Қазақты ауа көшірген ашаршылық

0 138

1924 жылы большевиктердің XIV партия съезінде бүкіл елді индустрияландыру жоспары жарияланғаннан кейін, қазақ елін алапат аштыққа ұрындырған саясаттың алғашқы ұшқындары біліне бастады.1925 жылы Қазақ жеріне келген Голощекин қазақтың сән-салтанаты асқан ауылын көріп «Қазақ жерін ұлы қазан революциясы айналып өтіп кетіпті. Қазақстанға кіші қазан революциясын жасау керек» деген екен. Осы идеяға байланысты алғашқы кезде қазақтардың жерін, шабындығын, жайылымын тартып алады. Ол тиімсіз болғандықтан, Одақта байлардың мал-мүлкін кәмпескелеуге басқаша дайындала бастайды. Көшпелі аудандарды отырықшыландыру үшін не істеу керек деген сауалға бас қатырады. Сөйтіп, қазақтың ең осал тұсы – олардың малын тартып алу керек деген шешімге келеді. Кәмпеске науқаны бойынша алты округ болды. Сырдария, Орал, Ақмола, Семей, Петропавл, Павлодар округтері. Голощекин 1930 жылы Мәскеудегі бір жиында «Мен төрт жыл бойы кеңес өкіметіндегі индустриялды қалалардың бәрін тегін және арзан етпен, астықпен қамтамасыз етіп отырамын деп уәде береді. Соның есебімен біздегі малдарды есепсіз сойып тастап, елді ашаршылыққа ұрындырады. Ол солай шығар. Бірақ жазушы Қабдеш Жұмаділов «Кеңес өкіметі қазақтардың басты азығы қой-ешкіні құртып болған соң, жылқыларды қалай қырып салуын ойластырып, оларды сайға апарып пулеметпен атқылап, аямай қырып салған екен» дейді. Осыған қарағанда кеңес өкіметінің осындай аяусыздығы мен қазақ халқына қатысты іс-әрекеттері мәселенің тек индустрияландыруға ғана байланысты емес екенін меңзейтіндей. Себебі И.Сталин 1928 жылы Красноярскіде өткізген «Шығыс кеңесі» атты жасырын кеңесте бай-кулактарды тінтіп байлығын тәркілеуге тапсырма берген.

ШАРУА ҚАЛАЙ КУЛАКҚА АЙНАЛДЫ?

Үйлерінен екі мың пұттан артық астық шығатын болса, ол шаруаны кулакқа айналдырып, бар мүлкін кәмпескелеп өзін жер аударуға тапсырады. Осы жиналысқа қатысқан Голощекин «Ет, астық дайындауға байланысты бестік құрыңдар» деп Қазақстанға телеграмма жібереді. Тінту кезінде бестік Қазақстандағы ең бай шаруаның өзінен бір мың пұттан артық астық таба алмайды. Халықтың талғажау етіп отырған бес жүз, екі жүз, тіпті, он пұт астығына дейін тартып алады. Ет өткізуге байланысты әр үйдің қорасындағы малмен шартқа отырады. Мысалы, біреудің жалғыз сиыры болса, өкіметпен шартқа отырды. Сиырымды отыз айдан асқанша сақтаймын, өлтірмеймін, алты айдан кейін өкіметке өткіземін деген уәде алады. Шаруа жыл бойы малды асырайды. Егер мал өліп қалса, қылмыстық іске тартылады. Сол кезде сиыры өліп, 61, 131, 79 бап бойынша сотталғандар болған екен. Соның алдында нарықтық қатынаспен дамыған Кеңес Одағы 1928 жылға қарай нарық қатынасын жойып, «Соғыс коммунизмі саясаты» енгізіліп, елдің қолындағы барын жаппай сыпырып тартып алған екен. 1927 жылы жүргізілген мал санағында Сырдария округінде 6 миллион 680 мың мал болған. Бұлардың бәрі байлардың малы деп көрсетілген. Голощекин қазақ мемлекетінің береке ұстыны байлар екенін ұғып, олардың күшін жойып, дүниесін екі топқа бөліп тәркілеген. Бірінші топқа малы екі мыңнан бес жүзге жететін байлар жатқызылды. Бірінші топқа жатқызылған байлардың саны 89 болса, екінші топқа жатқызылған байлар саны 202 деп көрсетілген. 1930 жылға дейін жүргізілген кәмпеске науқаны кезінде Сырдария округының өзінде ғана 627 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, 322 адам жер аударылып, оның 7-еуі өлім жазасына кесілген. 19 адам он жылдан астам уақытқа сотталып кеткен. Енді бір құжатта Сырдария округіне қарайтын қазіргі Тараз, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда үш облыстан 96 бай ресми түрде кәмпескеленген. Олардың бар мүлкін тартып алып, өздерін Оралға жер аударған. Ресми түрде нақты тізіммен жасалған кәмпеске 1928 жылы аяқталған. Ал 1929 жылдан бастап, орташаларды, кулактарды тап ретінде жою науқаны басталды. Осы 1929-1930 жылғы сотсыз, сұраусыз қуғын-сүргінге ұшырағандар мен жер аударылғандар саны нақты емес және тәркілеу құжаттары архивтерде сақталмаған. Себебі террорлық әрекеттер құжаттанбаған. Саяси-қуғын сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы Президент Жарлығына сай құрылған мемлекеттік комиссияның алға қойған мақсаттарының бірі, сол кезде қанша адам қуғын-сүргінге ұшырағанын анықтау. Түркістан облыстық мемлекеттік архиві мен өңірлік архив осы құжаттарды қарап отырып жер ауған, кәмпескелеген байлардың отбасының тізімін қарап жатыр. Мысалы, Аралбаев Бекайдар, Аралбаев Жантөре деген Жаңақорғанның айтулы байларының мал-мүлкі кәмпескеленген. Бұрынғы тізімде жалғыз өзінің аты-жөні жүр. Ал, басқа жақтағы құжатта оларды жер аударғанда қасында әйелі, үш қызы болған. Тура сол сияқты, басқа байлардың да отбасының тізімдері тұр. Ол әкесімен, күйеуімен бірге жер аударылғаннан кейін, олар да қуғын-сүргін құрбаны болады. Осы ашаршылыққа, қуғын-сүргінге қатысты құрылған 11 комиссияның ішінде кіші комиссия – ауа көшу ісі бойынша зерттеу жасап жатыр. Ауа көшушілер – өкіметтің, қоғамның қысымымен өз жерін тастап ауа көшкендер. Солардың арасында қайтыс болғандар мен қайтып оралғандардың болжамы жасалу үстінде, – дейді Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университеті профессоры Әзіретәлі Тұрсын. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды анықтап, толықтай ақтау бойынша жұмыс жүргізіп жатқан Түркістан облысы бойынша комиссия мүшесі Әзіретәлі Тұрсын зерттеу кезінде Ғ.Мүсірепов бастаған Мансұр Ғатауйлин, Қуанышпаев, Жұмекен Алтынбеков, Емберген Алтынбеков бар әйгілі «Бесеудің хатындағы» Емберген Алтынбековке қатысты партия архивінен тың дерек табылғанын айтты. Сол Емберген Алтынбековтің әйелі Емберген Мағрауия 1991 жылы көзі тірі кезінде берген бір сұхбатында «Осы бесеу халық ашаршылыққа ұшырауда. Оларды қырып жатыр» деп Голощекинге хат жазған. Сонда, Емберген Алтынбеков «Марксизм-ленинизм» институтында проректор болып істеп жүрген кезі екен. Өзі Мәскеуде оқу бітіріп келген білімді жан еді. Голощекинге хат жазғаннан кейін, артынша оларға қысым жасаған соң, «Біз жазбадық, жаңылдық» дейді. Сол кезде Голощекин бесеуін бес жаққа қуып жібереді. Емберген Алтынбековті Жаңақорған ауданының хатшысы етіп жібереді. Мағрауия апай, «Біз Жаңақорған ауданына барған уақытымызда аштан өлген адамдар ана жерде, мына жерде жатқанын көз көрді» дейді. Ал, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін тастап қашып кеткен екен. Ембергенов Алтынбек сол хатшының орнына жұмыс істеген. Ол 1933 жылдың 28 желтоқсанында партия конференциясында жасаған баяндамасында, «1930 жылы Жаңақорғанда 30 мың тұрғын болса, 1933 жылы 10 мың адам қалған. 20 мыңы қайда?» дейді. Кәмпескеден кейінгі кез, аудан бойынша 497 мың бас қой мен ешкі болған. Қазір содан қалғаны – бес мың мал. Ал мемлекетке өткізген етінің көлемі әлдеқайда аз. Сонда басқа малдың бәрі қайда кетті деп сұраған. Бұдан кейін де Емберген Алтынбеков ел игілігі үшін жан аямай еңбек еткен.

ТАЛАЙ АДАМ БОСЫП КЕТТІ

Әңгіме барысында Әзіретәлі Тұрсын өзінің де туған жерінде өз өкіметінен қуғын көріп, елін тастап ауа көшушілердің ұрпағынан екенін айтты. Ол, «Менің ата-бабам 1930 жылы Жаңақорған ауданында тұрған. 1928 жылдан бастап ағайындар өзбек еліне көшіп кете барған. Әкемнің немере ағасы өзбек елінде кірекеш болып жұмыс істеп жүретін. Сонда менің әкем 17-18 жаста екен. Әжем екеуі ғана қалған. Екеуін немере ағасы келіп киіз үйін жықпай, заттарын түйеге артып, бір түнде көшіріп әкеткен. Мен 1960 жылы Тәжікстанда туылғанмын. Жаңақорған атырабынан көшкендер Өзбекстанға, оның Самарқанд деген жеріне, одан ары қарай Тәжікстан жеріне көшкен. Тәжікстанның жаңадан ашылған Пархар деген ауданына барған. Сол ауданды игеру үшін Тәжікстанға көшіп барған қазақтарды арнайы Пархарға орналастырған. Сонда Пархар мен Ауғанстан он бес-жиырма шақырымдай ғана жер. Міне, сол жерде мақтасын егіп жүрген қазақтарды қайта көшіру деген науқан тағы болған. Ауа көшушілерді ауданның атқамінерлері мен белсенділері – сол өздерінің ағайындары ОГПУ-дің адамдарын ертіп мылтығын шошаңдатып артынан іздеп барған. Мысалға, Тұңғышбай деген би өткен. Сол биді артынан қуып барғанда белсенділерді ауылдың жігіттері «Келгені екі-үш қана жігіт екен. Аяқ-қолын байлап Қызылсуға лақтырып жіберейік» дегенде, әлгі Тұңғышбай би «Әй, ол ұрпақтан ұрпаққа кететін кек қой. Ағайынды өлімге қимайды адам. Бұларға керегі мен ғой. Мен кете берейін» деп, жетпістен асқан ақсақал солардың алдына түсіп тұтқынға беріледі. Сол ақсақалды 1929 жылы әкеліп Шымкенттің түрмесіне қамайды. Сол жерден Оралға жер аударып жібереді. Осындай қысымдар бола бергеннен кейін Пархардың жерінде жүрген ағайындар Ауғанстанға өтіп кеткен. 1994 жылы Түркиядан шөбере-шөпшек боп келетін Әбдірайым Кепсі деген көкеміз келді. Ол «1930 жылы әлі емшекте екенмін» дейді. Бақыштың өзенінен атпен кешіп өтіп бара жатқанда көшбасшылары, «Балаларың жыламасын, дыбысы шықпасын. Жұбата алмасаңдар суға атып жіберіңдер» деп тапсырады екен. Бала жыласа дауысы жаңғырып жан-жаққа естіледі. Жан-жағы шекара. Сөйтіп, анасы емшектегі баланың аузын алақанымен басып отырған екен. Біздің әкеміз де өтетін болып дайындалғанда алдында бір күн бұрын шекарашылар тосқауыл болып, әкем арғы бетке өте алмай Тәжікстанда қалған» екен дейді Әзіретәлі Тұрсын. Сонымен, ол кісі ел-жер білетін ағаларының көзі тірі кезінде туған жерімді көріп қайтайын деп 2019 жылы Тәжікстанның қазақтар құрған «Гимн» деген колхозына барып қайтыпты. Қазір «Пархар» ауданында бір қазақ жоқ. Бәрі көшіп кеткен. Ең соңғы көшіп келгендер 1974 жылы келген дейді.
Таңқалатын жайт, Тәжікстанда ауылшаруашылығы реформасы жүргенімен кәмпескелеу, мал-мүлкін тартып алу, байларды, орташа байларды жою, науқандық ет, жүн, астық салық салу қазақ еліндегідей сұмдықпен жүргізілмеген екен.
Қазақ елінен ауа көшіп жан сауғалап барғандар бес-алты түйесі бар адам керуеніне қосылып, кірекештік жұмыс жасаған. Сөйтіп, жаз болса жеміс- жидек, қыста өрік-мейіз, мақта тасып отбасын асыраған. Соғыстан кейінгі кезде суға, тасқа қарамай тауға шығып кететін лэндлизбен Американың судаэккер деген көліктері келгеннен кейін кірекештік қызмет тоқтаған екен.
Таяу уақытта Тәжікстан, Қырғызстан, шекаралас Омбы, Орынбор, Астраханға сапар жоспарлап отыр. Негізінен, бұл комиссия қазақтардың Өзбекстанға, Қырғызстанға ауа көшуін зерттейтін болады. Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Моңғолға ауа көшкен қазақтар 800 мыңға жуық. Бұл сандар – әзірге болжаммен айтылғандар.

ҮРЕЙЛІ «ҮШ МАСАҚ» ТУРАЛЫ ЗАҢ

Әзіретәлі ағаның әкесі 1960 жылы елге келгеннен кейін шаруашылықта звено жетекшісі болып істеген. 1964-65 жылдары арпаның масағын теріп, бір дорба ғып жинап алып келе жатса, алдынан совхоздың парткомы шығып қалады. «Ау, өзіңіз коммунистсіз. Масақ теріп үйіңізге тасып жатқаныңыз қалай?» дегенде жүрегім тас төбеме келді» деген екен дейді. Себебі 1932 жылы 8 тамызда «Үш масақ туралы» заң шыққан. Үш масақпен ұсталсаңыз болды, сотталасыз, атыласыз. «Осы ашаршылық туралы зерттеу жұмыстарының ішінде «Үш масақ туралы» заң бойынша сотталғандар кімдер екенін анықтау тапсырмасы бар. Бұл жерде де ақталып қойған, бірақ нақты тізім саны жоқ. Қазақстан бойынша 125 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңы атылды дейміз. Бұл сан – әлі нақты сан емес» дейді ол.

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 3 =