Қазақтың бапкерлерін түгендеген

0 197

Қазақ спортының абыройын өсірген бапкерлер туралы кітап жарыққа шықты. Авторы белгілі қаламгер, қазақ спортының шежірешісі – Қыдырбек Рысбек.«Қазақтың 72 бапкері» деп аталатын көрнекті кітапта таңдаулы 120 бапкер мен олардың шәкірттері туралы деректер мен материалдар жазылған. Бұл кітап республикадағы белгілі жаттықтырушылар жайлы жазылған тұңғыш жинақ болып отыр.
«Дүркіреген, дүбірлеген додалар – көз бен көңілді бірдей арбайтын спорт дүниесінің бергі жағы ғана. Ал оның ар жағында мыңдаған саңлақтарды осы аламанға жанын сала баптап, қылыштай қайрап әкелетін жүздеген бапкерлердің жанкешті маңдай тері, ізденісі, сұрапыл тірлігі жатыр. Иә, егер спорт дүниесін асқар тауға теңесек, сол таудың көзге көрінбейтін іргесі, асқақ шыңдарды алапат дауылдарда шайқалтпай, нық ұстап тұратын тірегі, діңгегі – бапкелер дер едік. Білікті бапкер кездеспесе, спортшы жүз жерден күшті болса да, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының ұшар басына шыға алмайды. Себебі кез келген жарыс пен бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады» деп жазады жаңа кітаптың алғысөзінде Парламент депутаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Дархан Мыңбай.
Шынтуайтында, чем­пион­ды шынашақтай кезінен алақанына салып баптап, шарболаттай шыңдап, спорт әлемінің шыңына көтеретін бапкер екені сөзсіз. Сондықтан осыған дейін «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтарын құрас­тырған, «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат» атты кітаптардың авторы Қыдыр­бек Рысбектің бапкерлер туралы жаңа кітабы қазақ спортының тарихын түгендеуге қосылған толымды дүние деуге негіз бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =