ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН

0 162

Тәуелсіздігімізді алып, өз алдына ел болып, шаңырақ көтергелі өзіміздің отандық өнімдерімізді де көптеп өндіре бастадық. Қазіргі күні біз «Қазақстанда жасалған!» деген белгі соғылған небір өнімдерімізді өзге елге мақтанышпен көрсете алатын дәрежеге жеттік. Тәуелсіздігіміздің ең басты құндылығы да – осы. Индустриялдық-инновациялық ірі жобаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөліп отырған Қазақстан күні кеше ТМД мемлекеттерінен алғашқы болып, электровоз шығаратын зауытты іске қосты. Бұған дейін ел игілігіне арналған «Тұлпар-Тальго» Локомотив құрастыру зауыттарының өзі ауыз толтырып айтарлықтай толайым табыстарымыздың бірегейі.

Тұлпардай жүйткіген «Тальго»

Кезінде теміржол саласындағы ма­шина жасау кәсіпорындары, негізінен, Ресей мен Украинада салынып, жұмыс істегені белгілі. Ал еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жолаушыларға ың­ғайлы теміржол көліктерін өзі­міз­де өндіруге ден қоя бастады.

2010 жылы «Қазақстан темір жо­­лы» ҰҚ» АҚ мен испаниялық «Па­тентес Тальго С.Л.» ком­па­­ния­сы арасында Астана қаласын­да теміржол жолаушы вагонын өн­­­ді­ру мен оларға техникалық қыз­­мет көрсететін бірлескен кә­сіп­­­­­о­рын құру туралы шарт жа­сал­ды. Сөй­тіп, «Үдемелі индус­т­риял­дық-ин­но­вациялық даму» бағ­дар­­ла­ма­­сы шеңберінде 2011 жылдың жел­­тоқ­санында жолаушылардың за­­ма­науи жүрдек вагондарын шы­­ға­­­ратын «Тұлпар-Тальго» жаңа за­уы­ты іске қосылды.

Кәсіпорын жылына 150 вагон шы­ғаруға қауқарлы. Вагондардың кон­струкциялық жылдамдығы – са­ғатына 200 шақырымды құрайды.

Қазақстанның ауа райына бейім­де­ліп жасалған пойыздардың құра­мын­дағы вагондар туристік, биз­нес,­ гранд-класс және мүмкін­ді­гі шек­теулі жандарға арналған деп бір­неше түрге бөлінеді. Заманауи үлгі­дегі вагондарда дәмхана, мей­рам­хана, ішкі байланыс жүйесі, сырт­қы интернет қатынасы жүйелі жұ­мыс істейді.

Астана технопаркі аумағындағы ең ірі екінші жоба болып саналатын «Тұлпар-Тальго» зауытының жалпы аумағы – 21 гектар. Өндірістік орны – 31 000 шаршы метр. Те­мір­ жолының ұзындығы – 4,2 ша­қы­рым.­

Астана – Алматы, Алматы – Шым­­кент бағытында тұрақты жо­­­­лау­­шы­лары бар «Тальго» биыл­­­ғы жыл­дың шілдесінен бас­тап, Алматы­-Петропавл бағыты бо­­­йынша қа­тынай бастады.

Зауыт қызметкерлері вагон­ құ­рас­тыруда пайдаланы­ла­тын ис­пан­дық қосалқы бөл­шек­тердің орнын бір­тіндеп отан­дық өнімдерге ауыс-тыра бас­та­­ғандарын айтады. Мысалы, ва­гондардың дөңгелектеріне Степ­но­гор­дың подщипник зауыты шы­ғар­ған өнімдер қолданыла бастаған.

Жаңа электровоз құрастыру зауыты

«Қазақстанда жасалған!» деп­ мақтанышпен айта алатын та­ғы­ бір ірі жобамыз – күні кеше Ел­ба­сы­ның қатысуымен ашылған элек­тро­­воз құрастыру зауыты.
Ір­гетасы 2010 жылдың мау­сы­мын­­да қаланған зауыттың өн­ді­ріс­­­тік қуаты жылына екі сек­ция­лық 50 электровоз құрастыруға же­­теді. Францияның «Альстом Тран­спорт» компаниясы жобаны Қа­­зақ­стан, ТМД және Балтық жа­ғалауы елдерінің табиғатына бейім­дей отырып жасағандарын ал­ға тартады.

9 мың тонна жүкті тарта алатын қуа­ты бар теміржол көлігі көмір, жа­нар-жағар май сынды тауарлар­ды тасымалдауға өте ыңғайлы бо­лып тұр.

Елімізге жүк және жолаушылар­ та­сымалына теміржол вагонда­ры же­тіспейтінін, барының өзі­ ескір­генін еске алсақ, тех­но­ло­гия­лық тұр­ғыдан өнімділігі ең жоғары за­уыт­­тың ашылуы экономикамызды ал­ға сүйрейтін ірі жоба болғаны анық.

Қазіргі таңда KZ8A сериялы элек­­­тро­воз Ресейде сынақтан өт­­кі­­­зіліп жатыр. Алдағы жылдың қаң­тар айынан бастап, Қазақстанда сы­налатын болады. Яғни, жос­пар бойынша, 2013 жылдың ал­ғаш­қы айынан бастап жұмысына кі­рісетін кәсіпорында алғашқы кез­де 47, кейін жобалық қуатына кіріс­кеннен кейін 650-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Күн батареялары да өзімізден болады

Тәуелсіздік алғалы қолымыздағы барымызды ұқсатып, мүмкін­дігі­міз­ді барынша пайдалану жағын қа­ра­стырып жатқан жайымыз бар. Мәселен, әлемде энергия тап­­шылығы белең алып тұрған тұс­­та өзіміздегі бар күн, жел сынды табиғи энергия көздерін кәдемізге жаратуды мақсат еттік. Алдағы уақытта пайдалануға берілетін фотоэлектр модульдерін құрастыру зауыты да – осы салада қолға алын­ған ірі жобалардың бірі.

Бұл зауыттың құны – 5,5 млрд тең­гені құрайды. Қазақстан мен Франция арасындағы индустриялдық-инно­вациялық ынтымақтастық жөнін­­дегі келісімдер шеңберінде жүзе­ге асырылып жатқан жоба ба­рысында күн сәулелерін электр энер­гиясына айналдыратын батарея­­лар өндірілмек. Бұл өнім де­ «Made in Kazakhstan» деген таң­ба­мен жарыққа шықпақ.
Тұран даңғылы бойында орна­лас­қан үш қабатты зауыттың ау­ма­ғы – 5,0169 га. Қуаттылығы жы­лына 217 мың фотоэлектр мо­дуль­дерін өндіруге жетеді. Күн ба­та­реяларының жарамдылығы – 20 жыл. Зауыт 175 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Жобаның операторы – «Қазатом­өн­діріс» ҰАК» АҚ-ның енші­лес­­ кәсіпорны «Astana Solar» ЖШС.­

P.S. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар сан-салалы өнімдер шығаратын үлкенді-кішілі кәсіпорындар елімізде көптеп ашылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Екі жарым жылдың өзінде Қазақстанда 550 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріліп, жүздеген мың жаңа жұмыс орны ашылған екен. Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 170 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылған. Келешекте ірі шетел компаниялармен бірлесе жасалған жобалардың қазақстандық үлес салмағын арттыру көзделіп отыр. Олай болса, отандық өнімдердің тамырына қан жүгіретін кез әлі алда. Өнім өндіру деген бар да, оны тұтыну деген бар. Қазақстандық әр азамат өз елі өндірген өнімді сатып алуға ынта білдірсе, еліміздің экономикалық дамуына да үлес қосқан болар еді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 12 =