ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР МАРИНАСЫ

0 98

Марина Вольнова. Бұл есім жұмыр жерге жайылды. Сонау Сыр өңірінде дүниеге келіп, Тұманды Альбиондағы олимпиадада тұңғыш рет өткізілген қыздар арасындағы бокста өршіл рух танытып, қанжығасына қола медальді байлады.

6 тамыз, 2012 жыл. Бокстан қыздар арасындағы ширек финал өткізіліп, 75 келі салмақтағы Марина Вольнова әлем чемпионы ұлыбританиялық Саванна Маршалды 16:12 есебімен ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Небәрі 23 жастағы спортшының бұл ірі жетістігіне қазақстандықтар сүйсіне қол соқты. Ер танытар ерліктің үлгісін паш еткен жерлесіміздің осы жеңісін қалай мақтасақ та, жарасымды. Мамандардың пікірінше, Кларисса Шилдстен басым түсе алмауы бар күшін алдыңғы айқастарда сарқа пайдаланған. Дегенмен, нәтиже жаман болған жоқ.

Жалпы, Қызылорда облысында спортты дамыту мәселесіне баса көңіл бөлінген. 5 сыныпта спорт мектебінің табалдырығын аттаған Маринаның алғашқы жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев бокс әліппесін жетік үйреткен еді. Жаттығу ережесін бұзбаған шәкіртінен жаттықтырушысы да үлкен үміт күткен. Сол сенім ақталды. Маңдай тердің өтеуі қайтып, Олимпиада төріне шықты.

«Қолда өскен тұлпардың тай аты қалмайды» деген нақыл бар. Қыз бала болса да, азаматтың ісіне татырлық жеңісті еліне сыйлаған спортшыны халқы жақында әуежайдан күтіп алды. Жер-жерде өткізілген кездесулерден уақыт тауып, бізге де сұхбат берді. Жеңісімен құттықтадық. Құрыш білекті Марина ағынан жарылды. Туған жерін сағыныпты. Балалық шаққа саяхат жасап, спорттағы жетістігін тізбектеп шықты.

– Менің балалық шағым қалың қазақтың ортасында өтті. Қазақ тілінде еркін сөйлеуіме солардың ықпалы мол болды. Қазақтың салт-дәстүрін де жетік білемін. Ағайынға бауырмалдығы, қонақжайлығы өзгелерге үлгі боларлық. Біздің Сыр өңірінде спортқа ерекше маңыз берілгенін де атап өткім келеді. Алғашында дзюдомен шұғылдандым. Боксты бастауымның өзі де қызық болды. Басында өзімді қорғау үшін барғанмын. Жаттықтырушы менің бейімімді аңғарып, үздіксіз айналысуыма кеңес берді. Содан, 2006 жылдан бастап боксты жаныма серік еттім. Талмай еңбектегеннің нәтижесі болар, 2010 жылы бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Ал, Лондонда өтетін олимпиадаға екі жыл бойы дайындалдым. Бірінші кездесуде кениялық боксшымен шайқастым. Ол да оңай шағылатын жаңғақ емес. Екіншісінде, Саванна Маршалмен жекпе-жекке шықтым. Қорытындысы қандай болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Үшінші ақтық кездесуде америкалық боксшыны ала алмадым. Менің ойымша, алдыңғы екеуіне бар күшімді жібердім.

Бірақ, бұл мені еш жасыта алмайды,–дейді Марина жігерлі үнмен.

Десек те, жарыс болғасын біреуі ұтылыс тауып, екіншісі жеңіс тұғырына көтеріледі. Спортшының күш-қуатын тұлғасына қарап бағалау әсте әбестік екен. Егер, оның бойында жігер болмаса, жеңісті сәтті күту мүлде ақылға сыйымсыз. Сол үшін адам рухани жағынан кемел болуы қажет. Осындай пікірді ортаға салған Маринаның тұла бойынан ерлерге тән қайсарлықтың нышанын аңғардым.

Оның елордаға келгеніне үш жылдың жүзі ауып барады. Мұнда жаттығу жұмысын тиянақты орындауына барлық мүмкіндік жасалған. Аптасына үш рет он шақырым жерге жүгіреді. Одан қалды, денені шынықтырумен айналысады. Елдегі ата-анасына қол ұшын береді. Өйткені, олар дәл қазіргі кезде жұмыссыз. Ал, өзі бір бөлмелі қызметтік пәтерде тұрып жатыр.

Неде болса, қазақтың атын шығарған Маринаның жолы бөлек. Ендігі өткізілетін олимпиадаға да баруға ниетті. Иә, арман қала асқақ Астанаға келіп, тынысын ашқан спорт- шы қыздың алар асуы әлі алда. Өзі айтпақшы, жүректілерді ғана спорт төрге шығарады.

*Уыз лебіз

 Панабек ЫРЫСОВ:
Мен оны бала кезінен білемін. Себебі, бір көшеде қатар өстік. Иығына спорттық сөмкесін асып алып, спорт мектебінен шықпайтын. Ақыры, сол еңбегінің өтеуі қайтты. Жас та болса қабілеті мол. Әлем чемпионының мысын басу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алға, жерлес, осы бағытынан таймағайсың!

Қайрат ЖАЛҒАСБАЕВ:
Кешегі Лондонда өткен жарыста Қазақстан елі он үш медаль еншілеп, 12-орынға көтерілді. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі, бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Мерейімізді тасытқан Марина қарындасымды да бөле-жара айтқым келеді. Жалпы, оның Астанаға қоныс аударуы жаңа табыстардың қоса келуіне ықпал жасады деп ойлаймын.

 

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − fifteen =