«Qazaqstan Barysy» тартысты өтті

0 37

Жыл сайын ұлттық спорт жанкүйерлерінің делбесін қоздырып, қазақша күрес десе ішкен асын жерге қоятындар көз тігетін «Qazaqstan Barysy» турнирі өз мәресіне жетті. 10 жыл бойы балуандар арасында бәсі жоғары саналып келген додада биыл Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Дәурен Нұралинов топ жарды. Ол ақтық сында жамбылдық Ғалымжан Қырықбайдан басым түсті.Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналып, елорда күні қарсаңында өткен сайыстың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі сарапқа салынатын турнирде балуандар барын салды. Жүлдеге қол созым жер қалғанда жауырыны жер иіскегендердің өкінішін, бабы мен бағы қатар шауып «Qazaqstan Barysy» атанған балуанның шексіз қуанышын жанкүйерлер тікелей эфир арқылы телеарнадан тамашалады. Карантиндік шектеу шараларына байланысты өз тарихында тұңғыш рет көрерменсіз өткен турнир сенсацияға толы болды.
Бұл жолы бозкілем бәсекесіне әр өңірден және күштік құрылымдар арасында іріктеу бәсекесінен іріктелген 36 балуан қатысты. Олардың ішінде 11 балуан бәсі жоғары турнирде алғаш рет күш сынасты. Сонымен қатар әр жылдары «Qazaqstan Barysy» атанған балуандар да кезекті рет алтын белбеу мен тай тұяқты иеленуге ниетті екендіктерін танытқан. Әйтсе де бозкілемдегі белдесуде оларға сәттілік жолдас болмады.
Нәтижесінде ақтық сында шығысқазақстандық Дәурен Нұралинов пен жамбылдық Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. Қос балуанның мықтысы қосымша уақытта анықталды. Қарсыласына жасаған әдісі сәтсіз шыққан Ғалымжан Қырықбай күміс белбеуді қанағат тұтты. Ал оның қарсыласы Дәурен Нұралинов «Qazaqstan Barysy» атанды.
Жалпы Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облысында қазақша күрестің мықты мектебі қалыптасқанын спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Шығыстың Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов сынды шымыр жігіттері әр жылдары «Qazaqstan Barysy» атанса, жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевтың есімі әзірге қазақша күрестегі ең танымал турнирде үш рет топ жарған жалғыз балуан ретінде аталады. Осылайша кезекті рет ақтық сында жолы түйіскен қос өңір балуандары арасында бұл жолы шығыстан келген спортшының бағы жанды.
Мәдениет және спорт министрлігі, Nur Otan партиясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaq kuresi қауымдастығы және «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры ұйымдастырған турнир жеңімпазы Дәурен Нұралиновке алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы тайтұяқ және 25 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды. Ал Ғалымжан Қырықбайға күміс белбеу мен 5 миллион 500 мың теңге берілді. Үшінші орынды жеңіп алған Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов 1 миллион 800 мың теңге және қола белбеуді олжалады. Сонымен қатар балуандардың бапкерлері де қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Шынболат  КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =