Қазақтың қайсар тұлғасы

0 184

059d9084b60056199a2b1a27749e42de

Қазақтың біртуар ұлы Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің келер 2015 жылы 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуі тиіс. Кезінде елімізде жоғары лауазымды қызметтер атқарған асыл азамат елі мен жерінің қамалы, қорғанындай болып Кеңес одағының әміршіл-әкімшіл билігіне қарсы тұрған қаһарман еді. Қазір еліміз тәуелсіз, халқымыз бейбіт заманда күн кешуде. Бірақ, ұлт тарихындағы осындай ерен еңбегі бар тұлғаларды лайықты дәрежесінде бағалай алып жүрміз бе?! Енді осы қайраткердің ғұмырбаянына арналған кітапқа назар аударып көрсек.

2012 жылы «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтың «Жұмабек Тәшенев» атты ғылыми-зерттеу еңбегі тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяған­ның редакциясымен «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көрді. Аталған кітапта қай­раткердің өнегелі өмірі мен тағлымды тағдыры және тұтастай кеңестік дәуірдегі уақиғалар мен құбы­лыс­тар, ел тарихындағы  талас­тар мен тартыстар баяндалған.

Жұмабек Тәшенев есімі аңыз­ға айналып, халық жадында сақтал­ға­нымен, ресми тарих ғылы­­мында әлі жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Кезінде Алаш қай­­рат­керлері «қазақ үшін керек шаруа­ны ертеңге қалдырмауды» айтқан еді, кітап авторлары да осы қағи­даны ұстанса керек. Олар айтулы тұлғаның Қазақстан жерінің тұ­тастығын сақтап қалу жолындағы күресін ең басты еңбегі деп көр­сеткен.

Кеңес елін Н.Хрущев бас­қар­ған (1953-1964 ж.ж.) кезде Қа­зақ­­станды бірнеше өлкеге бөліп тастап, түбінде рес­публи­каны жоюға бағыт ұс­тан­ғаны белгілі. Оның бірсыпыра жерін жырымдап Өзбекстанға, Түрік­мен­станға, Ресей Федерациясына бөліп бермекші болды. Оң­түстік Қазақстан облысының Бос­тандық ауданын 1956 жылы Өз­бек­станға беріп те үлгерді. Қазақ Республикасының басшы­лығы жер беруге қарсы екенін білдіргенімен, КСРО-ның кеу­дем­соқ басшысы оларды тыңда­мады. Содан соң 1960 жылы Қазақ­станның солтүс­тігіндегі бес облысын (Сол­түстік Қазақстан, Көкшетау, Қос­танай, Ақмола, Павлодар) Ресей Федерациясына беруді талап етті. Сол кезде Қазақстанның Министрлер Кеңе­сінің төрағасы қызметін ат­қарған Жұмабек Тәшенев бұл КСРО мен Қазақ Республикасы Конституциясының баптарын бұзушылық, халық еркімен санас­­паушылық екенін, егер жерді заң­сыз беретін болса, Қазақстан басшы­лығы халықаралық ұйым­дарға шағымданатынын ескертіп, Н.Хру­щевті кері шегінуге мәжбүр етті. Осы қарсылығы үшін оны қызметінен кетірді.

«Тәшенев тағылымын қалай баға­лауға болады?» деген мәселеге келсек, ол елінің, жерінің тұтас­тығы үшін басын бәйгеге тіккен ұлт­жанды қайраткер. Егер қарсы шығып, қайсарлық көрсетпесе, Қа­зақстанның бестен бір бөлігі 1960 жылы Ресейге беріліп, рес­пуб­ликамыз тәуелсіздік алған жылдары ол жерлер кері қай­та­рылмай қалар еді. Сон­дықтан, оның ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның ерлігін жастарға насихаттау – бар­ша­мыздың парызымыз. 

Жабай ҚАЛИЕВ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fifteen =