Қазақстанда вирус жұқтырғандар жоқ

0 38

Қазақстан Қытайдың Ухань қаласынан 89 қазақстандықты елге эвакуациялады, олардың 80-і – студент. Сонымен қатар еліміз Қырғызстан, Беларусь, Армения азаматтарын да эвакуациялауға көмек көрсетті. Зертханалық дәлелдеуге сәйкес, елге қайтарып әкелінген отандастарымыздан вирус байқалған жоқ. Бұл туралы ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.Бірақ соған қарамастан олардың барлығы Нұр-Сұлтаннан жеті шақырым жердегі көпсалалы емхананың инфекциямен күрес корпусындағы арнайы орында 14 күндік карантиннен өту үшін оқшауланды.
Ухань қаласында карантин жарияланғаннан кейін алдымен АҚШ өз азаматтарын елге қайтарып әкелетінін жариялады. Осыдан кейін көптеген мемлекеттер Уханьнан өз азаматтарын эвакуациялауды бастады. Міне, осы қатарда жедел іске кіріскен еліміз де өз азаматтарын аман-есен елге жеткізді.
Қытайдағы вирустың ас­қынуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Алайда ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус халық­аралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ деп мәлімдеді. 2009 жылдан бері ДДСҰ осымен алтыншы рет халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялап отыр. Соңғы рет ұйым 2019 жылы Конго демократиялық республикасында Эболаның жаппай таралуына байланыс­ты осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.
Қытайда таралған жаңа коронавирусы соңғы күндері тіпті асқына түсті. Қазірге дейін аталған індеттен 362 адам өліп, 2296 адам ауыр халде жатыр. Қытайда 17335 адам вирус жұқтырғаны анықталып, 21558 адам ин­фекция жұқтырды деген күдікке ілінді. Ал әлем бойынша 23 елден Ухань «обасы» байқалып, 146 адам емханаға түсті. Филиппинде бір адам осы індеттен көз жұмды. Америка Құрама Штаттарында коронавирус дертінің алғаш рет адамнан адамға жұғу дерегі ресми түрде тіркелсе, соңғы күндері Қытай мамандары бұл індеттің нәжіс арқылы да тарайтынын айтып тағы дабыл қақты.
Қазақстанда қазірге дейін вирус жұқтырғандар анықталған жоқ. Тек Қытайдан келген 89 адам дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен ауруханаға түскен. Олардың арасынан 43 адам емделіп емханадан шықса, 46 адам әлі стационарда. Сондай-ақ көрші елде індет тарап жатқанда, еліміз Қытайға
гуманитарлық көмек те көрсетті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы бо­йынша ҚХР-ға 13,6 тонна кө­лемінде медициналық бұйым­дар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =