Қазақстан: реформа жолымен

0 106

Бауырлас Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарай алмайтынымыз анық. Мұның себебі Қазақстанның тек қана біздің атажұртымыз болғандығында емес, сонымен қатар, біздің жүрегіміздегі әлемнің сәулетшісі Қожа Ахмет Ясауидің қабірі де сол жерде. Басқаша айтқанда, Анадолының мәйегі тек материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да Түркістаннан шыққан.

Өзім Шанлыурфа тумасы ретінде 1150 жыл бұрын қазіргі Қазақстанның Отырар қаласында туып-өскен ұлы ғалым, «адамзаттың екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фараби ислам мәдениетінің алтын дәуірінде Бағдат, Дамаск, Каирден тыс біздің Харран қаласында да зерттеу жүргізгенін мақтан тұтамын. Осы тұрғыда Түркияның Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуы керек деп санаймын.
Сондықтан мен депутат болып сайлағаннан кейін Қазақстанға ерекше қызығушылық таныта бастадым және Қазақстанның достық тобының төрағасы болуды қаладым. Осылайша, ата-бабалардың мекені менің қызығушылығымның едәуір бөлігін ала бастады. Осы уақыт ішінде мен Түркия Республикасы бауырлас елдермен қарым-қатынасын нығайтқан сайын ол халықаралық аренадағы беделді елдің біріне айналады деген қорытындыға келдім.
Осыған байланысты 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Қазақстандағы Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс сайлауын мұқият қадағаладым. Бұл сайлаудың Қазақстандағы демократияландырудың бұрыннан келе жатқан процесінің жаңа кезеңі екенін атап өткен жөн.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған реформалар процесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңінде де жан-жақты жалғасын табуда. Бұл жерде Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 19 наурызда президенттік қызметінен өз еркімен отставкаға кетуі аталмыш процеске оң әсер еткенін және Қазақстан демократиясы мен тұрақтылығы үшін өте маңызды екенін атап өткім келеді.
Президент Қ.Тоқаев бастамашы болған реформалар аясында тұжырымдалған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дискурсы қоғамның барлық салаларынан қолдау тауып жатыр деп сенемін. Президент тарапынан ұйымдастырылған саяси партия мүшелері, азаматтық қоғам ұйымдары мен зиялы қауым өкілдерінен құралған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі билік пен халық арасында тығыз диалог пен сенім қалыптасудың негізін қалап отырғаны да анық. Жаңа заң қабылдағанда немесе заңға өзгеріс енгізгенде кеңес мүшелері талқылаған мәселелерді Парламент өз назарына алып жұмыс жасады деп сенемін. Сайлау туралы, саяси партиялар мен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Мәжіліс сайлауында партиялар көрсеткен кандидаттардың отыз пайызы жастар мен әйелдерден құралуы керектігі процеске жастар мен әйелдерді тартуға зор мүмкіндік береді.
Бүгінгі кезеңді пайымдасақ, Президенттің бұл реформаларды жүзеге асыруы сайлауға дайындықтың бір түрі екені көрінеді. Мәжіліс сайлауы мен жергілікті өкілді органдарды сайлауы елдің саяси өміріне жаңа серпін берді деп айта аламыз. Сайлау науқанына жастар, әйелдер мен кәсіпкерлердің қатысқанын байқау­ға болады. Мәжіліс пен жергілікті мәслихат құрамының жаңаруы елді демократияландырумен қатар, елді басқаруға халықтың үлесін көбейтеді деп күтілуде.
Мәжіліс сайлау мерзімі де өте маңызды уақытта өтті деуге болады. Сайлау өткен уақыт елдің ішкі саясатының күн тәртібіне ғана емес, әлемнің бағытына да қатысты болды. Осыған байланысты әлемде 2020 жыл тарихта есте қалар бетбұрыс болғанын атап өтуіміз керек. Жаһандық індет бүкіл әлемге әсер еткенін ескерсек, әлем бұрынғыдай болмайтыны сөзсіз. Сондықтан пандемия кезінде туындаған мәселелерді ескерсек, басқарудың жаңа түсінігімен жұмыс істеу қажеттілігі туындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы сайлау шын мәнінде осы жаңа дәуірге дайындық болып табылады. Үкіметтің Мәжіліспен бірге халықтың сенімін жаңартуы ішкі қоғамдық пікір тұрғысынан да, халықаралық саясат тұрғысынан да маңызды. Басқаша айтқанда, Қазақстан жаңа дәуірге дайын деуге болады. Жаңа Президент, жаңа Мәжіліс және жаңа Үкімет Қазақстанда жаңа дәуірдің басталуын білдіреді.
Нәтижеде Мәжіліс сайлауы Қазақстанның алдағы кезеңге бетбұрысын көрсетеді. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы 15 қаңтарда Парламентке үндеуінде жариялаған реформалардың жаңа пакеті Қазақстанды демократияландыруда қаншалықты батыл екенін дәлелдейді. Атап айтқанда, сайлау шкаласын 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныс, билік жүргізу процесіне халықтың қатысуын, сондай-ақ саяси партиялар институтының маңыздылығын арттырады деп айтуға болады.
Бауырлас ел ретінде Түркия Қазақстандағы оқиғаларды ерекше назарда ұстауды жалғастырады. Себебі біздің ортақ географиямыздағы маңызды ел – Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағына біз де мүдделеспіз. Кез келген мәселеде атажұртымыз Қазақстанды қолдау – біздің бірінші кезектегі парызымыз. Мен екі бауырлас ел ретінде тығыз ынтымақтастық негізінде мықты болашақ құратынымызға сенімдімін.

Мехмет Али Жевхери,
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты,
Түркия-Қазақстан ­парламентаралық ­достық
тобының төрағасы, ­Парламенттегі Ұлттық

қорғаныс комиссиясының мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + nine =