Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне саяси Үндеуі

0 553

10 қаңтарда Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шие­леністердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» та­қырыбындағы ашық пікір­таластарына қатысты. Нью-Йоркта өткен шара аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүл­денген әлем құру үшін жа­­һандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көз­қа­рас» атты Саяси үндеуін таныстырды. Оқыр­ман­да­рымызға Елбасының осы Үндеуінің толық нұсқасын ұсынып отырмыз.

104447-preview-image

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақ­стан Республикасы алдағы екі жылдық кезеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады.
Қазақстан өз кандидатурасына қол­дау көрсеткен БҰҰ-ның барлық мүше мемлекеттеріне өз ризашылығын біл­діреді. Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымызды жоғары жауапкершілік жəне халықаралық қоғамдастықтың біздің елімізге жəне оның бейбіт саясатына, қазақстандық бастамалар мен БҰҰ-ның əлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде рөлін күшейту бойынша ұсыныстарға сенімі ретінде қарастырамыз.
2017 жылғы 1 қаңтардан жаңа БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш мырзаның өз қызметін бастауын құп­таймыз. Қазақстан Кеңесте қор­ғайтын мақсат-мұраттары мен қағи­даттарына толы­ғымен сəйкес келетін оның қөз­қарас­тарын, басымдықтары мен адал күш-жігерін қолдайды.
2017 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы мүше­лігіне 25 жыл толады.
Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына толық бейіл­ділігін көрсетті.
Қазақстан қауіпсіздік пен бейбіт­шілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Кеңестің толық күн тəртібі бойынша əділ жəне бейтарап қызмет атқаратын болады. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің бар­лық мүшелерімен тең негізде ынты­мақтасуға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға жетуге жəне бəтуаластықты қалыптастыруға ниеттіміз.
Біз БҰҰ-ның барша мүше мемле­кет­­тері, ең алдымен, Кеңестің тұрақты мүшелері арасындағы өзара іс-қимылды қалпына келтіріп, оны дамытуға жəне сенімді нығайтуға жан-жақты жəрдем көрсететін боламыз.
Еліміз Қауіпсіздік Кеңесімен жəне оның қосалқы органдарымен, сондай-ақ БҰҰ Хатшылығымен жəне оның тиісті бөлімшелерімен Кеңестің Күн тəртібінің барлық мəселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл жасайды.
Біз жаһандық жəне өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжымдық жауап­кершілік қалыптастырылып, Кеңестің мүше елдері арасында XXI ғасырға сəйкес келетін, мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру маңыздылығы түсінігін нығайтуға ұмтыламыз.
Кеңесте атқаратын жұмыс кезінде өз миссиясының осындай қағидаларын ескере отырып, Қазақстан өзінің алдында келесі басымдылықтарды қояды.

БІРІНШІ. Ширек ғасыр бұрын əлем­де бірінші болып Семей сынақ ядролық полигонын жауып, əлемдегі қуатты ядро­лық арсеналын жойған ел ретіндегі Қазақ­стан үшін ядролық қарудан азат əлем құруға қол жеткізу адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мəселесі болып табылады.
Біз ғаламшарды ядролық қарудан құт­қару бойынша əлем қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруды ядролық қаруды таратпау режимін жүйелі түрде бекемдеу мен нығайту, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 қарарын мүлтіксіз орындау арқылы жалғастыруға ниеттіміз.
Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімнің жетістіктерін жəне олардың іске асуын құптай отырып, Қазақстан бүкіл ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда оларды үлгі ретінде қолдануды жақтайтын болады. Бұл үшін біз Кеңестің 2231 қарары бойынша үйлестірушісімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Респуб­ликасы Корей түбегіндегі ядролық қару проблемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл жəне сындарлы түрде шешуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарайды.
Задында Қазақстан БҰҰ-ның бар­лық мүше мемлекеттерін, əсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүше­лерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жыл­дығы қарсаңында əлемді ядролық қа­рудан құтқаруға шақырады.

ЕКІНШІ. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі күш-жігері жаһандық және өңірлік деңгейдегі әскери теке­тірестің дәрежесін азайту арқылы жа­һандық соғыстың алдын алу және оны толығымен жою үшін барлық жағдайларды жасауға бағытталмақ.
Бейбітшілікке жету және мемлекеттер арасындағы проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың XXI ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі екеніне қатты сенеміз. Осы орайда Қазақстан қақтығыстар мен зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша бірлескен іс-әрекеттер алгоритмін қамтитын менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімді ілгерілетуге ниетті.
Қазақстан БҰҰ бітімгершілік жүйесін одан әрі жетілдіруді қолдап, БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларындағы бақылаушылары мен бітімгерлердің санын ұлғайтуға ниетті.
Кеңестегі жұмысымыз кезінде біз Палес­тина-Израиль арасындағы қарсылықты, Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, ТМД кеңістігіндегі қақтығыстарды бейбіт түрде шешуге, Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағдарыстарды шешуге қолдан келгенше үлесімізді қосуға ниеттіміз.

ҮШІНШІ. Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне сайланған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болып табылады.
Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп-өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз.
Біз Орталық Азияда барлық мүдделі елдердің мүдделерін үйлесімді байланыс­тыру негізінде бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатынына сенімдіміз.
Біз өзіміздің Кеңестегі төраға­лығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз.
Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды жақтаймыз. Біз Ауғанстан/Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз.

ТӨРТІНШІ. Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген және шиеленіскен сын-қатерлердің бірі болып табылады. Тек барлық мемлекеттер, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен басқа да негізгі әріптестердің бірлескен күш-жігерлерімен ғана осы өрбіген дағдарысты басқа арнаға ауыстырып, бұл зұлматты жоя аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан саяси және діни көш­басшылардың, әсіресе, зорлық-зомбылық экстремизмі және радикализм саласындағы диалогты жандандыруға шақырады.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің ИЛИМ (ДАИШ) мен Әл-Қағида жөніндегі 1267 Комитетінде осы сеніммен төраға болады.
Осы орайда, БҰҰ БА-ның 70-ші сессия­сындағы сөйлеген сөзімде ұсынылған БҰҰ аясында Жаһандық Анти­тер­рористік коалицияны (жүйені) құру үшін негізі болуы мүмкін Халықаралық антитер­ро­ристік операциялар жүргізу кезінде Астана Әрекет кодексін дайындау туралы ұсынысты БҰҰ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше мемлекеттеріне жасауды жоспарлап отырмыз.

БЕСІНШІ. Африкада толық бей­бітшілік пен қауіпсіздікті іске асырма­йынша орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес.
Қазақстан Африка одағының бай­қаушы елі және Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея жөніндегі коми­тетінің төрағасы ретінде Африка мүйізі өңірі мен бүкіл континентте ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге үлес қосатын болады.

АЛТЫНШЫ. Біз бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байла­ныстылығын (security-development nexus) қамтамасыз ету арқылы ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты бейбітшілікке қол жеткізу бойынша кешенді іс-қимылды келісілген түрде жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз. Соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру, кли­маттың өзгеруіне қарсы күрес, оның ішінде барлық мүше мемлекеттер климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі шеңберінде өз міндеттерін орындау бойынша бірлескен шаралар осындай байланыстың негізі болуы тиіс.
Қазақстан тұрақты дамуға қол жеткізуге өзінің практикалық үлесін қосуда. 2017 жылғы жазда Астанада алдын алу дипло­матиясының маңызды компоненттері – орнықты энергияны дамыту мен климат өзгеруінің салдарын барынша азайтуға бағытталған «Болашақтың энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізу осындай қадамдардың бірі болып табылады.

ЖЕТІНШІ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі жұмыс барысында Қазақстан Кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеуге және Дүниежүзілік Ұйымның әлемдік істердегі рөлін нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлеп, қабылдауды қолдайды.
БҰҰ, соғыстан кейінгі кезеңдегі басқа да жаһандық құрылымдар сияқты ХХІ ғасырдың жоғары талаптарына сай келтірілуі тиіс.
Қазақстан Еуропа мен Американың, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге күш салатын болады.
Күшті жұмылдыру және жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мемлекеттер арасындағы шынайы сенімді қамтамасыз ету бойынша ұжымдық саяси ерікті қалыптастыру мақсатында жылына бір рет немесе екі жылда бір рет Кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткізуді ұсынамыз.
Аталған Саяси үндеудегі мақсаттар мен міндеттер Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары төрағалығы қызметіндегі жұмысының саяси басымдықтары мен практикалық компоненттері болмақ.
Қазақстан Кеңесте барлық мүше мемлекеттермен бірге көрсетілген маңызды бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси конъюнктурасыз, жауапты, байыпты және сындарлы түрде жұмыс жасауға ниетті.
Қазақстан маңызды мақсат – ХХІ ғасырда қауіпсіз, әділ және өсіп-өркендеген әлем қалыптастыруға қол жеткізу жолындағы өзінің бастамалары әріптестері тарапынан қолдау табады деген сенімде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + three =