ҚАЗАҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН ҚАЛАМГЕР

0 177

голдберг-2

Моисей Михайлович Гольдберг. Майдангер. Қаламгер. «Алеф» еврей мәдени-ағарту, қоғамдық-саяси қоғамының төрағасы.
Соғыс алдында Павлодар облысына Украинадан көшіріліп келген. 1943 жылы Моисей Гольдберг әскер қатарына шақырылады. Одессадағы ұшқыштар даярлайтын мектептің курсанты болып жүргенде жарақат алып, Павлодарға оралады. «Большевистский путь» атты облыстық газетте журналистік жолын бастап, 1955 жылы ТАСС-тың Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болады. Одан кейін Целиноград облыстық радиосын 15 жыл басқарады. Ұзын-ырғасы 70 жыл бойына Қазақстан журналистикасына адал қызмет еткен ол қазақстандық әскерлердің майдан жолындағы даңқ-шежіресін жасады.

 

– Сұм соғыстан қайтпаған боздақ­тардың төгілген қасық қанының қай­та­рымы, қиылып түскен өмірі­нің өтемі болсын деп серт етіп, қолыма қалам алдым. Содан бері майдангерлердің өшпес ерлігін әңгімелеп, қағаз бетіне түсіру мен үшін қастерлі міндетке айналды. Аз жасаған жоқпын, журналистік жолында талай тұлғалармен жүздесу­дің сәті түсті. Олардың арасында май­дангерлердің орны бөлек. Қайда жүрсем де қазақ жерінен ат­тан­ған майдангерлердің ізін тауып,­ ерлігін елге жеткізуді жөн санадым. Менің кейіпкерлерім ерлігімен де, өшпес даңқымен де жалқы емес. Әрқайысының сыртында отан үшін жанын пида еткен бізге бел­гі­сіз сол­дат­тардың ерлігі тұр. Менің жаз­ған­дарым миллиондаған майдангердің өмірі мен өлімінің бір үзігі деп түсінген жөн, – дейді Моисей Михайлович.

 

ӘСКЕННІҢ ЕРЛІГІ

Журналист майдангер 64­-­ар­­­мия­­ның қол­бас­шысы маршал Михаил Шуми­ловпен кездеседі. Оның әскері Сталинград шайқа­сында Паулюстың армиясын тізе бүктіріп, атақты фельдмаршалды тұтқынға түсіргені тарихтан белгілі. Оның Мәскеудегі пәтеріне іздеп келіп, кездесуінің себебін сұрағанда: «Сіздің армияда көптеген қазақ­стан­дықтар соғысты» деп жауап береді. Сонда Шумилов ойланбас­тан: «Иә, қазақстандық 29 диви­зия болды. Шетінен ержүрек батыр­­­лар еді. Дивизияны полковник Колобутин басқарды. Ол Став­ка­ның алдында жақсы көріну үшін қоластындағыларды жалаң қолмен оттың астына жібермейтін қам­қор­шы басшы еді» деген екен. Ақмолалық 29-шы дивизияда соғыс­қан әскерлердің арасынан Михаил Алексеев, Олесь Гончар, Андрей Дубицкий сияқты көп­те­ген әдебиетшілер шығыпты. «Осы­лар­дың ішінде Әскен Набиев – Сталинград шайқасында ерлігімен көзге түскен ержүрек батырлардың бірегейі еді» дейді қарт қаламгер жылылықпен еске алып.

Ол Сталинград шайқасына Сергей Гороховтың 124-ші атқыштар бри­га­дасының құрамында қатысады. Еділ бойындағы қаланың әрбір тұтам жері үшін жан берісіп, жан алысқан соғыста ерлігімен көзге түскен жерлес жауынгер туралы Гольдберг былай әңгімелейді: «Шайқастың ауыр күндері. Бригада комиссары Владимир Греков блиндажда бұқпай алдыңғы шепте қалың қолдың жанында жүреді. Ол Әскенге жақындап келіп: «Мына өзеннің арғы жағынан сенің өскен жерің басталады. Мына кеулеп бара жатқан фашизм індетін жоюға сіз бен біздің күшіміз жете ме екен?» деп сұрапты. Сонда Әскен: «Нәби атама хат жаздым. Біздің даланың батырларын ұятқа қалдырмаймын деп ант беріп, ауылыма жеңіспен ораламын деп уәде еттім» деген екен.

Моисей Михаилович деректі әңгімесінде Әскеннің соңғы шайқасы туралы жақсы суреттейді. «Оқ тиіп жараланған жас өрімнің қанша жатқаны белгісіз, бір мезетте көзін ашса, әскердің кейін шегінгенін біледі. Жауға тірідей берілмес үшін, соңғы күшін жинап, екі тәулік бойына жер бауырлап жылжып, өзіміздің шепке жетеді. «Әскен айналайын, көзіңді аш, тірі екенсің ғой!» деген взвод командирінің даусын естігенде, басынан алған жарақатының салдарынан есінен танып құлайды. Дәрігерлер оның денесіндегі бірнеше жарақатты таңады. Атақты Павловтың шәкірті сексен жастағы еврей-хируг соғыс жағдайында өте күрделі нейрохирургиялық операция жасап, басынан қадалған снарядтың жарықшағын алады. Операциядан кейін көзін ашысымен қайтадан соғысқа жіберуді сұрапты жас батыр.

Әскеннің соғыстан кейінгі өмірі жайында Гольдберг былай әңгімелейді. Бірде сол кездегі Целиногард облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Кручинаға генерал-полковник Греков телефон шалады. Бұл майдан шебінде Әскенмен бір ауыз тілдескен комиссар Греков екен. Ол Әскеннің тұрмыс жағдайының онша емес екенін майдандас достарынан естіп біліп, облыс басшысымен байланысқан беті екен. Осыдан кейін көп ұзамай Ә.Нәбиев отбасымен жаңа пәтерге көшеді. Кейіннен балалары өсіп, одан да жақсы үйге көшудің реті болса да, жарықтық Грековтың қолдауымен қолы жеткен үйінде тұруды жөн санапты.

 

МӘНШҮК ЖӘНЕ МОИСЕЙ

Қазақтың батыр қызы мен Моисей Михаиловичтің қандай байланысы болуы мүмкін дерсіз. Тікелей. Майдангер журналист Гольдберг Мәншүк Мәметованың даңқты жолымен жүріп өтіп, оның қарулас достарымен кездесіп, соғыс тарихын ерен ерліктің тағы бір баянымен толықтырған еді.

Мәншүктің полктасы, байланыс офицері Шүкіржан Сыздықовпен көп жылдар бірге жұмыс істейді. Оның естелігі арқылы Мәншүктің нәзік болмысын, ерлікке бастаған өрлігін танып, қағазға түсіреді. Мәншүктің соңғы шайқасын былай суреттепті. …Ұрыстың ең қызған сәтінде Мәншүк жанындағы екі «максимканың» үнсіз қалғанын байқайды. Артынша бәрі жау қолынан ажал құшқанын түсінеді. Ал, Мәншүк болса серіктерінің қаза тапқанын білдірмес үшін, бірінен екіншісіне еңбектеп барып, үнсіз қалған пулеметтерге жан бітіріп, жаудың шебіне қарай оқ жаудыруды тоқтатпайды. Сөйтіп, бірнеше сағат бойына соғысты жалғастырады.

«Оның өлімі соғыстың қанды тарихының өшпес жолдары деп санаймын» дейді Гольдберг.

…Мәншүктің дәл жанынан ауыр мина жарылды. Беті қанға боялып, бір сәтке дүние төңкеріліп кеткендей болады. Кенеттен төбеге жапатармағай көтерілген гит­лер­шіл­дердің дарылдаған дауысынан оқыс басын көтеріп алып, тағы да пуле­метін жауға қарсы кезенеді. Дұш­пан­ның жолын бөгеген батыр қыз қос қолымен «максимді» құшақтаған күйінде мәңгілікке аттанады.

Бұл 1943 жылдың 15 қазаны еді. Осы оқиғаны майдан қолбасшысына мәлімдегенде, батыр қызды жоғары әскери құрметпен жерлеуге бұйрық беріледі. Оның қабірінің тұсынан барлық роталар мен батальон қаралы шерумен тағзым етіп өтеді. Көптеген газеттерде «Кек аламыз!» атты тақырыппен мақалалар басылады. Невельдіктер қазақтың қызын қасиетті құтқарушымыз деп еске алады екен.

 

ТАҒДЫР ЖОЛЫҚТЫРҒАН ЖАНДАР

Берлиндегі жеті мыңнан астам жауынгер жерленген Трептов паркіндегі азат етуші жауынгерге қойылған ескерткіш бар. Қолында немістің қызын көтеріп, фашизмнің белгісін табанымен таптап тұрған кеңес әскерінің жиынтық образын мүсінші Е.Вучетич жасаған. Ескерткіш 1949 жылы 8 мамырда салтанаты түрде ашылған болатын. Қаламгердің журналистік жолы осы ескерткішті сомдауға үлгі болған кеңес армиясының сержанты Иван Степанович Одарченкомен кездестіреді. Ол Ақмоланың азаматы болатын, кейіннен Тамбовқа көшіп, сексеннен асқан шағында дүниеден өтті. Моисей Михаилович жерлес майдангерді іздеп тауып, хабарласып ол туралы да естелік жазды. Соңғы хабарласқанында мына жаңалықтарды білген еді. Бірде Иван Степанович қалалық бақта немересімен қыдырып жүреді. Олардың жанына өткен тағы бір мүсінші келіп, атасы мен немересінің демалып отырған сәтін сомдауға келісуін сұрайды. Осы жаңалықпен бөліскен Одарченко бейнесінде майдангердің шау тартқан шағының да көрінісі тұрғанын айтты.

Ардагерлерге қандай белгі қойып, ерлігін қалай дәріптесек те артық етпейді. Өйткені, олар майдан даласында қалған жауынгерлердің арман үмітін, өмірге құштарлығын аманат етіп елге ала келді.

Моисей Михаиловичпен кездесу кезінде КСРО халық әртісі, дири­жер Владимир Спиваков батасын берген Руслан Тұрынтаевтың шығар­ма­шы­лығына бас-көз болып, қолына келсе, қаржылай қол ұшын беріп жүргенін білдім. Сексеннің сегізіндегі қария дарынды қазақ баласына қамқоршы болғанын мақтан тұтады.

Соғыстың сұрапыл өрті баяғыда басылды. Сол кезеңнің солдаттары фашизмді жеңді. Бүгінде бей­біт­ өмірдің тынышын алып, елдің ынтымағына сына қаққысы келген­дер­дің қарап жатпайтынына қарт жауынгер қатты алаңдайды. Алайда, бірлігі мықтыны жау алмайды дейді. Осы сенімді ту етіп, этносаралық қаты­нас­тың беки түсуіне барын салып жүр.

Моисей Гольдберг бірлікті нығай­тып, кез келген зұлымдыққа қарсы тұратын игі істермен өнеге көрсетіп, қоғамды ізгілендіре түсуді қарт май­дан­гер­лердің ақырғы міндеті деп санайды.

Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =