«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстандағы синофобия: аңыз және ақиқат

1 885

Соңғы кездері еліміздегі синофобияның (синофобия дегеніміз – антиқытайлық көңіл-күй, Қытайға, қытайлықтарға деген жеккөрініш сезім – Т.Т.) күшейіп келе жатқаны жөнінде көп айтылып, көп жазылып жүр. Екі жыл бұрынғы жер митингілері, Шымкенттегі қытайлық кәсіпорынға түнде басып кіру, қытайлық жігітке күйеуге шықпақ болған қазақ қызының тойына кедергі жасау – осының бір дәлелі. Ал қазір Талдықорғанда өтіп жатқан Сайрагүл Сауытбайдың соты қазақстандықтардың антиқытайлық көңіл-күйін одан әрі ширықтыра түскендей.
Баспасөзге, ғаламторға және әлеуметтік желілерге үңілетін болсақ, Қазақстанда синофобия белгісі бар екенін және күн өткен сайын өрісі ұлғайып келе жатқанын көреміз. Мұның себебі не? Осы сауалға қал-қадерімізше жауап іздейік.

Сайрагүлдің соты

Жуырда «Время» газетіне берген сұхбатында ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй: «Қытайда бөтен адамның құжатымен шекара асқандарды соттайды. Әзірше С. Сауытбай бөтен біреудің құжатымен шекарадан заңсыз өтті деп айыпталып отыр. Ол «Қорғас» халықаралық орталығындағы өткізу нүктесінен бөтен адамның құжатымен өткені белгілі болды» деп мәлімдеді. Ол Қытайда бөтен біреудің құжатымен шекараны заңсыз кесіп өткен адамның сотталатынын, ал С. Сауытбайды шартты түрде жазаға кесуі де мүмкін екенін айтыпты. «Әрине оны журналистер мен дипломаттар емес, сот шешеді. Осы дау-дамайға қатысты мәселе жақын арада құқықтық негізде шешілетініне үмітім зор. Қытай барлық елдердің заңдарын қадірлейді, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын берік ұстанады» – дейді консул.
«Қытай шекарашыларының компьютерлік бағдарламасына бір адамның заңды бұзғаны жөнінде ақпарат түскен. Мамандар Қытай азаматшасы Қазақстанда бір қиыншылыққа тап болды ма деп ойлаған. Сөйтіп, Сайрагүл құжатын алған адамның туыстарына хабарласып, істің мән-жайына қанығады. Бұдан кейін біздің азаматшамыздың Қытайда өтелмеген көп несиесінің бар екені анықталды. Мұның мәнісін білу үшін, Сайрагүлдің өзінің қатысуымен тергеу жүргізу керек. Ашық айтарым, Қытайда шекарадан заңсыз өткендерді атып тастайды деген жалған сөз! Бәзбіреулер елімізді құбыжық қылып көрсеткісі келеді. Ондағы мақсаты не екенін түсіне алмадық» – депті дипломат Сайрагүл туралы сұраққа берген жауабында.
Ал Сайрагүлдің тағдырына әлеуметтік желілерде көп қазақ алаңдаушылық білдіріп, оның елде қалуын Жаратқан мен билік орындарынан жалбарынып сұрауда. Солардың бірі ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы Елбасымызға хат жазып, Сайрагүлді бостандыққа шығарып, елден саяси баспана беруге өтініш жасады. «Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалыптасқан қиын жағдай туралы Өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Сол жағдайға байланысты өзінің өміріне төніп келе жатқан қауіптен бой тасалау һәм Қазақстанда өмір сүріп жатқан отбасына (күйеуі мен бала-шағасы Қазақстан азаматтары) қосылу мақсатында 2018 жылы сәуір айында Қазақ-Қытай шекарасын бұзып өтуге мәжбүр болған, сондай жүрекжұтты ерлігінің арқасында тарихи Атамекені – Қазақстанға аман-есен жеткен Сайрагүл Сауытбайқызы туралы да еліміздегі ресми һәм бейресми БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы естіп-біліп жатқан боларсыз. Ел шекарасын бұзып өтудің қылмыс екені бәрімізге белгілі. Алайда С.Сауытбайқызының осы «қылмысқа» еріккеннен бармағаны анықталып отыр. Яғни, ол Қазақ елінен, жер бетіндегі жалғыз қамқор Отанынан жансауға сұрап келіп отыр. Егер еліміздің құқық қорғау органдары тек қана ҚР «Қылмыстық кодексін» ғана басшылыққа алып, шыбын жанына сауға сұрап, Елім деп еңіреп жеткен қандас қарындасымызды ҚХР-ға қайтарып берсе, Сайрагүл Сауытбайқызын ол жақта тек қана өлім күтіп тұрғаны анық. Осы жағдайға байланысты Сізден, біріншіден, халықаралық адам құқықтарын қорғауға бағытталған барлық заң-жарғыларды басшылыққа ала отырып; екіншіден, Өзіңіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында қалыптасып, бекем орныққан Қазақстан-Қытай елдерінің тату көршілігін, сондай-ақ ҚХР басшылығымен болған жеке дос­тығыңыз бен беделіңізді алға тарта отырып, Сайрагүл Сауытбайқызына саяси баспана беріп, азаттыққа шығаруыңызды немесе Қазақстанда біржола қалып, тиісті жазасын осында өтеуіне мүмкіндік беруіңізді өтінемін!» делінген Ақордаға жолданған хатта.

Шыңжаңдағы шырғалаң ақиқат па?

Байырғы мекенінде көшпелі тірлігін кешетін қандастарымыздың ахуалы соңғы бір-екі жылда нашарлап кеткені жөнінде ақпарат көп. Шын мәнісінде, Шыңжаңдағы шырғалаң шарықтау шегіне жетті ме? Қазақстанға барған немесе туыстарымен, дос-жарандарымен сөйлескен қазақтарды «екі беткейлер» деген атаумен түрмелерге тоғытуда. Қазақстан баруға тыйым салынған 26 қауіпті елдің тізіміне енгізілгендіктен, көшіп келе жатқан қандастарымызды қытай шекарашылары ұстап, бірден түрмеге қамап жатыр деген пікірлер бар.Жазаға тартылған қандастарымыздың ұзын-саны 200-ге жуықтаған. Кейбіреулердің айтуынша, қорланған қандастарымыз тарихи отаны болған Қазақстанға көшкісі келгені әрі туыстарымен байланыс­та болғаны, елімізге саяхаттап келгені үшін сотталып жатқан көрінеді. Мұндай ақпаратты Астанада баспасөз мәслихатын өткізген бір топ оралман мен қоғам қайраткерлері таратты. Олардың ел билігіне хат жолдап, қытай түрмелерінде отыр­ған туған-туыстарын шығарып алуға көмек сұрағаны мәлім.
«Саяси үйрету» деп аталатын орталықтарда бір айдан бір жылға дейін қамалғандар көбеюде. Бұл орталықтарды шын мәніндегі «жабық түрме» деуге болады. Ол жерде өзінің құқығын қорғауға ұмтылған бауырларымызды 10-16 жылға дейін соттау­да. Бүгінге дейін 200-ге жуық адам сотталған. Соның ішінде 160 қандасымызға қатысты қай жерде, қанша жылға сотталғаны жөнінде қолымызда мәліметтер бар»,- деді баспасөз жиынында Қыдырәлі Оразалұлы. Оның айтуынша, қазіргі кезде «күйіп тұрған» мәселенің бірі – «напос өшіру» (Қазақстан азаматтығын алғандарды Қытайдағы тіркеуден шығару). Бұрынғы заңнама бойынша, өзге елдің азаматтығын алған қазақтар қытайлық тіркеуден автоматты түрде шығарылған. Ал қазір Қазақстан азаматтығын алған қазақтарды үркітіп-қорқытып, тіркеуден шығу үшін Қытайға өздеріне баруға міндеттеп, «егер келмесеңдер, айыппұл төлейсіңдер!» деп ауызша ескерту жасауда. Ол ол ма, Қытайға барған кезінде түрлі құзыретті органдардың тексеруінен өткізіп, оларға идео­логиялық қысым көрсетіледі. Қыдырәлі Оразалыұлының айтуынша, соңғы кездері Қытайдан көшіп келген 200 мыңға жуық қандасымыздың 180 мыңының осы мәселе басын қатыруда.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Құқықтық көмек орталығының жетекшісі Ләззат Қамза қазақ балалары мен әйелдерінің құқықтары аяққа басылып, салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызға ашық шектеу қойылып отырғанын ашық айтты. «Ол жақта халық­ар­а­­лық құқық нормалары қатты бұзылуда, әйелдер мен балалардың құқықтары аяққа тапталып жатыр. Біздің қандастарымызға өз балаларын Қазақстандағы балабақшада тәрбиелеуге, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытуға тыйым салынды. Әрі қазір Қазақстанда білім алып жүрген жастарды Қытайға қайтадан шақырып жатыр. Бұған құлақ аспағандарының әке-шешесіне қысым көрсетіп, оларды балалары келгенше түрмеге тоғытуда. Яғни, қазақтар жаппай қуғын-сүргінге ұшырауда, ешқандай тергеусіз және сотсыз абақтыға қамалуда» – деп түсіндірді істің мәнісін Ләззат Қамза.
Қыдырәлі Оразалыұлы Шыңжаңда бұрын-соңды болмаған асқан зұлымдық іс-әрекеттердің орын алғанын нақты мысалдармен келтірді. «Сотталған қандастарымыздың кейбірін, соның ішінде екі имамды «өзін-өзі өлтірді» деген желеумен азаптап өлтірді. Ең сорақысы сол, олардың мәйітін туыстарына ашқызбай, жуғызбай, арнайы жасақпен күзетіп, көміп болғанша бақылап тұрған. Ислам дінін әлемдегі төрт үлкен діннің бірі ретінде мойындап, мұсылмандар тұратын аймақта мешіт-мед­ресе, ислам университеттерін ашып берген қытай билігі сол имамдарды қызметке өзі тағайындаған»,-деді Қыдырәлі Оразалыұлы. Оның айтуынша, Қытайдағы қазақтар тұратын бір ауданда үйлерді тінтіп, тәркіленген «Құран-Кәрім», Қазақстан тарихы туралы кітаптарды, діни суреттерді, жайнамаз, күнтізбелерді жұрттың көзінше өртеген. Үйлері тінтілген қазақтардың барлығын «саяси үйрету» орталықтарына қамаған.
Шыңжаңдағы қазақтардың жергілікті билік тарапынан қатты қысымға ұшырап, зорлық-зомбылық пен жаппай заңсыздықтан жапа шегіп жатқаны қаймана қазақтың қабырғасына батып отыр. Шиеленісіп бара жатқан мәселені шешудің жолдары бар ма? Мәселен, саясаттанушы Расул Жұмалы бұл мәселені екі мемлекеттің мүддесіне сай, достық ахуалмен шешуге болады деп санайды. «2 млн. қандасымыз – Қытай азаматтары. Олардың құқығының бұзылуы – Қытайдың ішкі мәселесі. Бірақ біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Қолымыз­да бар құжаттар осы мәселені шешуге жеткілікті деп ойлаймын. Бұған қоса, Шыңжаңдағы қатқыл шаралар Қытайдың ішкі заңдарына да қайшы. Себебі, Қытайдың ұлттық өлкелерге қатыс­ты арнайы заңы бар. Сол заңда ешқандай алалауға жол бермеу, әділ сот жүргізу және бірталай кепілдіктер көрсетілген. Өзіңіз айтқандай, соңғы 25 жылда екі ел арасындағы байланыстар өте ізгі, өзара тиімді, достық рәуіште дамып келеді. Қай саланы алсақ та (экономика, саясат, инвестиция, мұнайгаз, сауда-саттық және т.б) осы үрдіс байқалады. Демек, дәл осындай игі байланыс­тар бола тұра, Қытайдың өзі де қазақтың мәселесін арандатуға мүдделі емес. Сондықтан, қолдағы бар уағдаластықтарға, арадағы келісім-шарттарға сүйе­не отырып, бұл мәселені екі мемлекеттің мүддесіне сай, достық ахуалмен шешуге болады деп санаймын. Қытай оң көзбен қарайтынына сенім бар. Себебі, түптеп келгенде Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың беделіне, Қазақстанның ішіндегі Қытайға деген көзқарасқа жақсы әсерін тигізбейтіні анық» – дейді Расул Жұмалы. Қош делік.
Айта кетелік, Қытайдағы этникалық қазақтардың түйткілді мәселелерін шешуге келгенде біздің дипломаттар қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігіне сұрау салғанымызда мынадай ақпарат алдық: «ШҰАА билігі 625 этникалық қазақ үшін Қазақстанға шығуға қойылған шектеуді жою мәселесін қарастыруда. 2018 жылғы 10 шілдеге дейін ҚР-дың шетелдік мекемелері мен Сыртқы істер министрлігіне жүгінген қос азаматтығы үшін Қазақстанға шығуға уақытша шектеу қойылған 19 азаматтың 14-і босатылды. Өзіңіз білетіндей, біздің жігеріміз және қытай тарапының қолғабысы арқасында қос азаматтық үшін ұсталған барлық 12 адам босатылды».

Синофобия отын әдейі үрлейтіндер бар…

Отандық сарапшылар Қазақстандағы антиқытайлық көңіл-күйдің өршуін әлемдегі саяси және экономикалық белсенділіктің Батыстан Шығысқа, соның ішінде Азияға ауыса бастағанымен түсіндіреді. Сая­саттанушы Болат Сұлтановтың пікірінше, Қытай – Батыс елдерінің ең бірінші бәсекелесі. Ендеше, Қытай мүше болып кірген ШЫҰ-ның кеңеюі, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүсік Африка Респуб­ликасы) елдерінің саяси салмағының артуы Батысты қатты алаңдатып отыр. Неге Батыс мемлекеттері Қытайдың экономикалық ықпалынан үркеді? Себебі,«Бір белдеу – бір жол» жобасы Тынық, Үнді және Атлант мұхиттары арқылы теңіз жолымен өтетін жүк тасымалына бақылау орнатқан Батыс елдерінің монополиясын жоюға бағытталған. Теңіздегі жолмен 45 тәулік жүретін жүктерді құрлықтағы жолмен небәрі 10 тәулікте жеткізу тиімді. Алдағы уақытта қазір үш әлемдік мұхитпен тасымалданатын жүктердің жартысы солтүстіктегі жолмен өтеді. Мұндай жағдай АҚШ-тың экономикалық қана емес, әскери-саяси мүддесіне үлкен соққы болмақ, – дейді саясаттанушы Болат Сұлтанов.
Сарапшының пайымдауынша, Батыс елдері Қазақстандағы синофобияны әдейілеп өршітуге ұмтылуда. Қазақ қоғамындағы антиқытайлық көңіл-күй күшейген сайын, «Жібек Жолы экономикалық белдеуі» атты қытайлық жоба құрдымға кетіп, қазақ-қытай қарым-қатынас­тары нашарлайды деп ойлайды. – Трансұлттық корпорация көшбасшыларына Қазақстан халқының мүддесі керек емес, олардың көкейін тескені – мол табыс табу,- дейді сарапшы Сұлтанов. – Ал біздің Қытаймен экономикалық ынтымақтас­тығымыз бәрінен де маңызды. Себебі, бүгінге дейін жалпы құны 27,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 51 бірлескен жобаға қол қойылды. Оның ішіндегі 4-еуі іске асырылды. АҚШ-тың біздегі жобалары негізінен шикізаттық, мұнай өңдеуші секторда, ал қытайлық жобалардың бәрі өнімдерді қайта өңдеу саласына бағытталған. Азық-түлік өнімдердің бір бөлігін сол Қытайдың нарығына шығара аламыз. Бұл – біз үшін зор мүмкіндік. Ал АҚШ пен Қытайдың экономикалық соғыстарының күшейетін кезі алда. Теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға Қытаймен бірлескен жобалар – өте дұрыс таңдау. Қытайдан бізге қауіп емес, елді дамытатын мүмкіндік бар екенін түсіне білуге тиіспіз.

Сарапшылар не дейді?

 

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Қазақстанда синофобия бар. Ол 2016 жылғы жер мәселесінде көрініс тапты. Себебі көбісі, «жерді сатпаймыз» дегеннің орнына «жерді Қытайға бермейміз!» деді. Соңғы кездері Қытай мен Қазақстан арасындағы виза алу мәселесі қатаңдатылды. Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алып, ол жаққа қайта барғандардың ұсталып жатқанын да білеміз. Соңғы бір жыл ішінде алып көршімізбен арамыз алшақтай түсті.

 

 

Марат Толыбаев, блогер:

-Қазақстанда синофобия емес, ксенофобияның (ксенофобия – діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру) қаупі басым. Жұрттың көбі қытайлар Қазақстанның аумағына заңды, заңсыз жолмен кіріп, қазақ халқын «жұтып» қоя­ды деп ойлайды. Тіпті, қытай жігіттерінің қазақ қыздарына үйленуін осы «жоспарды» іске асырудың бір жолы деп түсінеді. Қазіргі заманғы өркениетті мемлекетте жат ұлтқа бұлайша жеккөрушілік таныту – ұлтаралық алауыздықты туғызу. Қазақ ұлтын бәрінен биік қою, басқа ұлт­пен некеге тұруды масқара деу- дұрыс емес. Патриот болуымыз керек, өз елімізді, жерімізді жаудан қорғауға міндеттіміз. Бірақ біз басқа ұлттарға деген ерекше жеккөрушілікті насихаттамауға тиіспіз. Мысалы, қытай, америка, орыс және т.б. тұтас ұлтты жау деп санамау қажет. Мұндай теріс ұстаным бізді шовинизмге, нацизмге, фашизмге, өзге ұлттармен соғысуға алып барады.

 

Марат Шибұтов, саясаттанушы:

-Тарихта қазақтар мен қытайлардың арасында тек дипломатиялық қарым-қатынастар ғана болған. 19-шы ғасырдың соңында Қытайда ұйғыр және дұңған босқындарының көтерілісі аяусыз басып-жаншылған соң олар Қазақстанға қоныс аударды. Қытай билігі дұңғандық көшбасшылардың бірін мың жерінен қылышпен шауып, қинап өлтірді. Одан кейін, Шыңжаңда болған қазақтардың бас көтеруі де аяусыз басып-жаншылды. Мұның бәрі қытай ұлтының жағымсыз образын қалыптастырды. Қытайды құбыжық қылып көрсетуге кеңестік әскери насихат та өз үлесін қосты. Қырғызстан мен Қазақстанның аумағы Қытаймен соғысуға дайындалған Ортаазия­лық әскери округтің құрамына кірді. Әрине, халықты да бұл соғысқа дайындағаны мәлім. Сол кездердегі шекарадағы жанжалдар, қытайлар туралы жағымсыз әңгімелер қазақтың санасына әбден сіңіп қалды. Ал қазіргі таңда Ресей, АҚШ сияқты геосаяси ойыншылар Қытайға қарсы жиі-жиі жағымсыз ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырады. Мысалы, Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Қытаймен қарым-қатынастарын дамыта түсуі бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық.

 

Нұрлан Мұстафаев, этносаясаттанушы:

-Антиқытайлық көңіл-күй көбінесе әлеуметтік желілерден көрініс табады. Алайда, әлеуметтік желілер қоғамдағы халықтың көңіл-күйін толықтай білдіреді дегенмен келіспеймін. Мысалы, жұрттың бәрі «Фейсбукте» күні- түні отырмайды. Этносаралық қарым-қатынастар тақырыбындағы мәселелерді белгілі бір адамдар тобы үнемі «қыздырып» қояды. Оларды қазір «жұмсақ орындықтағы белсенділер» деп те атайды. Десек те, билік органдары әлеуметтік желілердегі этносаралық алауыздық дегенге ерекше назар аударып, дер кезінде тосқауыл қойғаны абзал. Этникалық алалау деген нәрсе болмау керек.

 

(Пікірлер ғаламтордағы  сайттардан алынды)

  1. Оспан :

    Жоғарыдан берілген тапсырма бойынша жазылған зиянды мақала

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды