ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

0 155

50-010-249x350-2-asli

1465 жылы жер жәннаты – Жетісу өңірінің Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы тігілгені баршамызға белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Керей мен Жәнібек хандар шаңырағын тіктеген, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұрагері болып отырған мемлекеттің 550 жылдығын ел болып атап та өткенбіз.      

Ал биыл Арқа төсіндегі ерке Есілдің жағасына елордасы – Астананың көшіп келгеніне 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында жаңа астананың өсіп-өр­кендеуіне өлшеусіз үлес қосқан адамдар арамызда жүр. Солардың бірі – қоғам қайраткері, ана тілінің жанашыры Оразкүл Асанғазы.
Сөзімізді тым әріден бастағанымыз бекер емес. Кейіпкеріміздің мемлеке­тіміздің бастауында тұрған жерде кіндігі кесілді. Шу өзенінің бойында тұлымшағы желбіреп өсті. Ендеше, Арқада елдің бас ордасы тігіліп жатқанда бұл елге Оразкүл келмегенде, басқа кім келсін?!
Алайда Астанаға мансап қуып келген жоқ. Әйелдің, адал жардың міндетін орындап, бас қалада қызмет бұйырған жұбайы Жораның соңынан еріп келді. Арада бір-екі ай уақыт өткенде елордада жаңадан Сарыарқа және Алматы аудандары құ­рылды. Соның алғашқысына аудан әкімі­нің орынбасары болып тағайындалды. Бұл 1998 жылдың көктемі болатын.
Қазақстанның халық жазушысы, шекпені кең пішілген қарт қаламгер Шерхан Мұртаза Оразкүл Асанғазының ісіне риза болғанда: «Оразкүл – ермінезді, қолынан үлкен іс келетін, аса қабілетті ел басқаруға лайықты адам. Менің қолымда болса, мәдениетті, тілді немесе жұмыспен қамтуды басқаратын министр етіп қояр едім» деп айтқаны бар. Рас, Астанаға келмей тұрғанда өзі келін боп түскен оңтүстік өңірде аудан әкімі, қала әкімінің орынбасары сынды бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті елордаға келгенде бұдан әрі дамып, абырой биігіне көтеріле түсті.
Көпшілігіміз Оразкүл Асанғазыны ана тілінің жанашыры, ұлт мүддесі жолында ешнәрседен тайынбайтын адам ретінде танимыз. Шынымен, Астанадағы көшелердің қазақылануына оның қосқан үлесі мол. «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп кезінде халқымыздың арда азаматы Сәкен Сейфуллин мәселе көтерсе, Асанғазының намысты қызының Сарыарқа ауданының әкімі болып тағайындалғанда қолға алған алғашқы ісі халқымыздың ардақты ұл-қыздарының есімін жаңғырту болды. Сұлу, сырбаз Сәкеннің туған күнін өткізіп, қала көшелеріне тарих тасасында қалып тұрған тұлғалардың аты берілуіне барын салды.
Мәселен, сол жылдары Карл Маркс көшесі Кенесарының атына ауыстырылды. Осы қарқынмен бастапқыда 27 көше жаңа, қазақы атауларға ие болды.
Шыны керек, алғашқы жылдары Аста­надағы нысандардың атауында олқы­лықтар да орын алмай қалған жоқ. Қайсыбіреулер Қазақстанды Еуропамен шатастырып, «Синема сити», «Европа Палас», «Сити Маркет» сынды атаулар қаптап кетті. Елбасының өзі пәрмен берген соң жоғарыда аталғандар «Самұрық», «Ақ сұңқар», «Қазына» сияқты әдемі атауларға өзгертіліп, жалпы жеті жүзден астам нысан қазақыландырылды.
Оразкүл Асанғазы кейіннен Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды. Сол жылдары елордада бір мезгілде 300-ден астам көшенің атауы ауыстырылып, Күйші Дина, Ықылас Дүкенұлы т.б. қазақ өнерінде үлкен із қалдырған тұлғалар атындағы көшелер пайда болды.
Қазір Астанадағы көшелердің 90 пайыздан астамы таза ұлттық атаулар. Ал, осыған кейіпкеріміздің қанша қажыр-қайраты кеткеніне өздеріңіз шамалай беріңіздер.
Оразкүл Асанғазы ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты болғанда да бірнеше рет дауысының ащы шыққанын көрдік. Бір министр баяндамасын бірыңғай орыс тілінде жасағанда ескерту жасады. Былтыр балалар ерте бастан ағылшын тілін үйренеді деген әңгіме шыққанда да, «бала алдымен ана тілінің уызына жаруы керек» дегенін естідік.
Қазір кейіпкеріміз Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы дирек­торының кеңесшісі қызметін атқарып, сол жердегі жағымды жаңалықтардың да ұйытқысы болып отыр.
22 ақпан күні сағат 17.00-де Қазақ ұлт­тық өнер университетінің «Шабыт» ғимаратында Оразкүл Асанғазының 65 жасқа толуына орай «Қазақтың қайсар қызы» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Шара барысында әріптесіміз Нәзира Байырбектің «Қайсарлық пен қайраткерлік» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылады. Бұл кешке келсеңіздер, кейіпкерімізді танығанының үстіне тани түсесіздер, қалып қоймаңыздар, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + four =