«Қазақконцерт». Мұқағали. «Қазағым-ай»…

0 54

Ертең – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер бөлімі «Қазағым-ай» концертін ұйымдастырды. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен кеште ақынның өлеңдеріне жазылған әндер эстраданың қоспасынсыз домбыра, жетіген секілді ұлттық аспаптар, сырнай үнімен тұтасып әуеледі.Кешегі Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды музыка майталмандарынан бастап, бертінгі Талғат Сарыбаев, Дүйсенхан Сыздықов, Гүлнәр Дәукенова, Елена Әбдіхалықова, Тұрсынжан Шапай, жақында ғана өмірден өткен Мейірхан Адамбеков, т. б. көптеген композиторлар Мұқағалидың өлеңдеріне ән жазды. Бірнеше жанрда еңбектенген Еркеғали Рахмадиевтің өзі ақиық ақынның сөздеріне алты романс жазған.
Қазір шынайы поэзиядан туған сондай әндерде қисап жоқ. Осы тұрғыда Тұрсынғазы Рахимовтың жөні бөлек. Композиторға ақынның отыздан астам өлеңі шабыт беріп, «Сәби болғым келеді», «Аягөз ару», «Отыз­дан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені аңсаймын?» секілді әндердің жазылуына түрткі болды. Концертке атау берген «Қазағым-ай» әні де – Тұрсынғазының туындысы.
Кешке жиналғандар кілең сондай есті әндерді тыңдап, жан сарайын ашты. Ән шыр­қаған өнерпаздар арасында да осалы жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтбек Нығызбаев, Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, Тельман Құжиманов, Перизат Тұрарова, дарынды жастар Күнсұлу Түрікпен, Дінисламбек Жайлаубаев, Асқар Мұқият, т. б. әншілер ақынның жүрегінен шығып, туған жер, тіл, дәстүр, махаббат секілді сан алуан тақырыптардағы әнге айналған шығармаларды орындады.
Мұқағалидың өлеңдерін ерекше сүйетін композиторлардың бірі – Кентау Назарбек. Осы сезімнен ол ақынның жырларына бірталай ән жазды. Кешке қатысқан композитор сондай бір туындысын көрермендерге тарту етті. Белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай Сүгірдің «Қосбасар», талантты қобызшы Ақерке Тәжібаева Қорқыттың, Ықыластың күйлерін сарнатты. Кеш ақынға арналған соң өлеңсіз бола ма?! Жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жадыра Байбұланова жырын оқыды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды