Қазақстан мен Ұлыбритания – стратегиялық серіктес

0 98

Кеше Ақордада Президент  Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті.

Мемлекет басшысы Астанаға келген мәртебелі мейманға ыс­тық ықыласын білдіріп, Ұлыбритания премьер-ми­нистрінің алғашқы сапарының мән-маңызына тоқталды.

– Біздің еліміз Ұлыбри­та­ниямен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Сіздің са­парыңыз Қазақстанның мұ­найлы өлкесі – Атыраудан бас­талғаны құптарлық. Қол қою­ға дайындалған құжаттар мен өзара келіссөздер – екі ел ара­сындағы экономикалық және саяси ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенемін, – деді Президент.

Дэвид Кэмерон мырза өз кезегінде Қазақстан басшысына ерекше ықыласы үшін алғысын білдіріп, өзінің алған әсері туралы айтып берді. Қашаған кен орнын көріп, кеше Назарбаев университетінде студенттермен кездескен Ұлыбританияның премьер-министрі страте­гия­лық серіктестік аясындағы осы кездесулер өзара ынтымақ­тастықты нығайта түсетінін атап өтті.

Өткен жылы екі ел арасын­дағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толды. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы былтыр 2 мил­лиард 300 миллион долларды құраған. Алда осы көрсеткішті арттыру жоспарда бар. Ұлы­британия Қазақстанды өзара сауданы жандандыру жөнінде басымдығы бар 14 елдің тізіміне қосқанына тоқталған Елбасы бұл екі елдің экономикалық мүдделеріне толықтай сай ке­летінін айтып өтті.

Кездесу кезінде ынты­мақ­тастықтың әртүрлі салала­рын­дағы мемлекетаралық өза­ра қарым-қатынастарды одан әрі нығайту перспективасы, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Қымбат Нұрғали

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 17 =