Қазақтың бірінші баспагері

0 135

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар ӘЛІБЕКПЕН халқымыздың мәдени мұрасын жеткізушілердің бірегейі Жүсiпбек Шайхисламұлының өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелесудің сәті түсті. Зерттеуші-ғалым: «Жалпы, кеңес кезеңіне дейінгі кітаптардың тарихына шолу жасағанда, жинақтардың саны жағынан да, қайта бастыруда да, таралымының мөлшері тұрғысында да Жүсіпбектен асқан кітап бастырушыны анықтай алмаймыз. Сондықтан ұлты қазақ кітап бастырушылардың бастауында Ж.Шайхисламұлы тұрады деуге толық негіз бар» деді. Баспагер әрі ақын шығармашылығына құрылған сұқбатымыз Қытай асып кеткен біртуар тұлғаның насихатына өз үлесін қосады деп ойлаймыз.– Қазақтың «Қыз Жібегі» мен білетін екі адаммен тығыз байланысты. Бірі – ел аузында жүрген жырды қағазға түсіріп, жеті рет баспадан қайталап бастырып, кең таратқан Жүсiпбек Шайхисламұлы болса, екіншісі – әдемі жыр­ды көркем фильм етіп, қазақтың мерейін асырған Сұлтан Қожықов. Бұл эпос­тың өміршеңдігі неде?
– «Қыз Жібек» жырының өміршеңдігі оның ұлттық сипатына байланысты деп ойлаймын. Егер бүгінгі күнге жеткен «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Едіге» т.б. эпостық мұралар кейбір түркі халықтарына ортақ болғандықтан, әр елде олардың түрлі версиялары сақталып қалғаны мәлім. Ал «Қыз Жібек» жыры – қазақтың төл туындысы және классикалық эпосының озық үлгілерінің бірі. Себебі онда жастардың адал махаббаты, халқымыздың бүкіл ұлттық болмысы, көшпелі өмір салты, тұрмыс-тіршілігі, көш салтанаты, қыздардың келбеті көркем суреттеледі. Халық әдебиетінің бата, түс жору, қоштасу, айтыс, естірту, жұбату, жоқтау, сыңсу т.б. түрлері жыр мазмұнын айшықтап, оқиғалардың қызықтылығын еселей түседі. Рас, «Қыз Жібек» жырының Жүсіпбек Шайхисламұлы нұсқасы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоғысында, одан кейін де бірнеше мәрте басылым көріп, халықтың зор ықыласына бөленді. Бірақ бұл асыл мұраның шығу тарихын, таралуын, жариялануын тек оның есімімен ғана байланыстыруға болмайды. Еліміздің белгілі фольклортанушыларының, әсіресе академик С.Қасқабасовтың тұжырымдарына қарағанда, шығарма ілкі аңыз-әңгімелердің, оқиғалардың, жыр үзінділерінің негізінде ХVІ-ХVІІІ ғасырлардың аралығында туындап, толығып, эпикалық мұра ретінде қалыптасқан. Оны жырдағы дәстүрлі эпоста, ертегілерде кездесетін көне мотивтерден, кейінгі заманда туындаған жаңа сарындардан байқауға болады. Жыр дер кезінде хатқа түспегендіктен, көптеген нұсқалары, версиялары ұмытылып, халық жадынан шығып қалды. Тек ХІХ аяғынан бастап қана қағазға түсіріліп, кейінгі ұрпаққа 15-тен астам нұсқалары ғана жетті. Солардың арасында сақталу сапасымен де, толықтылығымен де, көркемдік деңгейімен де ерекшеленетіні – Жүсіпбек нұсқасы. Онда ақынның өзіндік жыршылық қолтаңбасы, эпостық шығармаларды жетік білуі, баспаға дайындаудағы іс-тәжірибесі айқын аңғарылады.
Жырдың Қазақстан ауқымынан шығып, шетел жұртшылығына танылуына 1970 жылы Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібек» көркем фильмі себеп болғандығы баршаға белгілі. Менің ойымша, әлем көрермендері «қазақ» деген ұлттың барлығын, оның ұлан-ғайыр жерінің, көз сүрінен көркем табиғатының, терең тарихының, дәстүрлі мәдениетінің көріністерін алғаш рет осы фильмнен көріп, танып-біліп, таңырқаған сияқты. Фильмнің оқиғалар желісіне қарап, онда жырдың алғашқы бөлігінің мазмұны қамтылғанын көреміз.
– Енді Жүсіпбектің «Қыз Жібегі» туралы таратып айтып беріңізші. Басқа нұсқалардан шоқтығын бөлек қылатын ақынның өз қолтаңбасы ма?
– Фольклортанушылардың зерттеулеріне қарағанда, Жүсіпбек жырды Ақшәмшіде тұрған бір жыраудан жазып алып, өзінше жырлап, ел арасына таратқанын, кейін баспаға дайындағанын М.Әуезовпен кездесуінде өз аузымен айтқан. Шынында, ұлы жазушы 1926 жылы «Қилы заман», «Қараш-қараш оқиғасы» шығармаларын жазу мақсатында Албан еліне барғаны мәлім. Сол жолы болашақ туындыларына материалдар жинаудан сырт өңірдегі халық шығармашылығына да мән беріп, зерттеулер жүргізгендігін оның «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» еңбегінен аңғаруға болады. Ал Жүсіпбекпен жүзбе-жүз кездескендігі жазушының аталған зерттеудегі мына сөздері айғақты дәлел болады: «В молодые годы посетил многие районы казакской степи. Наконец последние 20 лет провел среди китайских казаков рода Қызай и только недавно вернулся в Россию и поселился среди албан. …Разносторонний в своей прошлой деятельности, он не желает ограничиваться и в беседе с нами однообразным кругом тем о поэтическом творчестве».
Жүсіпбектің өмір жолы мен шығармашылығына мән берсек, жиырмадан асқан жігіттік шағынан бастап халық шығармашылығына ден қойып, әдеби мұраларды жазып алып, өзінің білгендерін ел ішіне таратып отырған. Кейін оларды қайта өңдеп, жаңғыртып, мүмкіндігінше жариялауға қол жеткізген. Осы тұста, яғни 1887 жылы Ресейдің әскери қызметкері Е.А.Александров Марабай жыраудан туындының бір нұсқасын жазып алып, М.Ағыманов деген оқыған қазақ азаматына қара сөзбен мазмұнын аудартады. Тағы бір нұсқасын белгісіз шығарушы (Валиулла Тухфатуллин деген болжам бар) 1894 жылы Қазан жеке кітап күйінде жарыққа шығарады. Осы кітап қолына түскен болуы керек, Жүсіпбек 1900 жылғы өз басылымының кіріспесінде былайша ренішін білдіреді:
«Басында менен жайылды
Қисса болып бұл Жібек.
Басы-соңына қарасам,
Бәрі шала сөзінің,
Сүйейін мұны бір демеп.
Қиссасын қайта түзейін».
Сөйтіп, өзі айтқандай түзетіп, кейбір қара сөздерді өлең жолына түсіріп, кейбір оқиғаларға өзгерістер енгізіп, өзінің нұсқасын ХХ ғасырдың алғашқы жылы Қазанның «Университет» баспасында бастырды. Қазір еліміздің сирек қорларында «Қыз Жібек» жырының Х.Досмағамбетұлы, Ш.Қалмағамбетов (2 нұсқа), Қ.Иманов, Х.­Өтеғалиева, М.Төлепқалиев, Қ.Мырзағалиев, Е.Ахметов, Ә.Дәнекеров, Р.Мәзқожаев, Қ.Баймағамбетов т.б. жеткізген нұсқалар сақталған. Бұлардың дені сол Жүсіпбек нұсқасының негізінде жырланған және сюжеттік мазмұндарында айтарлықтай ерекшеліктер байқалмайды.
Жүсіпбек нұсқасының тілі көркем әрі қарапайым, ой орамдары нақышты, сөз қолданысы – кестелі, композициялық құрылымы айшықты, оқиғалары қызықты болып келеді. Мәселен, табиғаттың, қыздың сұлулығын дәл Жүсіпбектей суреттеген жыр нұсқасы кездеспейді. Қазақ көшінің сән-салтанаты, онда ұсталатын салт-дәстүр, оны ажарлай түскен қыз-келіншектердің көрік-келбеті ешбір эпостық туындыда дәл осындай бейнеленген емес. Бұл – Жүсіпбектің алдындағы көптеген жыршылардан ерекшелейтін өзіндік «мені», айқындап тұратын айырықша жаңалығы.
– Бұдан бөлек «Мұң­льқ-Зарлық», «Алпамыс батыр», «Кенехан hәм Нау­рызбай» т.б. дастандар мен «Бiржан мен Сара» айтысы да Жүсіпбектің отыздан астам кітаптарының қатарында тұр деген ақпарат бар. Қазақ еліндегі баспа ісінің басында осы кісі тұрды деуге бола ма? Бұл кезеңде қазақтың қандай шығармалары баспа көріп елге тарап жатты?
– Иә. Ж.Шайхисламұлы ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап Қазан, Уфа, Ташкент баспаханаларында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін, Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды бастырып шығаруды қолға алған алғашқы қазақ зиялыларының бірі болды. Қазақ кітаптарының тарихына көз жіберсек, «Қыз Жібек» (1900, 1903,1905, 1909, 1910,1911) алты рет, «Айман – Шолпан» (1891,1901, 1910, 1913, 1916) бес мәрте, өзге де «Алпамыс батыр», «Кенесары – Наурызбай», «Наурызбай – Ханшайым» секілді қазақтың төл жыр-дастандары мен «Біржан мен Сара», өзінің Уәзипа қызбен айтысы әлденеше қайта бастырылып отырғанын көреміз.
Сондай-ақ «Жүсіп – Зылиха», «Мұңлық – Зарлық», «Қисса Зейне Зайуб», «Қисса Гүлшаһра», «Хикаят Сәлімжан», «Қасым – Жомарт» т.б. шығыстық желіге құрылған дастандардың жарыққа шығуына мұрындық болған да – осы Жүсіпбек. Мұнан өзге «Пайғамбардың миғражға барғаны», «Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Қисса ғазіреті Оспан Разы Алла Анһудың қонаққа шақырғаны», «Қисса ғазіреті Әлидің Сараң байды жолға салғаны», «Кербаланың шөлі», «Қисса Зарқұм», «Дәриға қыз», «Қисса-и Гүлжәмилә қыздың хикаясы», «Қисса Бәрсиса» т.б. ондаған діни дастандарды жырлап, халқының рухани игілігіне айналдырды. Бұл туралы М.Әуезов: «Из бесспорно ему принадлежащих произведений мы знаем целую серию религиозно-героических поэм, изданных в Казани и во множестве экземпляров, распространенных в свое время в степи» дей келіп, олардың түпкі идеясы ислам дінінің негіздерін насихаттайтынын атап өтеді. Дегенмен, Кеңес өкіметі атеистік идеология­сының бет пердесін терең ұғынған ғалым сөз аяғын былайша қорытындылайды: «…этот материал, бесспорно требует оценки и анализа как с точки зрения распространения его на казахской почве, так и со стороны достоинств и недостатков. Но последние вопросы не входят в круг поставленных нами задач, поэтому воздерживаясь от каких бы то ни было суждений на этот счет приведем только факты, которые по свидетельству самого Жусупбека способствовали ему заняться именно этими, не другими темами. Жусупбек – первый казахский поэт, при жизни издававший в виде отдельных сборников или брошюр все свои произведения».
Шындығында, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халық әдебиетіне қызығушылық танытып, ел арасынан жинап, баспаға дайындап, оларды жарыққа шығаруға қолғабыс еткен қазақ-татар зиялылары аз болмады. Кітаптанушы Ж.Шалғынбайдың зерттеулерінде 1807-1917 жылдар аралығында әдеби мұраларды қамтыған 774 жинақ (тиражы – шамамен 2 млн 300 мың), оның 578 кітабы фольклорлық шығармаларға арналған.
Ж.Шайхисламұлын қазақтың кітаптарын алғашқы бастырушысы деу қисынсыз­дау болар. Себебі «Қисса-и Сейфулмүлік» 1807 жылы Қазан гимназиясының баспаханасынан тұңғыш басылым көргенде Жүсіпбек дүниеге келмеген де еді. Бұдан кейінгі жылдары «Ығлан-наме» (1831), «Қисса-и Сейфулмүлік» (2-басылымы. 1840), «Сүлеймен Бақырғани» (1846, 1848), «Хикаят Хаким ата» (1846), «Бабыр-нәме» (1857), «Ер Тарғын» (1862, 1871, 1876) сияқты әдеби, фольклорлық мұралар алғашқылардың қатарында татар зиялыларының, Н.И.Ильминскийдің көмегімен баспа жүзін көрген. Ал қазақ кітаптарының тарихынан Жүсіпбек құрас­тырған «Қисса-и Зарқұм» дастанының 1877 жылдың 30 маусымында Қазан университетінің баспаханасынан Тобан Құрса аулының тұрғыны Шамсуддин Хұсейнұғлының қаражатымен жарияланым көргенін көруге болады. Ал «Қисса-и Сейфулмүлік» дастаны мен 1900 жылы Тройцкіде басылған Мұхамеджан Сералинның «Топжарған» жинағының арасында 165 қазақ кітабы жарық көрген.
– Ақын өмір туралы айтқанда қазақ жерінде туып, Іледе қалғаны туралы мәлімет анық. Енді оның өткен өмірі туралы айтып берсеңіз.
– Кейінгі жылдардағы зерттеулерде ақынның туған жері мен ғұмырнамалық даталарына байланысты керағар тұжырымдар айтылып келеді. Дегенмен, Шыңжаң өлкесінде басылған «Үш жүзік» жинағындағы деректерге сүйен­сек: «Ол Әулие ата маңында туған. Кейін қазіргі Іле қазақ автономиялы облысының Текес ауданына қоныс аударып келіп, сонда мекендеген. Марқұмның мүрдесі қазіргі Іле Қазақ облысына қарасты Текес ауданы, Шиліөзек ауылының оңтүстік жағындағы жатағандау төбенің басында тұр. Зираттың басына …тас қойылып, оған араб әрпімен «Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы әйгілі ақын Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы [1857-1937]» деген жазу ойылған. Бұл мәліметке қарағанда, ақын әруағын сыйлап, құлпытас қойған ұрпақтарының, туған-туыстары мен ауылдастарының шындықтан ауытқи қоймағаны анық. Сондықтан ендігі жерде әдебиет тарихын зерттеушілерге соңғы дерекке тоқталған орынды сияқты. Ол Жетісуға есейген, жігіт шағында қоныс аударады. Бұл деректі «Қыз Жібек» жырының алғашқы басылымында ақынның өзі келтіріп өтеді:
«Үйсінге алғаш келгенде,
Жиырма үш жасымда.
Сол кездердің уақытында,
Бар еді қайғы басымда».
Соңғы жолдардың мәнісіне қарағанда, Жүсіпбек ата жұртынан жеке басының себептермен кеткенін аңғаруға болады. Кей зерттеуге сүйенсек, ақынның туған анасы Дулат қызы болғандықтан, нағашыларын пана тұтып келеді, өзі де осы жерде үйлі-баранды болады. Осы тұжырымды ақын Шөкей қызбен айтысында да, Бақтыбаймен қақтығысында да нақтылай түседі.
Жүсіпбек 1880 жылы шамасында Албан еліне, қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданындағы Ақсай деген жерге көшіп келіп, тұрақтап қалады. Албан, бұғы (қырғыз) елдерінде бала оқытып, кітап бастырумен шұғылданады. ХХ ғасыр­дың басындағы ұлт-азаттық көтерілістің кезінде шекара асуға мәжбүр болады. Кейін қайтып оралып, сүйікті ісімен шұғылдануды жалғастырады. Дегенмен, отызыншы жылдардағы қожа, молдаларға қарсы саясат Жүсіпбекті Қытай жеріне қайта кетуге мәжбүр етеді. Жат өлкеде де сол кездегі рухани-әлеуметтік дағдарыс­тың құрбаны болған босқын елдің жанынан табылды. Жер ауып, босқан жұртты жайлаған жеті жұттың бірі – жұқпалы дертке қарсы ем егеді. 1998 жылы «Тарих және ұлттар татулығы жылына» орай Ұлттық Ғылым академиясы тарапынан ұйымдастырылған фольклорлық-этнография­лық экспедиция барысында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекетінің тұрғыны 77 жастағы Бәукей Әубәкірұлының білегінен шешекке қарсы Жүсіпбек қожа еккен емнің орнын көріп, біздің таңданбасқа шарамыз қалмаған еді.
Шет жерде жүрген қазақтардың ақынға деген құрметін «Үш жүзік» кітабындағы Жүсіпбектің жүзін көрген Қожаназар қарттың естелігінен айқын аңғаруға болады: «1937 жылы болса керек, қожа Текестің арғы жағасын жайлайтын алжан (Албаннан тарайтын тармақ) деген елді аралап жүріп Кетпентау деген жерде қайтыс болды. Қожа қайтыс болған соң, сол елдің белді адамдары: «Қожа тұқымы бәрімізге ортақ, сүйегін бермейміз, өзіміз арулап қоямыз» деп хабар айтыпты. Сонан біздің елдегі Бораншай, Көпеш, Қасен деген адамдар араға жүріп әрең дегенде оларды иландырып, осы төбеге жерлеген еді».
– Осыдан біраз бұрын қазақ әлеуметтік желілерде аты белгілі адамдар қазақ эпосынан үзінді оқып, халықтың рухын бір көтеріп еді. Алайда осындай серпіліс, эпостарды оқуға құлшыныс саябырсып қалған жоқ па? Оның отын кім маздатып отыруы тиіс деп ойлайсыз?
– Иә, есімде. Жаңылмасам, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет «Тұлпар мініп, ту алған» деп аталған байқау ұйымдастырылып, қала мектептері оқушыларының арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтқызу іс-шаралары жүргізілді. Кейін бұл байқау республикалық деңгейге көтеріліп, 2019 жылы «Қобыланды батыр» жыры тақырып болып бекітілгенін естідім. Қазылыққа шақырды, бірақ жұмысбастылықтан қатыса алмадым. Бірақ ақпарат көздеріндегі насихат жұмыстары саябырсып, тіпті, биылғы жылы айтылмайтын да болды.
Басталмай жатып өшіп қалған бұл байқауға мемлекеттік тұрғыда қолдау жасалып, қайта жандандырып, дәстүрлі үрдіске айналдырып, адамға ұлттық дәстүрді, отансүйгіштікті насихаттаудың басты тетігі осы үрдісті жалғастыру, қалыптастыру, дамыту деп есептеймін.
– Бір кездері әлеуметтік желілерде қазақ ауыз әдебиетін жазба әдебиетімен ұштастырып артында мол мұра қалған Жүсіпбек Шайхисламұлы атына кір түсіретін әңгімелер айтылды…
– Кеңестік кезеңде Ж.Шай­хисламұлы өмірі мен шығармашылығы біржақты зерттеліп, еңбектерін насихаттау жұмыстары жүргізілмей келді. Оның да өзіндік себептері аз емес. Біріншіден, ол қожа тұқымы болғандықтан, «дін – апиын» принципін ұстанған Кеңес идеологиясы Иcлам іліміне жетік азаматтармен ымырасыз күрес жүргізді. Екіншіден, Жүсіпбек отызыншы жылдардағы зұлмат науқанның зардабынан Қытайға ауып, өмірінің соңғы жылдарын жат өлкеде өткізді. Сонда дүние салып, сүйегі де, ұрпақтары да шет жерде қалғандықтан, туған жерде сақталған мұраларын іздеуші болмады. 60-70 жылдардағы кеңес-қытай елдерінің арасындағы саяси салқындық та өз әсерін тигізбей қалмады. Ақынның туған халқына істеген қыруар еңбегі түгіл, есімі де ескерілмеді. Айтыла қалғанның өзінде қазақ кітаптарының тарихын, немесе жыр, дастандарды зерттеу барысында кітап бастырушы, немесе жыршы ретінде ғана назарға алынды. Ол жырлаған діни дастандар туралы сөз қозғаудың мүмкіндігі болмады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі жарияланған кей зерттеулерде, тіпті кейінгі кездерде баспасөз беттерінде Жүсіпбеккке «ұры» деген айдар тағылып, шығармашылығына қатысты жат пікірлер көрініс беріп жүргені өкінішті.
Меніңше, ол кездері фольк­лорлық мұраларды жеткізушілер шығарушы (туындыгер, автор) мен жыршыны бір ұғым деп түсінген. Біздің әдебиеттануға текстология ғылымы кенжелеп келіп, әлі де қалыптаса алмағандықтан, мәтінтану жұмыстары жүйелі жүргізілмеді. Әсіресе, бұл ауыз әдебиетінде ерекше орын алып, көптеген ақын-жыраулардың шығармалары ешбір зерттеу­сіз басылым көріп келеді. Сондықтан кейінгі жылдары дау туып, баспасөз беттерінде бірін-бірі ғайбаттауға дейін барып жүрген, ғылыми дәлелсіз материалдар жарияланып жүр. Бүкіл ғұмырын халық руханиятына арнап, сол тұстағы қазақ қоғамының әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Жүсіпбектің баспа жүзін көрген мұраларының түпнұсқасын оқымай-ақ теріс пікірлер білдіріп жүрген қаламгерлерге дау айтудың өзі артық сияқты. Ғылыми негізсіз жазылған дүниелерге бола бет жыртысу әдептілікке жатпайтыны анық. Жоқтан бар жасағанша, ондаған жылдар шаң басып әдеби қорларда жатқан бар дүниелерімізді жарыққа шығарып, келешек ұрпақтардың игілігіне жаратудың қамын ойлау керек сияқты.
Ж.Шайхисламұлының әдеби мұраларына келер болсақ, соңғы ширек ғасырдың шеңберінде жырларының дені қайта басылым көрді. Шығармашылығына қатысты Қазақстанда да, Қытай қазақтарының арасында да ірілі-ұсақты зерттеулер, дипломдық жұмыстар жазылды. Халық мұрасын жинаушы, жариялаушы, шежіреші Сейіт-Омар Саттарұлы ақсақал Қытайға арнайы барып, ақынның 1000 беттен астам қолжазба шығармаларын елге алып келді. Сондықтан Жүсіпбектің еңбегін жан-жақты игеруге, іргелі түрде зерттеудің кезегі енді келді деуге болады.
Бұл ретте ең алдымен, оның қазақ кітап бастырушыларының көшбасшысы ретіндегі ұшан-теңіз еңбегін, яғни баспагерлік қызметін арнайы зерттеген жөн. Біздің білуімізше, Орталық ғылыми кітапханада төңкеріске дейін ол шығарған кітаптар және олардың қайта басылымдары жақсы күйде сақталған. Сондай-ақ Жүсіпбектің баспадан шықпай қалған материалдары, баспагерлігіне, жеке басына байланысты көптеген деректерді Қазан кітапханаларынан, татарлардың библиограф ғалымдарының зерттеулерінен іздестіру керек. Себебі ол ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін татар баспагерлерімен шығармашылық бірлікте болды.
Екіншіден, Жүсіпбектің халық әдебиетін жинаушы, жүйелеуші-фольклоршы, ақындық, жыршылық, аудармашылық қырларын жеке-жеке қарастырған орынды. Іргелі зерттеулер жүргізуге оның жарық көрген төл шығармалары мен жырлаған фольклорлық үлгілер жеткілікті. Оған еліміздегі, Татарстан мен Қытайдағы әдеби қорларда сақталған мұраларын біріктірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ақынның араб, парсы тілдеріндегі шығармаларды аударып, жырға айналдырудағы аудармашылық қабілеті – бір төбе. Әсіресе, оның шығармашылығы туралы жазылатын ғылыми еңбектерде текстологиялық зерттеулерге зор мән берілсе, жоғарыда айтылған халық мұрасына жасалған «жиендік» мәселесі өзінен өзі шешілері анық.
Үшіншіден, Ж.Шайхисламұлының Ислам ілімін насихаттаушы, емшілік қасиеттері де жеке зерттеуді қажет етеді. Сондықтан ақынның өмірі мен қызметі, шығармашылығын жоғарыда айтылғандай бірнеше салада зерттеліп, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнын шынайы, ғылыми негізде анықтау бүгінгі ұрпақтың борышы болып қала беретінін еске салғымыз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 5 =