«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан – қауіпсіздік кеңесінде

0 200

Қазақстан биылғы жылдың 1 қаңтарынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы қызметін бастап кетті. Ол жылдың ең соңғы күніне дейін созылады. Қаңтардың 2-сінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше елдердің өкілдері төрағаның осы айға белгіленген жоспарын қарап, қабылдады. Бұрнағы күні сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесіне кірмейтін мемлекеттер, бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне брифинг берілді.

Қазақстан алдыңғы жылғы 29 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланған еді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың үндеу жариялап, тәуелсіздіктің 25-ші жылында қол жеткен табысты оқиғаны ерекше атап көрсеткен.
Енді Қазақстан жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мәселесіне жауап беретін Бүкіләлемдік ұйымның бас құрылымы жұмысына аймақтық күн тәртібін енгізетін болады. Еліміздің Қауіпсіздік кеңесіндегі елші-өкілі Қайрат Омаровтың айтуынша, биылғы жылы Қауіпсіздік кеңесінде Боливия, Қазақстан, Кот-д`Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша, Швеция, Экватор Гвинеясы, Эфиопия, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция жұмыс істейді.
Кеңестің ең алғашқы алқалы жиыны 18 қаңтар күні өтеді. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен бас қосылатын Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі дебаты, яғни пікірталасы түрінде қанат жаяды. Ал 19 қаңтарда аймақтағы ең күрделі де қиын өңір – Ауғанстандағы қазіргі ахуал талқылау тақырыбына айналады.
Қаңтардың 25-інде Қауіп­сіздік кеңесінің БҰҰ-ның тұ­рақты елдері өкілдері дең­ге­йінде «Палестина мәселесін қосқандағы Таяу Шығыстағы жағдай» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық дебаты ұйым­дастырылады.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды