«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан полициясының аты ғана емес, заты да өзгерсе

0 226

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында құқық қорғау органдарын жаңғырту мәселесіне баса назар аударды. Полицейлерді жазалаушы емес, керісінше, қызмет көрсетуші ретінде қалыптастыруды тапсырды. Енді құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру үшін арнайы жол картасы әзірленіп, аталмыш реформа 2019 жылдан бастап жүзеге асатын болды.

Өзгеріс атауын өзгертуден басталды

Елімізде Ішкі істер департаменттері Үкімет қаулысына сәйкес Полиция департаменті болып өзгертілді. Мәселен, Астана қаласының Ішкі істер департаменті ҚР Ішкі істер министрлігі Астана қаласының полиция департаменті болып аталады. Ал өңірлердегі қалалық ішкі істер басқармалары мен аудандық ішкі істер бөлімдері полиция басқармаларына және полиция бөлімдеріне айналды. Сонымен қатар, Көліктегі ішкі істер департаменті де Көліктегі полиция департаменті болып өзгертілді.
Тағы бір жаңалық, 15 жылдан бері түрі мен түсін өзгертпеген полицейлердің формасы да жаңаша келбетке ие болмақ. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев форманы ауыстырудың уақыты келгенін әрі ең бастысы ыңғайлы болуын айтқан еді. Қазіргі уақытта жаңа форманың түрлі нұсқалары қарастырылуда. Жалпы, халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыру үшін аты мен формасын өзгерту ғана емес, олардың жауапкершілігін де, қызметін де, халықпен қарым-қатынасын да түбегейлі өзгерту қажет. Елбасы айтқандай, «Көшедегі әр полицей – Президенттің өкілі» болу үшін полицейлерге қоятын талап та, міндет те салмақты болмақ.

Жазалаушы емес, көмек көрсетуші

Сонымен, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын реформаны Үкімет Президент Әкімшілігімен бірлесіп дайындайтын болды. Құжатта Президент айтқан барлық мәселелер қамтылуы тиіс.
Ең бірінші мәселе – полицияның штаттық санын оңтайландыру. Себебі бүгінде полицияның саны 75 мыңды құрайды. Әрине, оның ішінде түрлі мекемелер мен ғимараттардың күзетшілері бар. «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полиция­ны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн» деді Президент Жолдауында. Бұл ретте полицейлер санының қысқартылуы қауіпсіздікке кері әсер етпеу керектігін де ескертті.
Екінші мәселе – полиция қыз­меткерінің жаңа стандартын бекіту. Ол бойынша кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту қажет. Енді қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтіп, тек үздіктері ғана қызметін жалғастыратын болады. Сонымен қатар, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматы енгізілмек. Полицияны бағалаудың критерийлері де түбегейлі өзгеріп, ал жұмыстары сервистік модельге көшеді.
Президенттің пікірінше, азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасалынады. Полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері қоғамның сенімі мен халықтың өзін қауіпсіз сезінуі болуы тиіс. Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, осы салада полиция қызметкерлерін дайындайтын білім ордаларының да санын азайтып, сапасын көтеру маңызды қадам болмақ. Дегенмен түйткілі көп салада бұл өзгерістердің оңай болмайтынын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі мо­йындап отыр. Сөзінің жаны бар. Мәселен, биыл полицейлердің қолымен жасалған қылмыстың саны артқан. Заңның дұрыс орындалуын қадағалайтын 600-ден астам тәртіп сақшысының түрлі заң бұзушылыққа барып, жұмыстан қуылғанын ескерсек, шын мәнінде, саннан сапаға мән беретін уақыт келген сыңайлы.
«Президент құқық қорғау органдарының жұмысына сапалы өзгерістердің қажет екенін айтты. Қоғам біздің жұмыстың түбірімен жақсарғанын қалайды, қоғам тарапынан полиция­ға сенімділік деңгейінің артуы және тұрғындардың қауіпсіздігі полиция жұмысының басты өлшемі болады» дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

«102» жаңаша қызмет көрсетеді

Азаматтар тарапынан бұған дейін «102» диспетчерлік қызметіне қатысты сын көп айтылды. Ел тұрғындары қоңырауға жауапты ұзақ күтетіндерін жазып, шағымданған. Осыған байланысты министрлік жол картасы шеңберінде «Зерде» ұлттық холдингімен бірлесе бекіткен «112» бірыңғай кезекші қызмет» қанатқақты жобасын зерделеді. «112» бірыңғай кезекшілік қызметі» операторлардың қоңырауларын қабылдап, нақты бағыттағы диспетчерлермен байланыстырады. Атап айтқанда, «101», «102», «103», «104», «112». Осы жоба алдағы уақытта алдымен Астана қаласы мен Қызылорда облысында сынақтан өткізілетін болды.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты: Нағыз қамқоршыға айналсын

Президенттің халыққа Жолдауы Қазақстанның тұрақты дамуының қажеттілігін тағы бір мәрте түсіндірген құжат дер едім. Негізгі мақсат – біздің қоғамды индустриалды-инновация­лық экономика жағдайларында өмір сүруге дайындау. Осыған орай, мемлекет қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін қолайлы жағдай туғызатын әріптес болып табылады.
Мемлекет экономикадағы сияқты әлеуметтік даму саласында да зор табыстарға жетуге ұмтылып отыр. Елбасының халыққа Жолдауында нақты міндеттер айқын көрсетілген: өнімді қайта өңдейтін жаңа өндіріс орындарын ашу; өмірлік маңызы бар салалар: білім беру, ғылым, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру; орта тапты дамыту; әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту; салалық бағдарламаларды дайындау; мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімді жүйесін құру. Осы орайда Ішкі істер министрлігінің жұмысы мен маман даярлау жүйесін қайтадан қарауды дәйекті шешім деуге болады.
Полиция – бұл халыққа қызмет көрсететін және қоғамдық тәртіпті күзететін орган. Сол себептен полицейлерге деген халықтың сенімінің деңгейі оның жұмысының басты критерийлерінің бірі болуы керек. Бұл органды жазалаушы механизмнен қызмет көрсетуші ұйымға қайта бейімдеу полиция органдарының жұмысын үйлестіруге және тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызды. Бұл жерде шетелдердің үздік тәжірибесінен көп нәрсе үйренуге болады. Мәселен, адамдардың қатысуынсыз белгілі бір лауазымды қызметке ашық байқау жариялау, психологиялық сынақтардан өту, «Электронды полиция» бағдарламасының және арнайы инспекцияның болуы – мұның бәрі дамыған елдердегі сыбайлас жемқорлық қауіптерін айтарлықтай төмендетті.
Бірқатар мемлекеттердің озық тәжірибесінен ІІМ-нің қызметкерлерін дайындаудағы тиімді, қажетті үрдістерді үйренуге болады. Полиция қызметкерінің жаңа стандартын қалыптас­тыру, мансап жолымен өсу жүйесін өзгерту, қысқартылған дайындық және полиция академиясы арқылы іріктеу халықтың құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімінің деңгейін арттыра түседі.
Елбасының идеялары мен тікелей тапсырмалары азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ғана емес, сондай-ақ көңіл күйін жақсартуға да айтарлықтай ықпал етеді. Ішкі істер органдарын реформалау халықтың полицияға деген сенімін қайтаруға мүмкіндік береді. Біз «Ішкі істер органдарын жетілдіру жөніндегі жол картасын» асыға күтеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды