Қазақтың Брусиловскийі

Елордада - есімі

0 50

«Мен өзімнің жеке тағдырымды қазақ мәдениетінің тағдырына қостым…» деген сөзі көрнекті композитор Евгений Брусиловскийдің бүкіл өмірін өрнектеді. Қазақ музыкасында алғаш рет еуропалық бағыттағы шығармашылық мектепті қалыптастырған ол 9 қазақ операсын, 2 балет, 8 симфония және қазақ халық аспаптары оркестріне арнап шығармалар жазды. Композиторлығымен қоса ұлтымыздың 250-ден астам музыкалық мұраларын жинақтаушылардың бірі ретінде мәлім.Әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға уақытша келгенде Қазақстанда ұзақ жылға қалып қоятынын білген жоқ. Композитордың қазақ музыка өнерін биік шыңға шығаратын тамаша шығармалары осы аралықта жазылады. 37 жыл Қазақстанда тұрып, өмірінің соңында Ресейге барғанда туған жұрты жатырқап, оны бөтен елдің музыканты ретінде қабылдаған. Есесіне Қазақстан оны өз мәдениеті мен өнерінің төріне шығарды, оның есімі мәдени орындар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Өскемен қалаларында көшелерге берілген. Солардың бірі – елорданың оңтүстік жағалауындағы ұзындығы 1751,9 метрлік көше. Ол Жәнібек Тархан көшесінен басталып, Абай және Амангелді Иманов, Кенесары көшелерін қиып өтеді.

Қазақстанға қалай келді?

Ресейдің оңтүстігіндегі Дондағы Ростов қаласында мәдени интеллигенция отбасында 1905 жылы дүниеге келген Евгений 9 жасынан бастап музыкалық білім алған. Оның жанынан әуен шығаратын қабілеті ерте жастан байқалады. Сол импровизациялық қабілеті музыкадан сабағын дұрыстап оқуға кедергі келтіреді. Сонда анасы оның рояльде отырғанда қиялына ерік беруіне шектеу қояды екен. Қатал тәртіптің арқасында 15 жасқа келгенде-ақ оның саусақтары рояльде еркін «ойнақ салатын» болған. Сонда да болса ол музыка дегеннің не екенін түсінбейді, тек құпия түрде өз ойынан әуен шығаратын сәттерінен ләззат алатын. Анасы музыкаға бейімдесе, әкесі оны әдебиетке баулыды. Мәскеу консерваториясын науқастануына байланысты тастауға тура келіп, артынан Ленинград консерваториясына түседі. Бірақ тұрмыс тауқыметі қинаған ол емтиханнан емтиханға аш қалмай аман жету үшін тапер болып жұмыс істейді. Біртіндеп барлық қиындықтар артта қалып, өз ортасында талантты сазгер ретінде танылып келе жатқанда Ленинградқа қазақ композиторы А.Жұбанов келеді. Ол ресейлік әріптесін Қазақстанның классикалық музыка өнерін аяқтан тұрғызуға көмек көрсету үшін Алматыға екі жылдық іс-сапарға шақырады. Шығармашылық болмысы мен мүлдем бейтаныс елдің музыка әлемін зерттеп, тануға деген қызығушылығы оның қалыптасқан тіршілігін кенеттен басқа арнаға бұруына себеп болады. Достарымен, әйелімен ақылдаса келе бұл ұсынысты қабыл алады. 1933 жылы 28 жасында КСРО Композиторлар одағының жолдамасымен Алатаудың баурайына аяқ басады. Бірақ Брусиловский қазақ жерінде екі жылын ғана емес өмірінің ең жалынды жылдарын өткізіп, туған еліне 65 жасында бір-ақ оралады.

Қазақ фольклорын биікке көтерді

Шығармашылық қызметін қазақ музыкалық фольклорын зерттеуге арнаған композитор ерінбей ел аралап жүріп, алыс ауылдардан қазақтың музыка жауһарларын жинады. Осындай сапарлары туралы бір сөзінде: «Менің жолым болды, шалғай ауылдарда халық музыкасын сақтап қалған Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуовпен, Дина Нұрпейісовамен және көптеген басқа домбырашылармен таныстым. Дала бақсыларының қаруы – қобыздың үнін естідім. Жылқының жалы оның дауысын мистикалық етті. Бақсы оның жұмбақ күшін білетін» деген еді. Филолог және музыкатанушы, композитор Наум Шафер «оған қазақ фольклорының рухани әлеуетін әлемдік музыкалық мәдениеттің шедеврлер деңгейіне көтергендігі үшін басымызды иеміз» деп баға берді. «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларының, «Сары-Арқа», «Құрманғазы» симфонияларының, 500-ден астам ән, романстар, хор туындылары, кантаталар мен сюиталардың авторы Евгений Брусиловский қазақ камералық музыкасының алғашқы үлгілерін – керемет фортепиано мен скрипка циклдерін жасады. Қазақстанда оның таланты жан-жақты ашылып, бойындағы өнері қазақ жерінде өрге басты деуге болады. Осында жүріп ол Қазақстанның халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 15 жылдан астам уақыт бойына Қазақстан композиторлар одағын басқарады. Брусиловскийдің музыкасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енді.
1933-1934 жылдары Қазақ музыкалық драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде қызмет етті. 1934-1938 жылдары Қазақ музыка, қазіргі Қазақ опера және балет театрының музыкалық жетекшісі, 1939-1956 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы, 1956-1976 жылдары КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, 1944-1951 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі, 1944-1970 жылдары Алматы консерваториясының композиция кафедрасының меңгерушісі болады.

Мәскеудегі «Қыз Жібектің» дебюті

Брусиловский Алматыға келген жылы Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова және Шара Жиенқұлова сынды талантты жастар да қалаға қоныс тепкен еді. Келгеніне бір жыл өткесін-ақ 1934 жылы қазіргі Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрында қазақ операсының қарлығашы – «Қыз Жібек» операсын қояды. Е.Брусиловский өз естеліктерінде туындының сәтті шығуына қазақтың дарынды әнші-күйшілері зор үлес қосқандығын атап өткен. Композитор «Қыз Жібекте» халқымыздың отыздан астам әнi мен күйiн пайдаланып, шағын оркестрге оркестровкасын жасаған.
Қазақстан басшылығы 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші декадасында «Қыз Жібек» операсын көрсетуге шешім қабылдайды. Ұйқысыз, демалыссыз, партияның қадағалауында күн-түн демей дайындықтан өткен Брусиловский декадаға операдан басқа қазақтың классикалық халық әндерін өңдеп апарды. Декада өте жоғары деңгейде өтіп, елге қайтатын күні Иосиф Сталин әртістерді Кремльге шақыртады. Бұл кездесуге қазақстандықтармен бірге қазақтың халық әндеріне тәнті болған мәскеудегі шығармашылық элита да барады. Сол кеште халық декада жұлдызы болған Күләш Байсейітовадан «Гәкку» әнін орындап беруін сұрайды. Рояльде Брусиловский отырады. Бірақ әнді хабарлаған сәтте Сталиннің мысы басқан Брусиловский рояльде басқа әнді, яғни «Майра» әнін ойнап кетеді. Бәрінің зәре құты қалмай, енді не болады деп дегбірі қашады, бірақ Күләш Байсейітова түк те саспай, музыка ырғағына бірден еріп, «Майраны» шырқай жөнеледі. Сосын Брусиловский ешқандай хабарлаусыз-ақ «Гәккуді» ойнап кетеді, композитордың сүйемелдеуіндегі, қазақ бұлбұлы орындаған бұл әнге деген халықтың қошеметі ерекше болады.
Әнұраны екі кезеңге жетті
Ұлы Отан соғысы басталғанын радиодан хабарлаған бойда Евгений Брусиловский өз еркімен майданға аттанбақ болады. Бірақ медициналық комиссия денсаулығына байланысты оны соғысқа жарамайды деп шешеді. Сөйтіп тағдыр оны соғыстан да маңызды істер үшін сақтап қалғандай болды. 1944 жылы ол шәкірті Мұқан Төлебаевпен және композитор Латиф Хамидимен бірге 1945-1992 және 1992-2006 жылдарғы Қазақстанның Мемлекеттік Гимнінің авторы болды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы еліміздің әнұранына мәтін мен музыка жазуға байқау жарияланады. Байқау нәтижесінде бұрынғы әнұран музыкасын сақтап қалуға шешім қабылданады. Сөйтіп Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди Қазақстан Республикасының тұңғыш әнұранының әуен авторлары болады. Ал белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаеваның өлең жолдары үздік мәтін ретінде танылды.

Құрманғазыны ақтауға үлес қосты

Брусиловский алғаш болып қазақ күйшісі Құрманғазы есімін ақтауды қолға алды. «Құрманғазы» симфониясы үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Бүгінде Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға атақты күйшінің атының берілуі де – Евгений Григорьевичтің үлесі. Тілін түсінбесе де, ұлттың жанын музыкасы арқылы ұққан композитор халық әндері мен күйлердің мағынасын терең сезінді. Алматыдағы музыкалық-драмалық техникум жанындағы ғылыми-зерттеу кабинетінде жұмыс істеген бір жылдың ішінде ол 250 ән мен күйді қағазға түсіреді. Осы қажырлы жұмыстың арқасында ол қазақтың халық әндерін, оның эстетикасын, логикасын, ой-танымын, принциптерін жақсы түсінетін дәрежеге жетеді. Осылайша келесі жылы алғашқы қазақ операсы дүниеге келген болатын.

Симфониялар – өнерінің өшпес бөлігі

Симфониялық музыка – оның шығармашылығында үлкен орын алады. Ол – қазақ тіліндегі бес симфонияның авторы. Соның ішінде Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығына ие болған «Құрманғазы», «Сары-Арқа» симфониялары бар. Құрманғазы қазақ халық аспаптар оркестріне арнап бірқатар шығармаларды жазған Брусиловский қазақтың танымал «Кеңес» атты халық күйін екі домбыра мен фортепианоға арнап өңдеді, сосын ол қазақ күйлеріне арнап бірнеше фортепианалық өңдеулер жасады. Сол тәжірибелерден соң ол «Экспромт» камералық-аспаптық бірегей шығармалар жиынтығын әзірледі. Брусиловский – «Дала қызы», «Мазасыз көктем» және «Шоқан Уәлиханов» кинофильмдеріне жазылған музыканың авторы ретінде де танымал.

Қазақ елімен байланысын үзбеді

1970 жылы алпыстан асып, жетпіске таяған шағында Мәскеуге қоныс аударған Брусиловский шығармашылығын туған елінде жалғастырады. Кетсе де, әбден бауыр басып қалған қазақтың көптеген зиялыларымен хат алысып тұрды. Солардың ішінде әр уақытта түрлі мемлекеттік қызметтерде жүрген, ал өмірінің соңғы жылдарында Мәдениет министрі болған Ілияс Омаровпен ерекше жақын араласты. Оның А.Зацепин, Б.Ерзакович, Б.Байқадамов, К.Мусин, К.Күмісбеков, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев, Н.Меңдіғалиев, С.Мұхамеджанов, Л.Афанасьев, А.Жаныбеков, А.Бычков сынды танымал шәкірттері бар. Ол әсіресе Мұқан Төлебаевтың талантына жоғары баға беріп, оны үнемі қолпаштап, алға жетелеп отырды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының кітап қорында 2005 жылы композитордың 100 жасқа толу мерейтойына орай Н.Кетегенованың редакторлығымен жарық көрген жинақ сақталған. Бұл басылымда Евгений Брусиловскийдің бай музыкалық мұрасына талдау жасалады, сонымен қатар замандас-музыкатанушылардың естеліктері, композитордың мұрағат материалдары мен хаттарына түсініктемелер беріледі. Қазақстанда оның ғасырлық тойында режиссер И.Ганапольскийдің «Тағдыр жолы» атты фильмі жарық көрді. Әйгілі композитор 1981 жылы дүниеден өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 17 =