ҚАЗАҚТЫ ҚАЙТСЕК ТАНЫТАМЫЗ?

0 117

Шетелдiктер Қазақстанға «қазақты көрсем» деп келедi
Ұлтшылдық сезiмiмiз, ел-жұртқа, ұлтқа деген сүйiспеншiлiк бойымызды билеген сәтте көбiмiздiң жүрегiмiз шымырлап сала бередi. Әлденеге жанымыз ауырып, тiптi жылағымыз келедi. Неге?.. Бұл, әрине, өткен ғасырда әйгiлi «Екеудiң хатында» («Екеу» – Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов. – авт.) жазылғандай, бiздiң әлi күнге тiленшi ұлтшылдықтан арыла алмай жүргендiгiмiзде. Ұлттық сана-сезiмiмiздiң қоғамдық тұрғыда толыспағандығында. Елдiк мүдденi екiнiң бiрi ойлай бермейтiндiгiнде.

Расында да, «бiздiң ұлтшылдығымыз әлдекiмдi басып-жаншып, кемсiтудi көз-деген ұлтшылдық емес, өз тiлiмiздi, дәстүрiмiздi сақтап қалу жолындағы ұмтылыс, тiленшi ұлтшылдық» деп тұрып, өз бойындағы отаншылдық сезiмiнiң жай-күйiн түсiндiрмек болған едi әйгiлi «Екеу». Олар шын мәнiндегi Алаш қайраткерлерi, қазақ қаһармандары болатын. Алаш қайраткерлерiне қаржы жинап берiп, газет шығаруға, ұлтқа қызмет етуге қолдау бiлдiргендер де сол замандағы қазақтың бай-манаптары, ұлттық буржуазия едi.
Өкiнiштiсi сол, бүгiн атақты тұлғаларымыздың, қалталы байларымыз бен шен-шекпендiлерiмiздiң бойынан елжандылық, ұлттық сезiм, азаматтық намыс пен қайраткерлiк табу қиынға айналып барады.

Есiмнен кетер емес, осыдан бiрнеше жыл бұрын Сенат төрағасы болып отырған тұста Оралбай Әбдiкәрiмовтың шетелдiк делегацияны қабылдап отырып: «Бiздiң тiлiмiз негiзiнде – қазақ тiлi. Мен мына аудармашы қызымыз қазақша бiлмейтiн болғандықтан ғана орысшалап отырмын», – деп еңсесi түсе сөйлегенi бар. (Ол оқиға «Қазақ әдебиетi» газетiнде жүргенiмiзде жазылды да.) Сол сәт ұлты қазақ болса да, ағылшынтiлдi қонақтардың әңгiмесiн орысша жеткiзiп отырған тiлмәш қыздың шықылықтап күлiп алғаны да көз алдымызда. Өкiнiштiсi сол, тiлмәш қыз өзiнiң ана тiлiн бiлмейтiнiнен қысылмады. Ал Әбдiкәрiмов мырзаның әлгi сөздi неге айтқаны түсiнiктi едi. Ол, әрине, шетелдiк меймандарға Қазақстанның негiзгi мемлекет құраушы ұлты – қазақ халқы туралы кеңiрек мағлұмат бергiсi келдi. Қазақстанға келiп тұрып, шетелдiктердiң қазақтың шын мәнiндегi бет-бейнесiн көрiп, танысып, қазақтың тiлiн естуге мүмкiндiк ала алмай кетiп бара жатқанына өкiнiш бiлдiргендей болды…
Өткен жылы Мысырдың Елшiсiнен сұхбат алып отырып: «Туыстарыңызға Қазақстаннан қандай базарлық апарасыз?» деп сұрағанымызда, олардың қа-зақтың салт-дәстүрi мен негiзгi ұлттық ерекшелiгiн паш ететiн кәдесыйларға, ұлттық бұйымдарға құмартатыны байқалған. Шынында да, Астанаға табан тiреген әрбiр шетелдiк мейман ең алдымен бұл елден жергiлiктi халықтың, мемлекет иесiнiң менталитетiн, ұлттық болмысын танытатын дүниелер iздейдi. Байыптасақ, қазiр қаламызға бiр жылда шамамен 50 мыңға жуық шетел азаматтары қонаққа келедi екен. Олар да, әрине, Қазақстанға келген соң ҚАЗАҚ-тың өзiн iздейдi. Ал бiз, Астана жұрты сол шетелдiк мей-мандарды қазақ болып қарсы алып отырмыз ба?

Ұлттық асханаларымыз
ақсап тұр
Қонақ қылудың ең басты шарты – дастархан жаю. Сондықтан, бiз қонақта-рымызды қалай қарсы алып жүргенiмiздi байыптамақ болып, қаламыздағы ұлттық асханаларды аралап шықтық.
Осыдан екi жылдай уақыт бұрын Астананың дамуы мәселесi бойынша жиын өткiзген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Шетелдiктер әдетте елiмiздiң ерекшелiгi туралы көп бiлгiсi келедi. Қалғанының барлығын олар көрдi. Астанада қандай мейрамхана жоқ? Барлығы бар. Алайда, ұлттық асхана ақсап тұр. Қазақ мейрамханалары iс жүзiнде жоқ», – деп сын айтқаны есiмiзде. (2009 жылдың 8 қазанындағы келелi кеңес). Алайда, бiз бүгiн де айтылған сынның әлi күнге түзелмегенiне куә болдық.
Рас, қаламызда тұтынушыға қызмет көрсету ауқымы кеңейiп келедi. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, ұйғыр, өзбек, түрiк, тiптi итальян тiлiнде қалауыңызды сұрап, бабыңызды табатын орындар да бар. Бiрақ, мейрамхана мен дәмханалар тiзiмiн қарағанда, шындығы сол, бөтен сөзден көз сүрiнедi. Қаламыздың сайтында тiркелген асхана атауларының 40 пайызға жуығы –ағылшын тiлiнде. Тағы 40 пайыздайы – орыс тiлiнде. Ал қазақ тiлiндегi атаулар 15-20 пайызды ғана құрайды. Байқағанымыз, олардың iшiнде «Жетi қазына», «Отырар», «Қыпшақ», «Сарыарқа», «Тұран», «Тұмар», «Түркiстан», «Жiбек жолы», «Бiржан – Сара»», «Наурыз» сынды қазақтың тарихи тұрмысына, салт-санасына тiкелей қатысты ұғымдар бар. Алайда, көпшiлiгi қазақша атау иеленсе де, қазақ әлемiне жат болып келедi.
Турасын айтайық, «Киш-миш», «Кишлак», «Хива», «Алладин», «Алаша»… – осы қатарлы көне шығыстық атаумен аталатын дәмханалардың бәрi өзбектер мен ұйғырларға тиесiлi. Бұлардың қай-қайсысына кiрсең де, өз ұлттық киiмiн киiнiп, ұйғырша иiлiп, өзбекше сайраған қызметкерлер көңiлiңдi хан сарайындағыдай күйге бөлейдi. «Егоркино», «Пекинская утка», «Арарат», «Тифлись», «Багратион» т.б. ұлттық асханалар да солай. Бұлардағы қызметкерлердiң киiмiнен бастап, тiлi, тiптi, ғимараттың iшкi, сыртқы безендiрiлуi де өз иесiнiң кiм екенiн айтпай аңғартып тұрады. Ал қазақтың «Отырары» немесе «Жетi қазынасы», «Түркiстаны» немесе «Тұмары» ше?.. «Отырар» дәмханасынан, мәселен, қазақта Отырардай қала болғанын, оның Шыңғысхан қолымен қиратылып, жер асты қиындыларына айналғанын, Отырардың қазақ жерiнде көне шығыстық рухтың бiр жаңғырығы болып қалғанын сезiне аламыз ба?.. Өзегiмiздi өртейтiн де осы. Аты тарихи ұғымдар болғанымен, бұлардың көпшiлiгiнен қазақтың иiсi де шықпайды. Бүгiнгi күннiң мысалымен айтқанда, бейне «Мерседес» атты көлiгiмiздi «Жигулидың» немесе «Мазданың» жабдықтау құралдарымен әшекейлеп отырған тәрiздiмiз…
«Тайқазан» атты дәмхана да солай. Қазақтың ертедегi тарихын, Ақсақ Темiр дәуiрiн еске салатын Тайқазан сөзi iшi кiлең «СССР» деген Қызыл империяның естелiгiне толы суреттер мен кескiндермен көмкерiлген.
Байқағанымыз, елордамызда, расында да, ұлттық асхана мәселесi әлi ақсап тұр. Ал аз да болса, бiздiң ұлттық дәстүрiмiз бен салтымыздың сарқыншағын «Жiбек жолы», «Тұмар», «Наурыз» мейрамханасынан ғана көруге болады.

Америкада қазақ ауылы бар
Айта кететiн бiр жайт, елiмiзге келiп, бiздi тани алмаған туристер Калифорнияға барып, қазақ әлемiн көре алады. Осыдан екi жыл бұрын халықаралық ақпарат көздерi АҚШ-тың Калифорния штатындағы Малибу қаласынан «Kazakh Land» деп аталатын қазақ ауылы құрылғанын хабарлаған. Атқа мiнiп, бүркiт салып, ет асып жеп, қымыз iшiп, кәдiмгi қазақтың ертеректегi салты бойынша күн кешiп көруге мүмкiнiдк беретiн бұл ауыл Малибу жағалауында орналасқан. Мұнда көбiнесе Американың атақты әртiстерi, Голливуд жұлдыздары барып, дем алып жатады. «Kazakh Land» этникалық ауылы iшi-сырты қазақтың ұлттық салты бойынша жасақталған киiз үйлерге толы. Мұнда демалушыларға «Бесбармақ», «Чак-чак», «Икра» деген үш мейрамхана қызмет көрсетедi. Үшеуi де қазақтың ұлттық асханасы. Осылайша Астанада жоқ ұлттық асханамызбен америкалықтар өздерiнiң Калифорниясында таныса алады. Онда, тiптi, қазақтың қобызы мен домбырасымен, тiлiмен, тұрмыс-салтымен танысып, қазақ әндерiн тыңдайды.
Айтпақшы, бұл ауылға келушiлерге арналған қонақ кiтабы бар. Соған: «Уик-эндтi (яғни, апта соңындағы демалысты. – авт.) керемет өткiздiм. Рахмет! Мұнда бәрi фантастика секiлдi!» – деп жазып кетiптi демалысқа екi баласымен келген Синди есiмдi әйел. Ал Джон және Сильвия есiмдi ерлi-зайыпты этникалық ауылда киiз үйдi қалай тiгiп, жинайтынын үйренiп, неше түрлi қызыққа батқанын және кәдесый ретiнде кiшкентай ғана үйшiк алып кеткенiн баяндайды. Серж бен Дженифер есiмдi қонақ Малибудағы қазақ ауылында Голливуд жұлдыздарын, тiптi Анджелина Джолидiң өзiн көргенiн қуанышпен жазады.

Сөз соңы
Әңгiмемiздiң басында, ұлттық сезiм бойымызды кернегенде көңiлiмiз босайды деген болатынбыз. Жанымызға бататыны – өз елiмiзде барымыздың бағаланбайтыны. Жұмыртқадан жүн қырқатын қалталы, iскер азаматтарымыздың, бай-манаптарымыздың ұлттық мүддеге мойын бұрмайтындығы. Әйтпесе, «Тайқазанға» «СССР-дың» қатысы қандай? Сол секiлдi, қазақтың тарихына, тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты ұлттық атаулы асханаларға орыстың моласында iлiнiп тұратын қатып қалған гүл мен жәй картиналар, арақ-шараптың суретiн iлiп қою қандай идеяға сыяды?
Шын мәнiнде, көшеге, кез келген мекемеге ат қоюдың өзi – идеологиялық мәселе. Бұл орайда, оны атына сай безендiре бiлу де саналылықты бiлдiредi. Өйткенi, тарихи атауға ие мекеменi тарихи ұғымдарға сай көркемдеудiң өзiнiң ақпараттық, танымдық, ағартушылық сипаты мол.
Әрине, «мен елiм үшiн не iстей алам?» дегендi санасына сiңдiрген адам ғана кiшкентай аяқ киiм жамайтын етiкшi дүңгiршегiн ашса да, атын қазақша қойып, қазақтың ұлттық мүддесiн таптамауға тырысады. Ондайлар мекемесiне қазақша атау, анау-мынау емес, тарихи атау берген соң, қазақ тарихын паш ететiн көрiнiстермен безендiрiп, саналылық танытады.
Алаш арысы Әлихан Бөкейханұлы: «Ұлтқа, жұртқа қызмет ету – бiлiмнен емес, мiнезден» деген. Заманымыздың заңғар тұлғасы Әбiш Кекiлбаев та ұлтына қызмет еткiсi келген адамның биiк лауазымға, мансапқа ұмтылмай, терiнiң қолына тиген пұшпағына ие болып отырып-ақ көпке қызмет етуге болатынын айтқан. Расында да, инеге жiп өткiзсе де, қазағыма жамау болсын деп тiлейтiн адам ғана алды-артын адаспай қомдайды.

P.S.

Өткен ғасырдың басындағыдай газет шығаруға ақша жинап берiп, қоғам қайраткерлерiн қаржылай қолдамаса да, ақсап тұрған ұлттық асхана мәселесiне ден қойып, қазақтың ұлттық буржуазиясы бизнестiң басын ұлттық мүддеге бұрса, қанеки!

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 1 =