Қазақстанға АЭС керек пе?

0 51

Бұл тақырып қазір қоғамда қызу талқылануда. Бір тарап атом ғасырында бізге мұндай АЭС салу қажет десе, екінші бір тарап қауіп-қатерге толы ажал ұясынан түбегейлі бас тартуымыз керек деп санайды. Енді осы тақырыпқа шағын сараптамалық шолу жасап көрелік.

24 жыл айтылып келе жатқан ұсыныс

Елімізде осы тақырыптың төңірегінде таусылмайтын пікірталас жалғасып келе жатқанына 20 жылдан асып барады. Сонау 1997 жылы Білім және ғылым министрі қызметін атқарған Владимир Школьник Маңғыстау облысында атом энергокомбинатын салуға ұсыныс айтты. Тіпті, 2000- жылдардың басында Балқаш қаласының маңына салынуы тиіс АЭС-ке 5 млрд АҚШ доллары бөлінетіні де ашық айтылды.
2015 жылы атом электр стансасы Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында салынатыны мәлім болған еді. «Toshiba» компаниясы мен «Росатом» корпорациясының өкілдері 2014 жылы мамырда Еуразиялық жоғары экономикалық кеңестің шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл рәсімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. АЭС-тің құрылысы 2025 жылы аяқталады деп белгіленді. Алайда бұл мәселе біраз уақыт ұмыт қалды.
Одан кейін, осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге тұңғыш сапары кезінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технологиямен АЭС салуды ұсынды. «Өзара іс-әрекет етудің жаңа формаларына көшуді ұсынамыз. Ең алдымен, Қазақстанда ресейлік технологиямен АЭС салу мәселесін айтып отырмын» деп мәлімдеді сол кездесуде В.Путин.
Сол күні Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев (айтпақшы, ол жақында Энергетика министрі болып тағайындалды) елімізде АЭС салуға қатысты нақты шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді. Ол Алматы облысындағы Үлкен кентінде әзірше тек станса салынуы мүмкін аумақ қана белгіленгенін айтты. «Бұл мәселе әлі кеңінен талқыланады. Өзімізге сай келетін технологияны таңдаймыз. Екіншіден, бізде қазір электр қуатына деген қатты тапшылық жоқ. Яғни көрші елдің тарапынан жасалған коммерциялық ұсыныс әлі талқыланады» деп түсіндірді мәселенің мәнісін М.Мырзағалиев. Құзырлы ведомство өкілі АЭС құрылысы талқыланған кезде барша қазақстандықтардың ой-пікірі ескерілетінін атап айтты. Сөйтіп, атом тақырыбы тағы біраз уақытқа «жабылды».
Жақында VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысқан Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге АЭС салу қажет екенін мәлімдеді. Президент бұл мәселені жан-жақты қарау керек деп санайды. «Мен Қазақстан халқына Жолдауымда Қазақстанда атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндетін қойдым. Мемлекеттің, халық пен бизнестің өзекті қажеттіліктерін тиісті шамада ескеру маңызды. Мен бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет» деді Қ.Тоқаев.
Алдыңғы Жолдауда Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы болады деп мәлімдеп, оны шешудің бірегей жолы – бейбіт атом екенін айтқаны мәлім. Бұл аса күрделі мәселе болғандықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешу керектігіне тоқталды. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тапсырма берген.

Сарапшылар не дейді?

Президенттің АЭС салу туралы ұсынысына сарапшылар мен әлеуметтік желіні қолданушылар әртүрлі пікір білдіруде.

Алексей Бородавкин, Реседің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

«Қазақстан әлемнің өзге елдері сияқты таза энергетикаға мұқтаж. Бұл саладағы ең бір тиімді шешім – атом электр станциясы. Электр энергиясының тапшылығын болжай отырып Қазақстан үшін АЭС құрылысы өзекті болып саналады. Станцияның қауіпсіздігіне және экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып бұл жауапкершілікті «Росатом» өз мойнына ала алады. Көптеген БАҚ-тарда айтылып жүрген ресейлік бейбіт атомға байланысты фобияның шындықпен сәйкес келмейтінін атап өткім келеді».

Еркебұлан ҚОЖМАМБЕТОВ,
Энергетика министрлігінің мұнай-газ комиссиясы қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– АЭС салуға кем дегенде 7-8 жыл уақыт кетеді. Бірақ оны салу оңай нәрсе емес. Біздікі әлі талқылау, құр сөз. «АЭС-тен дамыған елдер бас тартып жатыр» дейміз, Қазақстанды олармен салыстырудың қажеті жоқ. Олардың қаражаты көп, экономикасы мықты. Екіншіден, бұл дегеніміз – ноу-хау технология, пайдасы көп. Егер одан бас тартсақ, сол технологиядан құр қаламыз. Үшіншіден, Қазақстан уран өндіруден әлемде 1-орын аламыз деп кеудемізді қағамыз, бірақ шикізатты сыртқа сатқаннан гөрі, оны өзімізде өңдеп, электр энергиясын өндіріп, сататын болсақ, Үкіметке де мол қаражат түседі.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

– Атом энергиясын дамытып, АЭС салудан қандай проблема бар? Біріншіден, бұл – өте қымбат жоба. Мысалы, Өзбекстан АЭС құрылысына 11 миллиард доллардан астам қаржы жұмсамақ. Бірақ бұл жеткіліксіз, өйткені оны салғаннан кейін стансаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұл АЭС-те кәсіби біліктілігі жоғары команда тұрақты түрде жұмыс істеуі керек деген сөз. АЭС элементтерін үнемі жіті қадағалау керек. Өйткені бұл – өте күрделі нысан. Ал АЭС-тен шығатын қалдықты көметін белгілі бір полигон керек. Қазақстанда онсыз да экологиялық апат аймақтары көп. Ал тағы бір сондай аймақ жасау қосымша проблема тудырады. АЭС-ті Балқаш аймағында салғысы келеді. Өйткені АЭС реакторын салқындату үшін су керек. Бірақ Қазақстандағы экологиялық қауіп тұрғысынан қарап, Қытаймен Ертіс өзені бойынша проблема барын ескерсек, трансшекаралық өзендер арнасы тартылуы мүмкін. Қазірдің өзінде Арал апаты Балқашта қайталанады, Балқаш тартылуы ықтимал деп жатыр. 15 жылдан кейін Балқаш тартылса, оның жанында салынатын АЭС не болмақ? АЭС-ті істен шығару оны салудан анағұрлым қиын. Өйткені атом реакциясын тез іске қосуға болады, ал АЭС-ті тоқтатуға көп ресурс пен көп уақыт керек. Оның үстіне мұны абайлап жасау қажет. Себебі кез келген қателік Чернобыльдегідей реактордың жарылысына әкеп соқтыруы мүмкін».

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі:

«Мұндай қауіпті АЭС салу біздің қолымыздан келмейді. Себебі біз – жемқорлықтың батпағына белшемізден батқан елміз. Ондай АЭС-ті салып, жұмыс істете алмаймыз. Осыны ашық мойындағанымыз дұрыс. Бұл – бір. Екіншіден, АЭС салынатын болса, ол міндетті түрде монополист болады. Яғни, электр қуатының құнын бір ғана АЭС-ке тәуелді етеді. Бұл экономикамызға зиян шектіреді. Үшіншіден, мұндай станцияны бізге кім салып беретіні айдан анық. Ол – Ресей. Солтүстіктегі көршіміз мұндай станцияның иесі болса, бәрібір оларға тәуелді боларымыз шындық. Энергетикалық тұрғыдан бағынышты болып қалуымыз әбден мүмкін. Төртіншіден, егер АЭС жарылса, ашаршылықтан да артық қасіретке душар етеді. Сондықтан, мұндай идеядан бас тартуымыз керек. Еуропада Германия, Швейцария және т.б. елдер АЭС салудан бар тартуда. Мысалы, Германия, атом энергиясынан толық бас тарту үшін қазір «Солтүстік ағын» газ құбырын салып жатыр. Фукусима апатынан кейін әлемдегі дамыған елдер атом энергиясынан бас тартамыз деген шешім қабылдады. Кейбіреулер айтады: Қазақстанда не көп, уран көп, сол себептен АЭС салу керек деп. Бізде мұнай да, газ да көп. Құдайға шүкір, Күннің көзі энергиясы да, жел энергиясы да бар. Ендеше, баламалы қуат көздерін неге пайдаланбаймыз?

(Мақаланы дайындау барысында Atameken Business сайтының материалдары пайдаланылды)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =