Қазақтың қара өлеңі – құдіретім

0 87

Өткен демалыста елордалықтар «Астана» концерт залына «Бетперде» заманауи өнер кешін тамашалауға жиналды. Бұл кештің авторы – біз бен сіз секілді жастар. Олар билетті сатқан ақшаға зал жалдап, қалғанын өз қалталарынан қосқан. Оның бір ғана себебі бар: «Өзіміздің өнерге өлердей тәуелді екенімізді түсіндік» дейді кеш ұйымдастырушылары. Иә, әр салада жүрген жастарды бір арнаға тоғыстырған да қазақтың қара өлеңі.

Кеш құрғақ әңгіме мен жыртығын жамауға келмейтін әзілден ада. Бір сарынға да салынып кетпеген. Көрерменін жалықтырмайтын, қоғамдағы адам баласына ортақ мәселелерді сахналай отырып ой салатын салмақты туындылар топтасқан. Концерттік бағдарламаны басынан аяғына дейін тізгіндеп жүргізген жүргізуші де жоқ. Әрбір нөмір бір-бірімен қиюын тауып жалғасты. Мұндайда кешті қандай кәсіби мамандар ұйымдастырды екен деген ойға қалуыңыз да ғажап емес. Бірақ концертті өнерге еш қатысы жоқ әр салада жүрген Руслан Жұбаныш, Салтанат Жағыпарова, Әсем Құлманова, Құндыз Мәжитова, Нұржауған Мұқанова, Тұрсынбай Сардаров сынды алты азамат ұйымдастырған. Иә, өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…

Қош, қара түнекке оранған үлкен сахнаның ортасындағы LED экраннан Исеке деген робот сәлем жолдады. Өзін олай таныстыруының да сыры бар екен. Құлағымызға Мақпал Жұмабайдың «Қара жәшік» өлеңі келді:
Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.
Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.
Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.
Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе
Сақтап қоямын…
Қара жәшік.
Осы соңғы шумақтан кейін роботқа айналған, қолындағы телефонына кіндігімен байланған ұрпақ сұлап түсті де, Жұлдыз Молдағалидың «Құрметті өлгендер» өлеңі оқылды. Сахнада театрланған көрініс те, пластика да, музыка да бар. Ең ғажабы, әлемдік хитқа айналған әндер қазақ тілінде жанды дауыста шырқалды. Майкл Джексонның «Олар бізді естімейді» (They don’t care about us) өлеңдерімен қатар, Абай әндері де ерекше үнмен тыңдарманға жол тапты. Кеш ортасына жақындағанда өмірден алынған 5 кейіпкер сахнаға шығып, күнде кездестіріп жүрген қазақ тілінің мәселесін әңгімелеп берді. Кештен виолончельдің де, пианиноның да, жетігеннің де үні естілді. Ең бір өзекті деген әйел мәселесі, пандемиядағы адам психикасы мен экология мәселелері де көтерілді.
Иә, біз күнде үйден шыққанда бетперде киеді екенбіз. Онымыз өз болмысымыздан ұялғанымыз емес, қатал қоғамнан қорғанғанымыз. Бұл кешке жиналған әрбір адам өзін бетперде сыртынан көргендей болды…

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + twelve =