Қазақстан тарихын қалай оқытамыз?

0 296

Кеңес өкіметі кезіндегі тарих бүгінде жаңа қырынан ашыла бас­тады. Орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын Қазақстан тарихы оқулығы да көптеген өзгерістерді, дәлдікті талап етеді. Отан тарихын оқытудың басқа да өзекті мәселелері Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет тарихы инс­титутында кеңінен талқыланды. 

Елбасы өз Жолдауында жалпы орта білім беретін мектептерде отандық тарихты оқыту мәселесін қозғап, Қазақстан тарихы пәнінде кездесетін кемшіліктерді түзетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты «Жалпы орта білім беретін мектептерде Қазақстан та­ри­­хын оқытудың өзекті мәселелері және оқу­лықтары туралы» атты дөңгелек үстел мәжілісіне Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, республикалық «Оқулық» орталығының, Астана қаласы Бі­лім бас­қармасының қызметкерлері, оқу­лық авторлары, оқытушылар, студенттер шақырылды. Жиын мақсаты авторлармен еркін пікір алмасу болғандықтан, алдымен оқулық шығаруға жауапты мекемелердің осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары таныстырылды. Отырысты ашқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы Бүркітбай Аяған өз баяндамасында отан тарихын оқытудың өзекті мәселесіне қысқаша тоқталып өтті. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы вице-президентінің міндетін атқарушы Гүлзара Смағұлованың айтуынша, академия жоғары оқу орындарымен қосылып әлемдік тәжірибеге сәйкес мем­лекеттік білім стандартын әзірлеу үстінде. «Білім мазмұнына қойылатын талаптарды қарастыра отырып, осының негізінде 12 жылдық білім берудің бағдарламасы мен оқу жоспарларын дайындап жатырмыз» дейді ол. Ал, Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия» ғылыми-практикалық гума­ни­тарлық зерттеулер орталығының директоры, 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы Зиябек Қабылдинов 2004-2008 жылдары шыққан оқулықтың 2012 жылы қайта өңдеуден өткен оқулықтан айырмашылығын атап берді. Жалпы оқулыққа қанша параграф қосылғанын, даталардың және адам аттары азайғанын түсіндіріп өтті.

Еуразия гуманитарлық институтының про­­­фессоры, 6-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы Бауыржан Сәрсекеев өз сөзінде авторлар оқулықтың методикасын, оқушы балалардың жас ерекшелігін, зейінін, сабақты қабылдауын, қызығушылығын, тіл байлығын ескеру қажеттігін алға тартты. Шынында, тарих пәнін оқып отырған оқушы ешкімнің кө­мегінсіз тақырыпты еркін түсінуі қажет. Сол кезде ғана баланың тарихқа деген қызығушылығы артатынын мамандар растап отыр. Мәселен, 6-шы сыныпқа арналған оқулық түгелдей археологиялық зерттеулерге арналған. Ал 11 жасар бала археологияны қабылдай алмайтыны ақиқат, сондықтан баланы алдын ала тарихты оқытуға дайындау қажет. Оқулықтың мазмұнын түгелдей жаңа қызықты тақырыптармен ауыстыру қажет екендігі айтылды.
Жиынға қатысқан қалалық №59 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тест сұрақтарының жауаптарына көңілдері толмайтындығын жеткізді. Жауапта бірнеше дұрыс нұсқа беріледі, мысалы: 8-сынып оқулығында «Аңырақай» шайқасы – 1730 жылы, «Бұланты» шайқасы – 1728 жылы болған деп берілген, ал 11-сынып оқулығында (жаратылыстану-математика бағыты бойынша) «Аңырақай» шайқасы – 1727 жылы, «Бұланты» шайқасы –1727 жылы болған деп беріледі. Осы сияқты қарама-қайшы сұрақтар көп кездесетіндігін айтты.

Қорытындылай келе, мәліметтердің тым ауқымды болуына байланысты, З.Қабылдиновтың 8-сыныпқа арналған оқулығын ықшамдау керек деп түйіндеді. Баланың жас ерекшелігін ескеру және заман талабына сай деректемелер кіргізу сынды ұсыныстар да түсті.

Пікір:

Дайра ӘМІРҒАЛИВА,
Астана қаласы Білім басқармасының тарих пәнінің әдіскері:
– Орыс тілінде жазылған Қазақстан тарихы оқулықтарына көңілім толмайды. Мысалы: «Сығанақты» орыс тіліне аударып «Сыгнак» деп, «Ш.Уәлихановты – Ч.Валиханов» деген сынды аудармалар баланы шатастырады. Сондықтан ономастикаға көп көңіл бөлу керек.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты:
– Соңғы жылдары білім беру жүйесінде кешен­ді өзгерістер жүріп жатыр. Бұл бұрын­ғыдай жеке мектептің мәселесін маман даярлау­дан бөлек қарастыру емес, білім берудің барлық деңгейлерінде мұғалімдерді жоғары білім беру ұйымдарында даярлаудан бастап, білік­тілікті арттыру жүйесі арқылы кәсіби дең­гейін арттыруға дейінгі аралықты қамтиды.

Қоғамда ұстаз мәртебесін көтеру, олардың біліктілік арттыру жүйесіне жаңа инновацияларды енгізудің мәселе ретінде қарастырылуы қазіргі талаптарға сай өте маңызды. Қазақстанда орта және жоғары оқу орындарында Отан тарихын оқыту және жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді жетілдіру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Сонымен қатар, заман талабына сай оқулықтар жазу, ғылым және білім кадрларын даярлау, олардың білімі мен білігін жетілдіріп отыруды ұйымдастыру шаралары кеңінен қарастырылуда.

Елімізде жастарға Отан тарихынан дәрістер беру және оны жете түсіндіруге тырысу үшін заманауи ақпараттық технологиялар мен құралдарды пайдаланудың да қажеттілігі бар. Себебі, ұстаз өзі дәріс беру барысында мектепте немесе жоғары оқу орнында болсын жас ұрпақтың ұлттық санасын оятып, тарихи танымын арттыруы қажет. Елімізде білім жүйесін реформалау жалпы орта және жоғары оқу орындарының қызметін жаңаша ұйымдастыруға, білімнің мазмұнына, сондай-ақ, оқыту технологиясына да өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Оқу үдерісіне жаңа бағыт беріп, оның даму жолдарын ХХІ ғасырдың талабына сәйкес айқындау үшін білімнің әртүрлі салаларына білім және ғылым, білім және адам құқығы, білімнің қоғам дамуындағы әсері, білім беру барысындағы жаңа технологияға талдау жасалып, қорытындылану қажет.

Ләззат БАЙЫМБЕТОВА,
республикалық «Оқулық» орта­лығының зертхана меңгерушісі:
– Оқулықтар бес жылда бір рет жаңар­тылады. Қазіргі уақытта 7-8-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығы жаңартылуда. Айта кетерлігі, жазылған оқулықтардың көбі орыс тілінен аударылады, оны орталықтың сарапшысы оқиды. Егер де сарапшы аударылған оқулықты түсінбесе, онда мұғалімнің кітапты түсінуі қиынға соғады. Сондықтан барлық оқу құралдарын сапалы, жүйелі аударған жөн.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 5 =