©2020 Астана Ақшамы
Қазақстан мен Финляндия – сенімді серіктес
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистёмен кездесті.
Саули Ниинистё мырза қазақ еліне алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отыр. Финляндия соңғы жылдары экономикалық жағынан да, әлеуметтік-саяси тұрғыдан да ең табысты және қарқынды дамыған елдердің қатарынан саналады. Кейбір сарапшылар суоми елі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай тіршілікте өмір сүріп жатқанын айтады. Екі елдің біріне бұйыра бермейтін мұндай жағдайға олар білімділігімен, еңбекқорлығымен жеткен. Инновациялық технологияның тілін еркін меңгеріп, әйгілі «Нокиа» телефонын шығарған финдіктерден қазақстандықтардың үйренері аз емес. Әрі жасыл экономиканы енгізу жағынан әлем бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген Финляндияның тәжірибесі Қазақ мемлекеті үшін аса маңызды. Астанада өтетін халықаралық «ЕХРО-17» көрмесінің тақырыбы да осы мәселеге арналатынын ескерсек, фин президентінің елімізге арнайы шақырылуы тегін емес.
Екі жақты кездесуде Қазақстан мен Финляндияның өзара әріптестік қарым-қатынасы мен ынтымақтастық мәселесі сөз болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Финляндияны Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі санайды. Қос тарап та ынтымақтастық әлеуетін барынша дамытып, барлық салалар бойынша байланысты нығайтуға бейіл.
Жалпы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың негізі алғаш рет 1992 жылы қаланған. 2010 жылы Финляндияның Қазақстандағы Елшілігі жұмыс істей бастаса, былтыр Қазақ елінің Елшілігі Хельсинкиде ашылды.
Бүгінгі таңда Финляндия мен Қазақстан арасындағы саяси диалог белсенді әрі сенімді жүргізіліп келеді. Білім, денсаулық, көлік, мәдени-гуманитарлық салаларда да байланыс нығайған. Айталық, елімізде фин капиталы салынған 70-тен астам компания жұмыс істейді. Фин елінің Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы былтырғы жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша 150 миллион АҚШ долларын құраған. Соңғы 1,5 жылда екі елдің басшылары осымен үшінші мәрте кездесуінің өзі ынтымақтастық көкжиегінің кеңейе бастағанын аңғартса керек.
– Қаржы дағдарысының жағымсыз әсеріне қарамастан, біздің сауда-экономикалық істеріміз де қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 800 млн АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның Солтүстік Еуропаның басқа елдерімен тауар айналымы жиынтығынан 70 пайызға артық көрсеткіш, – деді Қазақстан басшысы.
Елбасы өз сөзінде фин бизнесмендерін ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің бірлескен тауарлық өндірісін құруға шақыра келіп, олардың еліміздегі жобаларға белсене атсалысуы қос мемлекеттің жарасымды байланысын өркендетуге сеп болатынын алға тартты.
Ал Финляндия басшысы Саули Ниинистё өз кезегінде Астанадағы жылы қабылдау үшін Қазақстан Президентіне зор ризашылығын білдіре келе, мұндай жоғары деңгейдегі кездесулердің одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірді.
Ол Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан мемлекет қатарынан көретінін, бұл халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанының нышаны екендігін айтты. Фин басшысы өзімен бірге келген делегацияның құрамында Финляндиядағы іскер топтардың өкілдері бар екендігін, өз салаларында көшбасшы саналатын бұл азаматтар Қазақстанның энергия, су ресурстары, көлік, инновациялық технологиялар, тағы басқа да көптеген салаларын өркендетуге үлес қосуға әзір екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол Финляндия өз кезегінде Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына, соның ішінде «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге қатысты мәселелерге әрдайым қолдау білдіретініне екпін түсірді.
Екі елдің кездесуі барысында «жасыл» экономика мен жаңғырту саласындағы серіктестік туралы декларация қабылданып, ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Астана мен Оулу қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы, «жасыл» экономиканы дамыту мақсатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен ФР Жұмыспен қамту және экономика министрлігі арасында және ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ФР Білім және мәдениет министрлігі арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-әрекеттер жоспары-хаттамасына қол қойылды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ