Қазақстан қоқыстан қайтсе құтылады?

0 85

Әлемде жыл сайын 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Ал Қазақстанда көп жылдан бері қордаланған қоқыстың мөлшері 150 миллион тоннадан асыпты, ол жыл сайын 6 миллион тоннаға ұлғайып отырады. Бүгінде бұл жайт еліміз үшін аса күрделі мәселелердің біріне айналды.

Ресми дерек бойынша, республикада соңғы жылдары 1,5 мың заңсыз күлтөкпе жойылған екен. Алайда әлі 6 мың заңсыз күлтөкпе қалған. Ал рұқсат етілген 3,5 мың полигонның тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Олар токсиндер бөліп, топырақты, ауаны, суды аяусыз ластап жатыр. Бұл адам денсаулығына орасан зор қауіп төндіруде.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қалдықтарды басқару ісі Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес қалдықтарды басқару ісі министрліктің басым міндеттердің бірі санатына енгізілгенін атап өткені есімізде. Ол жақын жылдары Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шымкент және Тараз қалаларында қоқыс жағатын зауыттар салынатынын жеткізді. Аталған тұжырымдама бойынша елімізде қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс. Қазіргі күні 204 қалалар мен аудандардың 51-інде қалдықты бөліп жинайды, 30-ында сұрыптайды.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен, полиэтилентерефталат қапшықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған. Бірақ көпқабатты үйлерден шығатын қалдықтардың тек 1 пайызы ғана сұрыпталатындықтан, қоқыс жәшігінде олардың бәрі араласып кеткен. Қалдықтарды арнайы жәшіктерге бөліп салуға көпшіліктің мойны жар бермейді. Соның салдарынан тыйым салынған заттар күлтөкпеде ыбырсып жатыр. Ал еліміздегі макулатура өңдейтін «Алматықағаз» бен «Карина» компаниялары ай сайын қажетті 7 тонна шикізаттың 1 тоннасын Ресейден алдыруға мәжбүр.
Республикада қалдықтарды өңдейтін 160 кәсіпорын бар. Олар қағазды, шыныны, резинаны, алюминий мен қаңылтыр банкаларды қайта өңдеумен айналысады. Тұрмыстық қалдықтар, тиісінше сұрыпталмауы салдарынан, олардың қай-қайсы шикізат тапшылығын сезінуде. Отандық кәсіпорындар макулатурадан қораптар, әжетхана қағазын, қағаз сүлгі жасайды. Полиэтилен пакеттерден – пластик құбырлар, нейлон жіптер, қаңылтыр банкалардан – ыдыс-аяқ, резинадан шланг өндіреді.

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ:ЖАПОНИЯ

Жапонияда тұрмыстық қатты қалдықтардың 90 пайызы өңделеді. Әйтсе де осыдан 40 жыл бұрын күншығыс елі қоқыстың астында қалғанын бұл күнде біреу білсе, білеу біле бермес. 80-жылдардың басында Жапонияда экологиялық проблема бірінші кезекке шықты. Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын кәсіпорындар саны мен олардан шығатын өндіріс қалдықтары күрт өсті. Салыстырмалы түрде алғанда көлемі жағынан аумағы онша үлкен емес мемлекетте жылына 450 миллион тонна қалдықтар шығарылатын еді (естеріңізге салайық, Қазақстанда жылына 6 миллион тонна қалдық шығады-авт). Мұндай орасан мол қалдықтарды үйетін орын табу көкейтесті мәселеге айналды. Сондықтан жапон үкіметі қоқыспен күресуге бар күш-жігерін салды.
Соның арқасында бүгінде Жапония әлемдегі ең экологиялық таза елге айналды. Бұл елде қатты тұрмыстық қалдықтарды саралап бөліп жинау және оларды өңдеу өте жоғары деңгейге көтерілген. Ел заңы азаматтарды қоқысты сұрыптап жинауға міндеттейді, сондай-ақ тұрғындардың азаматтық саналылығы күншығыс елін осы дәрежеге жеткізіп отыр.
Мәселен, астанасы Токио – әлемдегі тұрғындары аса тығыз қоныстанған қалалардың бірі. Қаланың әр ауданында қоқысты сұрыптау, жинау ережесінің бірі-бірінен айырмашылығы бар. Тек ортақ бір мәселе – қай ауданда да тазалыққа, экологияны қорғауға аса мән берілген. Қоқыс өңдейтін және өртейтін зауыттарға қалдық тиелген көліктері әрбір 10-15 минут сайын тоқтаусыз кіріп, жүктерін түсіріп кетіп жатады. Ал ондай зауыттар заманауи өте жоғары стандарттармен жұмыс істейді. Елде қоқыс өртейтін, өңдейтін және ірі көлемді немесе техникалық күрделі қалдықтарды өңдейтін зауыттар көп. Олар тіпті көп шоғырланған аудандарда, қала ортасында да орналасуы мүмкін. Бірақ білмейтін жұрт бүгін зауыттардың мұршасынан түтін «шықпайтынына» қарап, олар жұмыс істемей тоқтап тұрған шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ түтін шығатын мұржалардың аса көп көлемде жоғары технология­лық сүзгілермен жабдықталғаны соншалық, зауыттар бар қуатымен жұмыс істеп тұрғанның өзінде олардан түтін шығып жатқаны көрінбейді.
Қоқыстармен күрес жүйесі тек ірі қалаларда ғана емес, кішігірім қалашықтарда да, шағын елді мекендерде де мүлтіксіз жұмыс істейді. Мәселен, Жапонияның кішігірім Камикацу таулы аймағының тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды түгелдей өңдеп, екінші қайтара пайдаланады. Мұнда қоқыс 34 түрлі санатта сұрыпталатын еді. Ал 2020 жылдан бастап елді мекен тұрғындары полигондардан толықтай бас тартуға шешім шығарған. Олар бұған қалай қол жеткізіп отыр? Ең бірінші, қоқыс тасымалдаушы техника мен контейнерлерден бас тартқан. Әр отбасы өз қоқыстарының кәдеге жаратылуына өздері жауапты. Үйлері шашыраңқы орналасқан таулы аймақта қоқысты әдеттегі тәсілмен жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Сондықтан елді мекеннің ортасына үйлестіру орталығын ашты, онда әркім өздеріне қажет емес затты басқа біреудің затына айырбастап ала алады. Қалдықтарды жою үшін бөлінген қаржыны муниципалитет тұрғындарға көңді қордалау және азық-түлік сатып алу үшін лотерея билеті немесе ваучер ретінде беретін болды. Егер 2010 жылы қайта өңделетін қалдықтар 55 пайыз болса, бүгінде ол 90 пайызға жеткен.
Жапонияда егер заңды тұлғалар полимер қалдықтарын өздері сұрыптаса немесе өңдесе, салықты анағұрлым аз төлейді. Жеке тұлғаларға коммуналдық қызмет төлемі бойынша басқа да жеңілдіктер қарастырылған.

ФИНЛЯНДИЯ
Скандинавия жерінде қоқысты өңдеу жалпыұлттық сипат алған, бұл елде 99 пайыз қалдық өңделеді. Дизайнерлік киімдерді ескі желкендерден, ыдыс жуатын щеткаларды пластик пакеттерден, ауылшаруашылық тыңайтқыштарын батарейкалардан, түтіндік өңешін күл-қоқыстан жасайтын озық технологиясы бар елдің бірі – Финляндия.
Оның 41 пайызы екінші қайтара қолданылған қалдықтардан жасалып, қалған 59 пайызы өртеліп, энергия мен жылу көзі ретінде пайдаланылады. Жаппай қоқыс өңдеу ісімен айналысатындықтан, елде кейінгі жылдары 2000 күлтөкпе жабылған.
Хельсинкиде баспана саны 20 пәтерден асатын ғимараттардың бәрінде қоқысты әдеттегідей тәсілмен де, органикалық заттарды, қағазды, картонды, шыныны, металдарды, пластикті бөліп жинау түрі де ұйым­дастырылған. Финляндияда муниципалитеттер қоқыс жинау ісіне тікелей жауапты. Батарейкаларды кез келген тұрмыстық дүкендерге өткізуге болады. Жиһаз, құрылыс материалдары, электр жабдықтары арнайы орталықтарға жөнелтіледі. Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын пункттердің үйге жақын орналасуы ескерілген, олар әр аулада дерлік бар.

ШВЕЦИЯ
Бұл елде қалдықтардың 96 пайы­зы өңделеді. Сондықтан мұнда тұрмыс­тық қалдықтар мүлдем тапшы. Қазір шведтер оны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр болған. Норвегиядан жылына 800 мың тонна қалдық сатып алуға тілек білдірген.
Мемлекет халқы қолданыста болған бір пластикті жеті рет жаңартып, қайта пайдалануға болатынын біледі. Осыдан кейін ол электр стансасына өртелуге жіберіледі де, электр қуаты ретінде іске асырылады. Қоқыспен Стокгольмның 45 пайыз электр энергиясы қамтамасыз етіледі.
Әр отбасында түрлі қалдықтар – пластика, қағаз, шыны, картон, металл және басқалары үшін 6-7 шелектен бар. Тіпті Стокгольмде кішкентай баланың өзі кәмпиттің қағазын басқа контейнерге тастамайды. Балабақшаларда және мектептерде қоқысты дұрыс сұрыптауға үйретеді. Теледидар, диван, құрылыс материал­дары сияқты көлемі үлкен заттар арнайы стансаларға тасымалданады. Оларды сол жерде бөлшектеп, тауар өндірушілерге сатады. Бояу, қышқыл және басқа зиянды заттар тұрмыстық химияны өңдейтін зауытқа жіберіледі. Қоқыс жерасты дәлізі арқылы жеткізіледі.
Шведтер ғимараттарды да мұқият бөлшектеп, құрылыс материалдарын бірнеше қайтара пайдалана береді. Еуропаның басқа көптеген елдері сияқты елде қаңылтыр және пластик құтылар ақшаға өткізіледі. Мерзімі өткен дәрі-дәрмек дәріханаға тапсырылады. Онда шприцтер мен инелерді де қабылдайды.
Шведтер осы ісі арқылы ел ішін қоқыстан тазартып қана қоймай, оны залалсыз өңдеу тәсілін меңгерген. Қоқыс өртейтін зауыттардағы жаңа технологиялардың арқасында өңделетін заттардан атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар тек 1 пайызды ғана құрайды.

Түйін. Швецияда қалдықтың 30%-ы – қайта өңдеп жабдықтар жасау, 10% –компостілеу, 50% – электр энергиясын өндіру үшін жаратылады. Тек 4%-ы ғана көміледі екен.
Германияда тұрмыстық қатты қалдықтарды бөліп жинау 1990 жылдары бұқаралық сипат алған. Бұл елде тұрмыстық қалдықтың 48%-ы қайта өңделеді және 34% -ы өртеледі.
Голландия мемлекеті қоқыспен күресте басқа елдерге үлгі деуге боларлық. Бұл елде қалдықтардың түгелдей өңделіп кететіні соншалық, күлтөкпе жоқтың қасы. Сан-Францискода (АҚШ) қалдықтардың 75%-ы, Каппанориде (Италия) – 85%-ы, Люблянде (Словения) – 61%-ы, Толоседа (Испания) – 77%-ы қайта өңделеді.
Әлемде Сингапур да тазалығымен ерекшеленеді. Сингапурде жерге темекі тұқылын тастаған адам орташа айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып төлейді. Және айыппұл төленгенше оның өсімақысы тежеусіз өсе беретін болады.
Англияда да қалдықтардың бәрі дерлік өңделеді. Қағаз, шыны, пластмасса, батарейка, т.б. бөлек-бөлек сұрыпталады. Арнайы контейнерлерге ескі киім-кешек, ойыншық, тұрмыстық техника жиналады.
Ресей – бұл салада былыққа батқан мемлекеттің бірі. Бұл елде қалдықтарды өңдеу үрдісінде өркениетті елдердің жұрнағы да жоқ. РФ-да қатты тұрмыстық қалдықты жинайтын 14000 күлтөкпе бар екен. Оның аумағы 4 миллион га алып жатыр (салыстыру үшін: Кипр аралдарының аумағынан 4 есе үлкен). Оған қоса ғарышты бақылау тәсілімен тексергенде 60000 заңсыз күлтөкпе анықталған. Олардың көпшілігі өз-су қорғау аймақтарында орналасқан. Мұның бәрі экологияға зор зардаптарын тигізіп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =