Қазақстанда волонтерлік дәстүрлерді қалай дамытуға болады?

0 62

Қазір волонтерліктің өсіп келе жатқан әлеуметтік маңызын Қазақстан да мойындайды. Сондықтан 2020 жылғы 16 қаңтарда Үкімет Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда жалпы алғанда 7 бағытта 40 іс-шараны іске асыру көзделген, деп жазды Elorda.info.

Енді сол 7 бағытқа тоқтала кетсек, олар: 1. Волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту; 2. Волонтерлік қызмет бойынша инфрақұрылымды дамыту және оған қатысушылардың әлеуетін арттыру; 3. Азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын кеңейту; 4. Корпоративтік волонтерлік қызметті дамыту; 5. Волонтерлік қызмет бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту; 6. Волонтерлікті дәріптеу; 7. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін волонтерлікті дамыту.

Бұл ретте еліміздегі волонтерлік ұйымдар мен жобалар туралы мәліметтер Qazvolunteer.kz платформасында шоғырланған. Осы орайда оған журналистер тарапынан «Қазақстанда волонтерлік қызмет қаншалықты дамыған? Қоғамның көзқарасы қандай?» деген сұрақ қойылды.

Қазір Қазақстанда енді дамып келе жатқан бағыт – әлеуметтік волонтерлік. Олардың қоғамға тигізер пайдасы зор. Еліміздегі ең үлкен әлеуметтік волонтерлік жоба «Жеңіс» деп аталады. Оның аясында волонтерлер Қазақстандағы соғыс және тыл ардагерлеріне қамқор болып, үй шаруасына көмектесіп, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп береді.

Ал елімізде корпоративтік волонтерліктің дамуы қай деңгейде дегенге келсек, былтыр жыл соңына қарай Ұлттық волонтерлік желі басшылығы бұл саланың оң тәжірибелерін зерттеу бойынша қорытынды конференциясын өткізді. Сонда белгілі болғаны, зерттеуге корпоративтік волонтерлікті дамытуға қатысы бар 100-ден астам түрлі компания мен 400 корпоративтік волонтер, 70 ҮЕҰ өкілдері және корпоративтік волонтерлікке жетекшілік ететін 30-дан астам басшы қатысқан.

«Бүгінде Қазақстанның корпоративтік волонтерлікті дамытуда қандай кезеңде тұрғанын және келесі деңгейге өту үшін қандай қадамдар қажет екенін түсінуге көмектесетін баяндамлар тыңдалды. Зерттеудің қорытындылары мен ұсынымдары мүдделі тұлғаларға пайдалы болады деп ойлаймын. Өйткені бірлескен күш-жігер корпоративтік волонтерлікті дамытуға және Қазақстандағы волонтерліктің жаңа деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Оған қоса елордада волонтерлік ұйым өкілдері, мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен «Қазақстанда волонтерлер қозғалысын дамыту келешегі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті. Шара барысында волонтерлік қызметтің әл-ахуалын талдау, волонтерлер қозғалысын дамыту әлеуетін зерттеу, сондай-ақ әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу мәселелері талқыланды. Сол сәтте саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда волонтерлердің құқықтық әлеуетін арттыру мен мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін айтты.

«Бұл өз кезегінде азаматтық белсенділіктің осы түріне бастамашылық ететін адамдардың құқығы мен міндеттерін қамтамасыз ете отырып, қоғамдық қозғалыстан әлеуметтік институтқа ауысуға мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстандағы волонтерлік қызмет берік негізге және әлі де ашылуы тиіс ауқымды әлеуетке ие» – деді ол.

Одан кейін елімізде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Бұл құжатта волонтерлер қозғалысын құқықтық, әдістемелік және ақпараттық қолдау тетіктері қарастырылған.

Осылайша, жүзеге асырылған жоғарыдағы мысалдар негізінде кейін де волонтерлік дәстүрлерді қалай дамытуға болатынын біріздендіріп алған жайымыз бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 3 =