Қазақстан қалай көп ұлтты елге айналды?

0 207

Бұдан тура бір жарым ғасыр бұрын бүгінгі Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан халықтың түгелге жуығы өз қандастарымыз еді. Атажұртқа өзге ұлттардың да қоныстануы осы кезеңнен басталды.Ресей империясы кезеңіндегі көші-қон

Патша өкіметі 1867-1868 жылдары әкімшілік реформа жүргізіп, жер Ресей империясының меншігі деп жариялады. Сөйтіп қарашекпенділерді сайын далаға жаппай көшіру ұйымдастырылды. Патша өкіметі ішкі Ресейден келген орыс шаруалары мен казактарға, шенеуніктерге ең шұрайлы деген атақоныстарымызды тартып әперіп, қазақтарды құнарсыз және тұзы бетіне шығып жатқан сортаң жерлерге ығыстырды.
Мұжықтардың қоныс аударуын ынталандыру үшін түрлі жеңілдіктер жасалды: жан басына 30 десятина учаске берілді, 15 жылға дейін алым-салықтардан босатты, 100 рубль жәрдемақы тағайындалды. Қоныстанушылар елдің солтүстік және орталық өңірлерін ғана емес, оңтүстік аймақтарды да жайлады.
Бұл жайт Қазақстанның демографиялық құрамын өзгеріске ұшыратты. 1897 жылғы санақ бойынша Алты алаштың атажұртында қазақтың саны 87,1 пайызға дейін азайды. Ал Ақмола облысында славян тектес тұрғындардың үлесі 33 пайызға жетті.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында сахараға кем дегенде 1,5 миллион ресейлік қоныс аударып, Қазақстанның ең шұрайлы деген 45 миллион тақта жерін иемденді.

Кеңестер Одағы кезіндегі депортация

Екінші науқан ХХ ғасырдың 30-50-жылдары ішінде жүргізілді. Кеңес өкіметі жеке азаматтарды ғана емес, тұтас халықты Одақтың шығыс аймақтарына, қазақ жеріне жаппай жер аударды.
Сталиннің халықты Қазақстанға жер аударуы Батыс Украинадан басталды. КСРО Министрлер Кеңесінің 28 сәуір 1936 жылғы №776-120 «өте құпия» грифімен бекітілген қаулысына сәйкес Украина мен Польша шекарасынан Қарағанды облысына 45000-нан астам немістер мен поляктар көшірілді.
1937 жылдың 21 тамызында осындай зар күй кәрістердің басына туды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның №1428-326 «Қиыр Шығыстың шекаралық аумақтарынан кәріс ұлтын көшіру туралы» қаулысы шықты. Аз уақыттың ішінде қазақ жеріне 20141 отбасы немесе 98474 кәріс жеткізілді. Оларды, негізінен, еліміздің оңтүстік аймақтарына шоғырландырды.
1938 жылдың қазанында «өте құпия» бұйрықпен «Әзербайжан КСР шекаралық аймағынан ирандықтарды көшіру туралы» қаулы шықты.
1940 жылы көктемде Батыс Украина мен Белоруссиядан көтерілісшілер ұйымдарына қатысушылар, бұрынғы Польша армиясының офицерлері, сотталғандар қоныс аударылды. Қазақстанда осы жылдың соңында 53772 поляк тұрып жатты.
1941 жылы депортацияланған халықтар тарихындағы аса қайғылы тарихи құжаттардың біріне қол қойылды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның 26 тамыздағы қаулысымен, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, неміс тұрғындар түгелдей жансыздар, фашистердің қолшоқпары деп жарияланып, қазақ жеріне тоғытылды. 1942 жылы тек Қарағанды облысында ғана неміс қоныстанушыларының саны 350 мыңға жетті.
1943-1944 жылдары сайын даламызға қарашайларды, қалмақтарды, шешендерді, ингуштерді, еврейлерді, Қырым татарларын, гректерді, армяндарды, балкарларды, болгарларды, түрік-месхетиндерді әкеп төкті. Олардың бәрі сатқындар, халық жаулары деп танылды.
Сталин өлген 1953 жылы КСРО ІІМ қадағалаушы органының есебінде 2 млн 826 мың 419 арнайы қоныстанушылар болса, соның 1 млн 013 мың 610 адамы Қазақ­станда тұрып жатты. Депортацияланған халықтардың басым көпшілігі Қарағанды облысының аумағына орналастырылды.
Депортацияланған жандар жаңа жерлерінде аштыққа, ауруға ұшырап, көшіп-қонып жүргенде отбасы мүшелерінен айырылып, басқа да тұрмыстық қиыншылықтарды бастарынан кешірді. Кеңес өкіметі оларға қазынадан заң бойынша бөлінуі тиіс болымсыз материалдық көмектің өзін көрсетпеді. Босқындарды орналастыру үшін баспана салуға қажет материал мен қаражатты, адам басына күнделікті бөлінетін ас-су нормасын бермеді, жағдай жасамады. Зордың күшімен көшіп келгендер өздері күрке құрастырып, жеркепелер салды, саз-балшықтан кірпіш құйды. Қыста баспаналарын тезекпен, қарағанмен, өсімдіктердің сабақтарымен жағып жылытты. Олардың арасында аурулар мен үсікке шалынғандар, содан қаза тапқандар көп.
Дегенмен Қазақстанға жер аударылған ұлттардың жағдайы басқа республикаларға депортацияланғандарға қарағанда көш ілгері еді. Ежелден қонақжайлылық қанына сіңген халқымыз соры қайнап жеткен ұлттардың бәрін бауырына басты, қолындағы нанын бөліп берді. Өз үйлерінің бір бұрышын ұсынды. Бүгінде сол ұлттардың қай-қайсы да қазақтың арқасында аман қалып, шырағын жағып отыр.

Индустрияландыру игілік пе?

Мақаламыз толымды болуы үшін осы кезеңдерде жүргізілген индустрияландыру науқанының қазақ үшін тиімді болғанын да айта кеткен жөн. Қазақстанды индустрияландыру отызыншы жылдардың соңында басталды. Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш мыс балқыту және Ақсай полиметалл комбинаттары сол заманның ірі өндіріс ошақтарына айналды. Одан кейін Текелі полиметалл және Жезқазған мыс балқыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыты бой көтерді.
Шымкентте, Ақтөбеде, басқа да өңірлерде химия өнеркәсібі қарқынды дамыды. Теміртау, Екібастұз сияқты өндірісті қалалар бүкіл Одақтың жастарын шақырған екпінді құрылыс алаңына айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға 400-ден астам зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Ондаған жаңа қалалар мен жұмысшы кенттері, зауыттар мен шахталар, жолдар мен көпірлер салынды.
Индустрияландыру өз жемісін берді. Қазақстанда өнеркәсіп алдыңғы қатарға шықты. 1939 жылы оның ІЖӨ үлесі 58,9 пайызды құрады. Республика КСРО-ның негізгі шикізат көзіне айналды. Негізінен, шикізат қана өндіретін осы алып кәсіпорындар іске қосыларда сырттан көп мамандар, жұмысшылар шақырылды. Оларға жағдай жасалып, кезектен тыс пәтер берілді. Ірі қалаларда қазақтардың қарасы мүлдем аз болатын. Қала тұрғындарының саны 8,2 пайыздан 27,7 пайызға дейін өсті.

Тың игеру жылдары

Үшінші науқан – тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі. 1954-57 жылдары 500 мыңнан астам славян ұлтының өкілдері Қазақстанға қоныс тепті. Мұнда тұрақтамай кері қашқандарымен қосып санағанда олардың саны 1 миллионнан асып жығылады екен. Міне, осы кезде ұлттық мектептер жабылып, ұлттық кадрлар билік басынан шеттетілді, іс қағаздары орыс тіліне көшірілді. Әрине, тың игеру арқылы Қазақстанда көптеген шаруашылық бой көтерді, еліміз астықты державаға айналды, дегенмен қазақ ұлтының өз елінде өркен жая алмауына әсер етті. Өз елімізде ұлтымыздың үлес салмағы 29 пайызға дейін төмендеді. Сөйтіп Қазақстан кеңес өкіметінің қолымен жасалған «ұлттар лабораториясына» айналды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 10 =