«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстанның технологиясы – Жапонияға, табиғаты Швейцарияға ұқсаса деймін

Айдос БЕСПАЕВ, жас ғалым

0 367

– Айдос сен «Болашақ» бағдарламасымен емес, өз бетімен шетелге барып, Сингапурда білім алыпсыз. Бұл елге өз қалауыңмен бардың ба?
– Рақмет! Мектепті өте жақсы оқыдым. Ағылшын тілінде жетік меңгеріп шықтым. Содан кейін шетелге барып білім алсам деп ойладым. Алдымда сан тарау жол тұрды. Ұлыбританияға барып оқығым келді. Бірақ ол елдің дәмі тартпады. Бүгінде дамуы жағынан көш басында тұрған Сингапурға бардым. Азияның алпауыт елінде оқығаныма өкінішім жоқ. Көп дүниені көкірегіме түйдім. Алдымен сонда бір жылдай тіл үйрену және Наньянг технология университетінің дайындық курсынан өттім. Содан соң австралиялық Джеймс Кук университетінде IT – электрондық бизнес фа­культетіне оқуға түстім. Осы саламен бірге саясаттану және мемлекеттік басқару маман­дығын қоса игердім. Бұл университет – әлемге танымал біре­гей оқу орындарының бірі. Оқу ордасы орналасқан аумақ 200 гектарды алып жатыр. Бейнелеп айтқанда, өзі бір кішігірім қалашық. Мұнда тек студенттер ғана орналасқан. Бөгде адам­дар кіруге рұқсат жоқ. Оқу ағылшынша өтеді. Мен өзім жас­тайымнан компьютерге жақын болдым. Сондықтан уақыт талабына сай IT-саласының қыр-сырын үйренуді мұрат еттім. Ал Сингапур – инновациялық жаңа технология жағынан дамып тұрған мемлекет.
– Сонда бұл мемлекет осындай жетістікке қалай жетіп отыр?
– Сингапурда біздегідей аста-төк табиғи қазба байлық жоқ. Жер көлемі де шағын. Олардың ең басты капиталы – адам. Әсірелеп айтқанда, талантты, озық ойлы адамның миы, идеясы қатты қадірленеді. Бұл елді аяғынан тік тұрғызған, оның тұңғыш премьер-министрі – Ли Куан Ю мырза. Көрнекті қайраткер мемлекетті 1959-1990 жылдары басқарып, әлемде адам сенгісіз «Сингапурдың экономикалық секірісін» жасады. Ол үкімет басшысы болып тұрған кезінде жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 22 мыңнан 44 мың долларға дейін өсті. 1965 жылы ел тұрғындарының бес пайызы ғана сауатты болған. 1990 жылы яғни, отыз бес жыл ішінде халықтың тоқсан бес пайызы жоғары білімге қол жеткізді. Сингапурда заң қатаң, бәрі соған бағынады. Коррупция деген атымен жоқ.
– Оқу жүйесінде қандай ерекшеліктер бар?
– Білімге қойылатын талабы күшті. Оқу балдық рейтинг бойынша жүргізіледі. Жинаған балыңыз (GPA – grade point average) 2-ден төмен болса, автоматты түрде университеттен шығарады. Оқуға төлеген қаржыңызды қайтармайды. Қазір біздің елге Сингапурдың жоғары оқу орындарының өкілдері жиі келеді. Олар мұнда жай ат басын тіремейді. Дарынды, қабілетті балаларды өздеріне оқуға түсуге шақырады. «Сіз біздің елге келіп оқыңыз, тегін білім аласыз, шәкіртақы, баспанамен қамтимыз. Оқуыңызды аяқтағаннан кейін мұнша жыл келісімшарт бойынша жұмыс істейсіз» деген талап қояды. Осы талаппен біраз жастар сол жерде білім алуда. Мысалы, менімен бірге қазақ-түрік лицейін үздік бітірген, халықаралық олимпиа­даларда топ жарған жігіттер оқыды.
– Сіз солай барған жоқсыз ба?
– Жоқ. Мен өз еркіммен бардым. Бірақ маған да сол елде тегін оқуға мүмкіндік болды. Алайда олардың «оқу бітіргеннен кейін бізде қызмет атқарасыз» деген келісімшартымен келіспедім. Оқуымды аяқтағаннан кейін елге оралсам дедім. Егер сонда қалатын болсам, онда бес жыл немесе он жыл жұмыс істеу қажет.
– Қалған қазақ жастары бар ма?
– Бар. Өзім сонда қалған он шақты жігітті білемін. Олармен әлі араласып тұрамын. Кейбіреуі үлкен дәрежедегі лауазымды қызметке көтерілген. Мәселен, Шанхай мен Сингапурдың IT-департаментін басқаратын қазақ баласын танимын. Тағы да басқа достарым сол мемлекеттің ғылымының бағын жандырды. Қазіргі нанотехнология мен биотехнология саласында айтулы жаңалық ашқан қазақ жастары бар.
– Оқу бітіргеннен кейін қайда бардыңыз?
– Австралиялық Джеймс Кук университетін бітіргеннен кейін сол мемлекеттегі компанияларға жұмыс істеуге қызметке ша­қыр­ғандар болды. Бірақ әке-шешем елге келгенімді қалады. Т.Рысқұлов атындағы экономика және бизнес университетінің магистратурасына түстім. Одан кейін оқуымды Швейцарияға барып жалғастырдым. Онда коммуникация және пиар мамандығы бойынша магистратурада (MBA – Master of buinsess adminstration) оқыдым. Бұрын «пиар» деген саланы жарнама немесе маркетинг деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бұл саланың да қыр-сыры жетерлік. Оны меңгеру де оңай емес екен. Психолог болу қажет. Соның бәрін үйрендім. Осы магистатурада сабақ берген профессор ұстазымның бағыттауымен Женева қаласында халықаралық экономика және қатынас саласы бойынша доктурантураға түсіп, (DBA – Doctorate Business Administration) оны төрт жыл оқып, докторлық диссертациямды қорғадым.
– Сол Женевада орналасқан Дүниежүзілік сауда ұйы­мына барып жүргенде қан­дай өзгешеліктерді байқа­дыңыз?
– Бұл ұйымға кірген елдер арасында бәсекелестік жоғары. Бізде бұл үрдіс өте баяу. Аттылыға ерген жаяу адам секілдіміз. Еуропада кез келген өндіріс жақсы дамыған. Қазір олар бір орында тұрып қалды. Не алға, не артқа жылжымайды. Біз секілді даму жолына енді түскен елге алға жүруге мүмкіндік мол. Мәселен, маған бір шетелдік инвестор Қазақстанда тоқыма өндірісін дамытқысы келетінін айтқан еді. Бізде бұл сала онша дамымаған. Мысалы, Израиль елінің табиғаты өте жұтаң. Аңызақ, шөл дала. Соған қарамастан олар жаңа технологияның жетістігімен жеміс-жидектің неше түрін экспортқа жібереді. Айталық, Канада мен біздің солтүстік өңірдің табиғаты ұқсас. Олар да біз секілді егін салады. Бірақ астықтың көп мөлшерін Қытай Канададан алады. Канадада бидай өсіру технологиясы жоғары деңгейде дамыған. Біз бидайдың өнімін 25 центнерден алсақ, қуанамыз. Ал Египет бидайдың бір сабағынан 170 дән алатын әдіс тапты.
– Қазір қайда қызмет істейсіз?
– Ұлттық экономика минист­р­лігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті Мемлекеттік басқаруды дамыту саясаты басқармасының бас сарапшысымын. Маған Швейцарияда оқып жүргенде біздің елшіліктің азаматтары Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының өкілі ретінде қызмет істесеңіз деген ұсыныс білдірген еді. Мен оған бірден келістім. Бірақ елге келіп, Ұлттық экономика министрлігінде үш жыл жұмыс істеу қажет екен. Екі жылым өтті, енді соңғы жыл қалды. Содан кейін аталған сауда ұйымына жұмыс істеуге барамын.
– Біраз сабақты әңгіменің түйінін тарқаттық. Алда қандай мақсатыңыз бар?
– Мақсат – біреу. Туған елім­нің дамуына үлесімді қосқым келеді. Швейцария тұрғындары табиғатты қатты қадірлейді. Жерінің бәрі жап- жасыл. Елімізде де көрген адамның аузының суы құритын көрікті жерлер жетерлік. Құнарсыз, шөлді мекендер де бар. Олардың да ерекшелігін сақтап, жаңа технология арқылы көркейтуге болады. Біздің Қазақстанның технологиясы – Жапонияға, табиғаты Швейцарияға ұқсаса деп армандаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды