ҚАЗАҚТЫ ҚАН ҚАҚСАТҚАН ҚАСІРЕТ

0 308

Қазақстанда 2012 жылы ашаршылық қасіретіне 80 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Ашаршылық қасіретін» атап өту тапсырылды. Ол үшін ең алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылып, сараптаулар мен қорытындылар жасалып, ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату мәселесін қолға алуы жоспарланып, жұмыстар атқарылуы керек. Қазақ елі осынау бір қаралы тарих беттерін қайта қарап, тарихын таразылап, болашақ үшін зерттеулер мен зерделеулер жасауы қажет.

Қазақ елінің тарихындағы қасіретке толы беттердің бірі – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық апаты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің үстемдік құрған шағында ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ еліне қолдан қиянат жасалды. Оның астыртын құпия себептері болды. Мысалы, дәстүрлі қоғамда өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының мал-мүлкіне 1928 жылы тәркілеу жүргізді. Мұның соңы халықтың көтеріліске шығуына, қырылуына, одан кейін ашаршылыққа ұрынып, босыған қазақ жұрты алыс және жақын шетелдерге шұбыра көшіп, табанын тас тіліп, көзін қарға шұқыған қайғылы жағдайларға ұласты.

Осындай қайғылы да, қасіретті күйге түсірген кеңестік қызыл империяның саяси өктем саясат жүргізген әміршіл-әкімшіл басшылардың кінәсі еді. Мәселен, бүтіндей бір ұлтты қырып, жоюға бағытталған саясат үстемдік құрды. Мұндай бағыттағы саяси қылмыстардың бірі – геноцид еді. Бұл адамдарды шығу тегіне, бір ұлттың, діннің өкілі болуына байланысты әдейі қыру немесе қудалау науқандарын ұйымдастыру деген мағынаны білдіреді.

1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы материалдарындағы мәліметтерге назар аударсақ, 1926 жылғы санақпен салыстырғанда 1 миллион 247,7 мың, яғни 3575,3 мың адамнан 2327,6 мың адамға немесе 35,8 %-ға азайған. Бұл қазақ халқының республикадағы үлес салмағының айтарлықтай төмендегендігін байқатады. Демек, демографиялық апаттың салдары 1931-1933-жылдардағы аштықтан қалыптасқан. Халықтың мұндай қайғылы жағдайға ұшырауы күштеп ұжымдастырып, қолындағы мал-мүлкін талап алу, қинап отырықшыландыруға тырысу мен қуғын-сүргінге ұшыратып, «бай-феодал» деген желеумен дәулетті және орташа қазақ отбасыларын қуғындалуынан болды. Олар қырғыннан аман қалу үшін шетелдерге көшуге мәжбүр болып, көп қиындықтар көрді.

1928 жылы 27 тамызда ҚазОАК мен ҚАКСР ХКК-нің «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы» қаулысы шықты. Осы қаулының мазмұнына назар аударсақ, 19 түрлі белгісіне қарап, тәркілеу шараларын жүргізу керектігі баяндалған. Яғни, халықтың ішіндегі әлді және ауқатты деген топтарын жалған жалалармен қуғындау, талап алу, басқыншылық әрекет пен жымысқы саясат жүргізу. Демек, қазақ халқының ғасырлар бойы дәстүрлі салтымен келе жатқан шаруашылық құрылымдарын бүлдіру, тұқырту және қазақты жер бетінен ұлт ретінде жоғалту әрекеттері жасалды.

Қазақ қоғамындағы көш бастаушы ұлттық саяси элита мен дәулетті топты әдейілеп қуғын-сүргінге ұшыратты. Өйткені, олар кеңестік жаңа құрылым мен тоталитарлық жүйеге қарсы тұратын ең ықпалды күштер деп есептелді. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бірі және бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазған еді: «Байшылдық емес, барды сақтау керек». Көрегендікпен айтылған сөз. Себебі, ұлттың нағыз жанашыр перзенттері халықтың болашағы мен тағдырына алаңдап, күрестер жүргізген болатын.

Қазақстанда 1932-1933-жылдардағы ашаршылық салдарынан халық саны азайды. Мысалы, статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, 50%-ға жуық республика халқынан шығын болды. Нақтырақ айтсақ, 2 миллион 300 мың адам көз жұмған. Ал, тірі қалғандардың бірқатары Қытай, Ауғанстан, Ресей, Иран, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан жеріне бас сауғалаған. Өйткені, ұрпағын сақтау, нәубеттен аман қалудың амалын ойластыру қажет болған. Олай жасамайынша аштықтан қырылады немесе қуғын-сүргінге ұшырап атылатын еді. Сондықтан, шетел асқан ағайынды өздігінен кетті немесе қара бастарының қамы үшін өтті деп айыптауға келмейді. Олардың ішінде тектісі, естісі сол кездегі ұрпақтарына «Түптің түбінде аман болсаңдар, ата қоныстарыңа оралатын болыңдар» деп ескертіп кеткен ғой. Міне, осы күнгі елімізге оралып келіп жатқан қазақтар сол бір қиын-қыстау кезеңде шетелге өтіп кеткен қандастарымыздың ұрпақтары.

1931-1935-жылдардың аралығында ұжымдастыру 30,3%-дан 95%-ға жеткізілді. Ол уақытта бүкіл қазақ жұрты толқу үстінде болды. 1929-1931-жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс болып, оған халықтың 80 мыңы қатысты. Қарсылық көрсетудің бір түрі 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейін 281230 шаруашылық отбасы Қытай, Иран және Ауғанстан жерлеріне көшіп кетті. Жалпы, ашаршылық жылдарында шетелдерге қазақ жерінен 1 миллион 130 мың адам көшіп, оның 676 мыңы сонда қалып, 454 мың адамы қайта оралған. Ашаршылықтың алдындағы халықтың көтерілісін басу үшін ОГПУ-дың қарулы жендеттері 1929-1931-жылдың аралығында 5551 адамды қылмыскер деп жауапқа тартып, оның 883 адамын атқан.

1930-1931-жылдары «кулактық жер аудару» деген желеумен республикадан 6765 адам күшпен қоныс аударылды. Оның есесіне көптеген шаруалар басқа жерлерден қазақ жеріне қуғындалып келді. Кеңес үкіметінің қуғындауды ұйымдастыру кезінде салынған ГУЛАГ-тың, ОГПУ мен НКВД-ның мәліметтеріне қарағанда республикаға 46091 отбасы немесе 180 мыңнан аса адам қоныс аударылған. Ал, 1929-1933-жылдардағы қылмыстық істен 9805 қаралып, 22933 адамға шешім шығарылып, оның ішінде ауыр қылмысты деп атуға 3386 адам тіркелсе, лагерлерге қамауға 13151 адам жіберілген.

Қуғындау «үштік» арқылы жүзеге асырылды. Оған партиялық комитеттің бірінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы және жергілікті ОГПУ бөлімшесінің бастығы енді. Әр жерлерде байлар мен орташалардың тізімін жасау үшін жергілікті ОГПУ қызметкерлері айналысты. Оған қосымша ауыл аймақтың атқамінер белсенділері де тізім жасауға, көрсетуге кірісіп отырған. Демек, Кеңес Үкіметі халыққа қарсы қарулы әскери топтарды пайдаланған. Әдейілеп жасалған қысымда салықтың түр-түрі болды. Мысалы, ет, астық, мүлік деген сияқты. Бір сөзбен айтқанда, халықтың құқы аяқ астына тапталып, тонаушылық әрекеттер көрініс берді.

Қазақ жерінде ашаршылық салдарынан жетім балалар да көбейіп кеткен. Мәселен, ол кездегі үкімет адамдарының есебі бойынша 1932 жылғы мәліметтерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылдың басынан соңына дейінгі аралықта жетім қалған балалардың саны 2000 мыңнан 9170 адамға артқан. Сондай-ақ, жергілікті үкімет қызметкерлері балалар мекемесін жөндеу және жас сәбилерді жинақтау мәселелерін күн тәртібіне қойып, жиналыста талқылаған .

Қазақ халқының тағдыры мен тарихына қатысты отандық тарихшылардан басқа ресейлік және шетелдік ғалымдардың да еңбектері жарық көруде. Бірақ, бір ескеретін мәселе бар. Ол шетелдік ғалымдардың әрқилы бағалаулары мен қорытындылары, ұстанымдарына сын көзбен қарау мәселесі. Қалай дегенмен де, жат жұрттықтар қазақ елінің тарихын шынайы жазып, дұрыс баяндап бере алмайды. Өйткені, олардың дүние танымы, ұстанымы, мақсаты мен мүддесі басқаша және біздің елдегі мұрағат қорларында сақталған құжаттар олардың қолдарында жоқ. Сондықтан, шетелдіктер сырттай болжамдар мен сипаттаулар ғана жасай алады. Оның өзін біздің ғалымдар сын елегінен өткізіп, салыстырмалы түрде пайдаланғаны жөн. Ал, олардың еңбектерін асыра мақтау немесе ақиқат деп тану дұрыс бола қоймайды.

Сол үшін еліміздегі ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын ғалымдар облыстық, республикалық мұрағаттардың материалдарын әлі де жете қарастырып, сараптаулар мен қорытындыларды жеке-жеке облыстар бойынша және республика көлемінде зерттей түсуі қажет. Оған қоса ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қасіретті оқиғаларға толы тарихтан мәлімет беретін және сол уақытта жазылған, сирек кездесетін төте жазудағы кітаптар мен қолжазбалар, қаулы, қарарлар бар. Ел ішінде аз да болса көкірегі хат қариялар кездеседі. Солардың балалық шақтағы көрген-білгендерін, естігендерін жинақ ретінде әр облыстан топтап шығару қажет. Өйткені, өткен тарихтың зұлмат оқиғалары мен ащы шындығы болашақ ұрпаққа аманат және тағылым болып қалуы тиіс.

Қазақстандық демограф Мақаш Тәтімов осы аталған нәубеттер мен соғыс қырғынына ұрынбағанда қазақ халқы осы күнде 30 миллионға таяу өскен болар еді деп жазады. Иә, расында қазақ жұрты ондай апаттардан аман болғанда халқымыздың саны артып, осы күнде айдарынан жел есіп тұрар еді. Дегенмен, тәуелсіздік жылдарында 1 миллион қандастарымыз қайта оралды. Оның өзі үлкен жақсылық. Себебі, қазіргі жаһандық жағдайда ұлттың ұлт болып сақталуы үшін көп мәселені ескеру қажет. Соның ішінде халық саны өсуі керек. Ал, халық негізгі екі түрлі жолменен көбейе түседі. Біріншіден, жергілікті жұрттың табиғи өсіміне жағдай жасап, мемлекет тарапынан қамқорлықты әлі де болса жақсартып, күшейте түсу қажет. Екіншіден, шет мемлекеттерде шашырап жүрген қазақтардың елімізге келуіне, тұрақтанып тұрып кетулері үшін көрсетілетін көмектерді нақтылау және қадағалау керек. Сондай-ақ, оларды ортаға бейімдеу, жұмыспен қамту мәселелері мемлекеттік деңгейде жете бақылануы тиіс.

Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей еліміздің басты байлығы – халық екені баршаға мәлім. Сондықтан еліміз болашақта әлемдік қауымдастықтағы өркениетті елдердің қатарынан қалмай нық және мығым тұруы үшін халқымыздың саны өсуі керек. Яғни, қазақ халқы алдағы уақытта іргелі елге айналып, тәуелсіздігін баянды етуге сәтті қадамдарды қазірден айқындай түсуі қажет.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының
аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − five =