Қазақстан дипломатиясы үшін зор жетістік

0 159

1 қаңтардан бастап Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығы кезінде Қазақстан 20-ға жуық шараны өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында мәлімдеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық жасау Қазақстан дипломатиясы үшін зор жетістік екенін атап өткен Ержан Ашықбаевтың айтуынша, бір айдың ішінде xалықаралық қауіпсіздікке арналған біраз мәселелер талқыланбақ.

– Біздің төрағалығымыз аясында өтетін маңызды шаралардың бірі – жаппай қару-жарақты таратпауға арналған тақырыптық брифинг. Аталған брифинг 18 қаңтарда ұйымдастырылады. Оған БҰҰ Бас xатшысы Антонио Гутьеррестің өзі келмек. Бұл ауқымды шараға Қауіпсіздік кеңесінің басқа да тұрақты және тұрақты емес мүшелері қатысады. Бұдан бөлек, Қазақстан өзара сенім шараларына басымдық жасайды. Себебі бүгінде xалықаралық қауымдастықта, әсіресе, ірі державалар арасында сенім тапшылығы барынша байқалады. Онсыз тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкін емес. Сол себепті біз алдағы брифингте аталған екі мәселеге баса назар аударамыз, – дейді вице-министр. – Шыны керек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету – Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сынақ. Бірақ бұл да үлкен тәжірибе, үлкен мектеп. Дегенмен біз ол сынаққа дайынбыз.

Жоспарға сәйкес, 19 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында Орталық Азия мен Ауғанстанда аймақтық әріптестікті дамыту тақырыбы министрліктер пікірталасын ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, гуманитарлық көмек беру мәселесі де тақырыпқа тұздық болып, Сирия, Ирак, Судан, Ливия, Мали, Конго, Йемен және Кипр мәселелері талқыланбақ. Осыған орай, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінде алдағы жұмыс жоспары талқыланған болатын. Жалпы, Қазақстанның төрағалығы 31 қаңтарға дейін жалғасады.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − nine =