезде менің анам ет комбинатының асханасына даяшы болып кіреді. Сонда аш құрсақ адамдар асханадан шыққан жуындыны қопарып, соның маңайына құмырсқаша үймелеп, жуындының арасынан тіске басар бірдеңе іздеп жүреді екен. Мұны көрген анам күресінге лапша дейсіз бе, крупа дейсіз бе, әйтеуір, асқазанға талғажау болар тамақтарды көбірек аралас­тырып төгетін болған. Сөйтіп,  ашаршылықтан әупірімдеп аман қалдық. Соғыс кезінде көрген құқайымыз да аз болмады. Бас көтерер ешкім жоқ. Жалғыз өзі ер адамның орнына ат арбамен жүріп, бізді жеткізді. Әйел адамның осыншалықты өжеттігін ешқашан көрген де, естіген де емеспін…» деді Мәриям Нұрланқызы.

Артынша ағасының баласын алып, жер жыртып, тары себеді. Үлкен қара қазанға қуырып, сол тарымен соғыстан шыққандарын, Абай ауданының Әуезов совхозында акушер болып жұмыс істеген үлкен апайының да көп көмектескенін ауыр күрсіне отырып есіне алды. «Бір кезде біз тұратын ауылға көп тоқыма жіп әкеліп төкті. Сол жіптерді алып, шешей ер адам демей, қыз бала болсын, бәрін қатарынан отырғызып қойып, шұлық, шөлке, күртеше тоқуды үйретті. Қиындықты сөйтіп қасқайып қарсы алып, тыным таппай еңбектенудің арқасында жеңдік қой, қалқам. Кейін анам Қалиман Алматы қалсындағы мемлекеттік музейде жұмыс істеді. 1954 жылы Мәскеуде қолөнер шеберлерінің онкүндігі өтетін болып, музейдің жабдықтарын алып, оған өзінің қолынан шыққан дүниелерді қосып, сол шараға қатысып қайтты. Сол жерде киіз үйдің ішінде үлкен адамдармен түскен суреттері де бар».

 

Қажымұқанды көзімен көрген қария

Өткен күннің белгісіндей ескі альбомды парақтай отырып, әжей сарғайған тағы бір суретті қолына алды. «Мынау Нұрлан мен Абдолла, – деді. – Екеуі де Бисекенің ұлдары. 1914 жылы Нижний Новгород қаласында жәрмеңке болады. Бай балалары сол жерде немістің палуаны Шмидт деген келіп, Қажымұқанмен күрескелі жатқанын естиді.

Қажымұқанды көрген Шмидт қаймығып, қорқа бастайды. Тек күшіне сенген балуанды жеңе алмасын іші сезген соң, қулыққа көшеді. Оның кедей екенін біліп алған Шмидт: «Маған дәл қазір 100 сом бермесең, сенімен күресуге шықпаймын» дейді.

Не істерін білмеген Қажымұқан аренаға жүгіріп шығып: «Мұсылмандар, барсыңдар ма? Кім маған қазір 100 сом ақша береді. Шмидт маған сондай шарт қойып тұр» дейді. Бай балалары ойланбас­тан екі жүз сомды тастай салады.

Қажымұқан күресте сөзсіз, жеңеді. Шыққан соң, балуан әлгі екі жігітті тауып алып, суретке түседі. Содан Бейсеке балаларының күш атасымен жақын туыстай қарым-қатынастары басталады. Кейін Семейге келген сайын Қажымұқан біздің үйге түсіп жүрді. Үлкен үйдің кең ауласында балуанның арбаға отыз шақты адамды отырғызып алып, тісімен тістеп сүйреткенін, халықтың сұрауымен есік алдында талай өнер көрсеткенін көзім көрді.

 

Орнында бар оңалар

Мәриям Нұрланқызы – атақты жазушы Зейін Шашкиннің үшінші әйелі. Олар Алматыда өзі «Дворянское гнездо» деп атайтын Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы үйде тұрды. Мәриям Шашкинаның айтуынша, Зейін Жүнісбекұлы өте мәдениетті, мінезі жұмсақ адам болған, біреуге дауыс көтеріп, өктем сөйлеп көрген адам емес еді. «Барлығымен де тіл табысатын. Орысша өте жатық сөйледі. Тоқаш Бокин туралы «Таң алдында» (Наступило утро) атты романын орыс тілінде жазды. Өмірінің соңғы жылдары жазудан бас алмады. Уақытының өтіп бара жатқанын бейне бір сезгендей, әр минутын тиімді пайдаланды. Менімен отасқан жылдары «Сенім» романы, бірнеше әңгімелер, «Ақын жүрегі» драмасы дүниеге келді. Ол пьеса М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрында сахналанды».

Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Артында үш айлық қызы қалды. Әжей қазір сол қыздары Гүлсімнің қолында тұрады. «Өмірімнің күзінде шыққан гүлім» дейтін балапанының былдырлап сөйлегенін, тәй-тәй басып жүргенін де көре алмағаны өзекті өртейді, әрине. Дегенмен, Гүлсім Зейінқызы кішкентайынан оқуға зерек, білімге құштар болып өсті. Ақыры, әке жолын қуып, ғылымға ден қойды.

Бүгінде Г.Шашкина Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитетінде бас сарапшы болып қызмет атқарады. Филиология ғылымының кандидаты, доцент. Екі қызы өсіп келеді. «Орнында бар оңалар» деген осы да.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =