Қазақстанға ең көп инвестицияны қай елдер құяды?

Қазақстанға ең көп инвестицияны қай елдер құяды және инвестиция үшін ең тартымды салалар қандай? Егер бұрын тікелей шетелдік инвестициялар Қазақстанның тау-кен өндіру және мұнай-газ өнеркәсібіне бағытталса, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында сұраққа жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Бүгінде Қазақстан экономикасы 10–15 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әртараптандырылған. Мысалы, 2010 жылы ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 16,5% болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру өнеркәсібінің үлесі 8,1%-ға дейін төмендеді. Тікелей шетелдік инвестициялар да осы үрдісті қайталап отыр: бізде инвесторлар тарапынан да әртараптандыру жүріп жатыр. Олар енді тек кен өндіруге, тек металлургияға немесе тек мұнай-газ секторына ғана емес, басқа да салаларға белсенді қызығушылық таныта бастады», – деді спикер.
Оның айтуынша, өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар ең көп тартылған негізгі салалар мыналар болды: көтерме және бөлшек сауда – 4,8 млрд АҚШ доллары, өңдеу өнеркәсібі – 4,4 млрд АҚШ доллары, қаржы және сақтандыру қызметі – 4,3 млрд АҚШ доллары, ақпарат және байланыс саласы – 1,4 млрд АҚШ доллары, көлік және қоймалау саласы – 977 млн АҚШ доллары. Ірі инвестор елдердің қатарында Нидерланд, Ресей және Қытай бар.



