ҚАЗАҚТЫҢ ҚОБЫЗЫ ДӘРІПТЕЛДІ

0 143

Aлғаш рет елордада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Тілеп Аспантайұлы атындағы жас қобызшылардың халықаралық байқауы өтті. Оған әлемнің отыздан аса елінен дарынды өнерпаздар қатысты. 

16

Игілікті шара басында «Қобыз» сарайының алдында Тілеп бабамыздың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Оған елордадағы игі жақсылар жиналып, Тілеп Аспантайұлы туралы, жалпы қобыз өнері жайында салиқалы сөз өрбітті. Қорқыттан бастау алған өнердің бүгінгі күні кең қанат жайғаны туралы әңгімеледі. Содан кейін әлемнен елордаға жиналған жас қобызшыларға арналған фестивальдің шымылдығы түрілді.

– Бүгінгі өтіп отырған бай­қаудың тағылымдық мәні зор. Мұндағы мақ­сатымыз – қазақтың қара қобызын әлемдік деңгейде танытсақ дейміз. Сол арқылы қазақтың мәдениетін асқақ­татқымыз келді. Күллі түрік­тердің атасы – Қорқыт бабамыз бәрімізге ортақ, – дейді ізгі шараны ұйымдастырушы Сапар Ысқақов.

Байқау екі кезеңге бөлінген. Қаты­сушылар алғашқысында Тілеп атамыздың бүгінге дейін сақталып келген үш шығар­маның бірін орындаса, екінші кезеңде – өзінің елінің шығармасын орындау қажет. Жас қобызшылардың өнерін сараптауға қазылар алқасына әлемдік деңгейдегі мәдениет саласының майталмандары тартылған. Оңтүстік Кореядан келген дәстүрлі өнер мектебінің деканы, профессор Jeong Soo Nyun еліміз жайында жып-жылы пікір білдірді. «Қазақстанға осыдан жиырма жыл бұрын келген едім. Қазір елдеріңіз адам танымастай өзгерген. Мүлдем жаңарып, дамып кетіпті. Осы сапарда қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен таныстым. Әсіресе, маған домбыра мен қобыздың үні ерекше ұнады. Олардан шығатын саздың да әуезі бөлек. Біздің елдеріміздің тағдыры ұқсас. Қазақстанды тәуелсіздік мерекесімен құттық­таймын!» деді ол.

Осындай ауқымды шараны өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі және Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұр­мағамбетов атындағы қор мұрындық болған.

Үш күнге созылған өнер бай­­қауы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жас өнер­паздар ішекті аспаптың сазды үнімен жұртшылықты әдемі әсерге бөледі. Көрермендерге көр­кем кеш сыйлады. Соны­мен байқау да өз мәресіне жет­ті. Кіші топтар арасынан Қырғызстаннан келген Жібек Мааданбекова үздік шығып, бірінші орынды иеленді. Үлкен топтан Оңтүстік Кореядан ат арытып жеткен Энху Чо-нің өнері жоғары бағаланып, жүлдегер атанды. Ал байқаудың Гран-при жүлдесін қанжығасына байлаған Қытайдан келген жас өнерпаз Хинг Ченг Тілеп бабамыз ұстаған қобызбен «Аллам жар» күйін нәшіне келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жеңімпаздардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Халықаралық байқау соңы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен гала-концертке ұласты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =