ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАРЫ

0 142

ZAH_3340

Мемлекет тарихы институты, ҚР Ұлттық мұрағаты және Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы «Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуының қазақстандық жолы: нәтижелер, жетістіктер, болашағы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырды. Қоғам қайраткерлерін, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерін, тарихшы, саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдардың басын қосқан жиын еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласын арқау қылды.

Конференцияға қатысушылар алдымен Ұлттық мұрағат қорынан алынған «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты құжаттық көрмені тамашалады. Онда еліміз егемендік алған кезеңнен бастап, қалыптасу тарихын қамтитын құжаттар қойылды. Атап айтсақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы заң жобалары, ел астанасын көшіру мен атауын өзгерту туралы Елбасының Жарлықтары, Мемлекет басшысының өмірі мен еңбек жолынан хабар беретін деректер бейне және фотоқұжаттар түрінде ұсынылды. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында шетелдерден әкелінген, мемлекеттілігіміздің тарихын аша түсетін құжаттардың көшірмелері де көрмеден орын алды.

Ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әбсеметовтің айтуынша, мұрағатта тек егемендік кезеңіндегі құжаттар ғана емес, кеңестік Қазақстанда өткен ғасырдың 20-50 жылдары болған оқиғалар туралы тың деректер жинақталған. Олардың ашылуы уақыттың еншісінде көрінеді. Демек, тарихшыларды келер күндері мол олжа күтіп тұр.

Конференция отырысын Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бүркітбай Аяған ашып берді. Ғалым тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында өзі басқаратын ұжым ауқымды жұмыс атқаратынын, осы тақырыпта бірнеше жиын ұйымдастыруды және алты кітап шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығын дүрілдетіп атап өттік. Бұл – қазақ деген атаумен мемлекет осыншама жыл өмір сүріп келе жатыр деген сөз. Әрине, оның арғы жағында да қалың тарихымыз жатыр. Ал егемен Қазақстанның алғашқы жылдарын еске алайық. Ол кезде Қазақстанда адам басына шаққанда жалпы ішкі өнім 700 доллар болса, қазір 12,5 мың доллар. Бастапқы жылдарымызда Ұлттық банкте алтын қорын енді жасақтай бастадық. Қазір ол қор 200 тоннаға жуықтап қалды. Бұл – экономикамыз дамылсыз даму үстінде екенін айғағақтайды. Осындай өсуіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты» деген                                             тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, қоғам қайраткері Төлеутай Сүлейменов Мемлекет басшысымен 56 жылдан бері таныс екендігін айтып, қазақстандық патриотизм тақырыбында кітап жазып жатқандығын, оның негізіне Елбасы тұлғасын алғандығын жеткізді.

Баяндамаларға кезек тигенде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов Елбасының Еуразиялық идеясының философиясына тоқталып, бұл идея қазақстандық даму жолының тірегі деп сөзін түйіндеді. Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын жан-жақты талдап, ол ұлтты ұйыстырушы күшке ие деген тоқтамға келді. Өзге ғалымдар да өз баяндамаларында Елбасы еңбегі мен тәуелсіз Қазақстанды сабақтастырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =