Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы мүмкін

0 103

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың жуырда Германияға жасаған іссапары барысында еліміздің тағы бір асуға беттегелі отырғаны мәлім болды.

Неміс компанияларын не қызықтырады?

Әуелі айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінің делегациясы Германияға ресми іссапармен барған. Берлинде қазақстандық және неміс компаниялары арасында бірлесіп жұмыс істеу бойынша бірнеше меморандумға қол қойылды.

Бұған дейін де екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келген. Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы ең жақын серіктес елге айналып отыр.

Елімізге қаржы құюға неміс кәсіпкерлерінің құлшынысы күшті. Қазірдің өзінде олардың Қазақстанға салып отырған инвестициясы 2 миллиард долларға жуықтаған. Мемлекетаралық тауар айналымы 6,5 миллиард евроны құрайды. Ал, тікелей мысалмен айтар болсақ, Германиядағы әрбір жанар-жағар майдың үшінші литрі Қазақстан мұнайынан жасалған.

Хош. Сонымен екі ел арасындағы ынтымақтастық пен іскерлік қарым-қатынас қарқын ала түспек. Неміс еліндегі әріптесі Гидо Вестервелленің арнайы шақыртуымен Берлинге барған Ерлан Ыдырысов бастаған делегация осыған жол
ашып отыр.

Еуразия қауіпсіздігіне елеңдейді

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Германияға жасаған іссапары барысында екі жақтың өкілдері мемлекет қауіпсіздігі жайын қаузаған. «Еуропаға жол» бағдарламасы аясында Берлин Еуразиялық клубында өткен қауіпсіздік мәселесіне арналған жиында дипломаттар, депутаттар және саясаткерлер болып әлемдегі тыныштық туралы ой қозғады.

Қазақстан – Еуразиядағы қауіпсіздік үшін алаңдайтын елдердің бірі.

«Еуразиялық қауіпсіздікке байланысты біздің бағамыз жалпы оптимистік сарында. Олай болатыны, біздің жақын жатқан ірі немесе кішігірім көршілеріміз де, алыста орналасқан ірі немесе ұсақ әріптестеріміз де Еуропадағы саяси жағдайды өзгертуді көздейтіндей жоспар құрып отырған жоқ. Біздің кеңістікте әскери-саяси кереғарлық тудырарлықтай қауіп жоқ», – деді Ерлан Ыдырысов.

Қазақстанның сыртқы саясаты туралы сөз болғанда Сыртқы істер министрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу секілді халықаралық ауқымды жауапкершілікті мойнына алуға Қазақстанның дайын екенін атап өтті.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің міндеті не?

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі, бұл – әлемдегі тыныштыққа нұқсан келтіріп, мемлекетаралық қайшыластық туындатқан кез келген дау мен кез келген жағдайға араласуға құқығы бар ұйым. Оған әлемдегі бейбітшілікке төнген қауіпті анықтап, оның алдын алу және осындай тыныштықты бұзар дау-жанжалдан шығар жол ұсынып отыру жауапкершілігі жүктелген.

Кеңес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырған елдерге шара қолдана алады.

Бұл жөнінде БҰҰ Жарғысының 25-бабында: «Ұйымның мүшелері осы Жарғы арқылы Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне бой ұсынып, оны орындауға келіседі» деп жазылған.

Сондықтан да, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімі БҰҰ-ға мүше болған Жер шарындағы барлық мемлекеттерге міндетті болып саналады. Ал БҰҰ-ның басқа органдары тек қана кеңес түріндегі шешімдер қабылдай алады.

Кеңес мүшелері қалай сайланады?

Қазіргі күні Қауіпсіздік кеңесіне 15 мүше-мемлекет бар. Олардың ішінде 5 мемлекет кеңестің тұрақты мүшесі болса, қалған 10-ы БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы әрбір бес жыл сайын екі жыл мерзімге сайланып отырады.

1963 жылғы 17 желтоқсанда түзетілген БҰҰ Жарғысы бойынша, Бас Ассамблея сайлайтын 10 уақытша мүше-мемлекет елдердің географиялық орналасу жағдайына байланысты таңдап алынады. Айталық, бес мемлекет Африка елдері мен Азиядан сайланса, бір мемлекет – Шығыс Еуропадан, екі мемлекет– Латын Америкасынан, екі мемлекет Батыс Еуропа мен басқа да елдерден таңдап алынады. Ал, Кеңес төрағалары ұйымға мүше елдердің латын әліпбиіндегі реті бойынша ай сайын ауысып отырады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақтымүшелері – Ресей, Қытай, АҚШ және Франция мемлекеті.

Ал, кеңеске уақытша мүше болу құзіреті қазіргі уақытта Германия, Индия, Колумбия, Португалия, Марокко, Пәкістан секілді елдерге тиесілі болып отыр. Олардың қатарында Әзірбайжан да бар.

Сөз соңы

Сонымен, ҚР Сыртқы істер министрі Германияға барған іссапарында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға ниетті екенін жеткізді.

Әлбетте, әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселесіне үн қосып, соңғы жылдары түрлі халықаралық шараларға бастамашы болып, әлем назарын аударар халықаралық жиындарға жетекшілік етіп жүрген Қазақстан бұл қадамға қазірдің өзінде дайын.

Осыған орай, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Германияға жасаған сапарында Германияны, Американы, сол секілді Еуропа мен Азияны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше-мемлекеттерді сайлау кезінде Қазақстан кандидаттығына қолдау көрсетуге шақырды.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + fifteen =