Қазақстан қарыштап барады
Кеше Астанада Орталық коммуникациялар алаңында отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Даму – 2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» баяндамасының халықаралық таныстырылымы өтті.
Аталмыш баяндаманы дайындаған – 2009 жылы Мәскеуде құрылған «Пост-кризисный мир» институты. Тәуелсіз сараптамалық орталық зерттеу жұмыстарын ағымдағы жылдың ақпан-мамыр айларында жүргізген. Оған 63 елдің 303 сарапшысы тартылған. Сауалдамаға қатысқандар қатарында ТМД елдері, Батыс және Шығыс Еуропа, Азия елдері, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы, АҚШ, Канада, Австралияның экономистері мен қаржылық сарапшылары, жетекші компаниялардың иелері мен топ-менеджерлері, журналистер, ғалымдар, саясаткерлер мен шенеуніктер бар.
Дөңгелек үстел мәжілісінде сөз алған «Посткризисный мир» халықаралық зерттеу қорының жетекшісі Екатерина Шипованың айтуынша, Азия 2050
жылға дейін әлемдегі ең жедел дамитын өңірге айналады.
– Біріншіден, Азия – экономикасы шоғырланған, қарқынды дамушы аймақ. Екінші жағынан алып қарағанда, кезінде Жапония бастан кешкен қауіп те бар. Азия геосаяси қақтығыстардың аймағы болғандықтан, жанжалдар азаймайтыны байқалады. Соңғы оқиғаларға қарағанда, тіпті, арта түсуі ықтимал. Алайда мұндай қатерлерге қарамастан, Азия әлемдегі жедел дамитын өңір болып қалады, – дейді ол.
Алдағы уақытта жаңадан «Азия жолбарыстары» атауы пайда болмақ. Қандай мемлекеттер басты рөл ойнайды деген сауалға келсек, зерттеушілер «Жаңа жолбарыстар» тізіміне Түркия, Индонезия, Вьетнам, Иран және Қазақстанды қосады. Халықаралық зерттеушілер Түркияны топ бастап тұрғанын көрсетуде. Индонезия мен Вьетнамда соңғы жылдары экономикалық өсімнің арқасында алғашқы үштікке енген. Технологиялық жетістіктерімен Иран мемлекеті де тізімнен ойып тұрып орын алған. Ал, біздің ел барлық Орта Азия елдері ішінде «жаңа жолбарыстар» тізіміне енген жалғыз посткеңестік мемлекет екен. Өнеркәсіптің қарқынды дамуы, индустрияландыру жоспары сынды бірқатар артықшылықтарымызды әлемдік қауымдастық жоғары бағалаған.
«Адамзатты қандай мәселелер алаңдатуы мүмкін?». Бұл мәселені шетелдік сараптамалық топ түбегейлі зерттеген. Алдағы отыз-қырық жылдықта әлемде табиғи ресурстардың тапшылығы едәуір байқалады. Экологиялық және климаттық мәселелердің де тигізер зардабы жоқ емес. Аталмыш мәселелер Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылғаны белгілі. «Посткризисный мир» қорының директоры, ғалым Александр Маслов Қазақстанды 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын жасаған посткеңес кеңістігіндегі жалғыз мемлекет екенін ерекше атап өтті.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ