Қазақ жырының дарабозы

Елордада - есімі

0 110

Жамбыл Жабаев 1846 жылы, «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп өзі жырлағандай, қазіргі Жамбыл облысы Шу өзені бойындағы Жамбыл тауының етегінде ақпанның боранды күнінде дүниеге келген. Қараша халық бірде аш, бірде тоқ болып өлдім-талдыммен күнелтіп жүрген қиын-қыстау кезеңде туған ақын ел өмірінің жанды картинасын өлеңмен өрді. Ғасырлық ғұмырында жыр алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды. Халық поэзиясы арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Жыл жұлдызының туғанына биыл – 175 жыл.

ДОМБЫРАМЕН СЫРЛАСТЫ

Жамбыл 8 жасқа келгенде, әкесі ауыл молдасынан білім алсын деп оны оқуға береді. Бірақ болашақ ақынға молданың ескіше оқуы қонбайды. Сол тұстағы күйін ақын «Шағым», «Әкеме» атты өлеңдеріне арқау етті. Молданың ескіше оқуына қанағаттанбаған ақын: «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан. Ақ сәлдесі басында, Боз інгендей боздаған» деп, білім беруден гөрі мал табуды көздеген молдаға деген нара­зылығын жасыра алмады. Бұл қазақ арасына жаңаша оқу ене қоймаған, ескіше оқудың кең өріс алып тұрған шағы еді. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып біржола ақындық жолға түседі. Жамбыл Шапыраштының Екей деген руынан, бұл елде ақындардың көп болғанын «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген жолдарынан көруге болады. Жамбыл ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық «импровизаторлық» өнердің классигі Сүйін­бай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып елге таныла бастады.
Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, көптеген өлең-жырларын, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. Еңбекші бұқараны, оның арасынан шығып, қорғаны болған Сұраншы, Саурық, Сыпатай сияқты батырларды жырлаған, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған.
Жиырма жасқа келген шағында Жамбыл Жабаев Жаныспен айтысып, жеңіп шығады. Жиырма жастан асқан соң ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылык та құрады. Жамбылдың жастық дәуренінің бір сырлы оқиғасы оның Сара қызбен танысып, ән-жырымен табысуы еді. Ақын Сарамен 1875 жылдың күзіне қарай Қарқара жайлауында кездеседі. Айлы түнде алтыбақан басында Сара қыз салт жолымен ауылдың алты ауызын айтады. Жетісудың байырғы әуенімен сызылтып, тамылжытып ән салған Сара Жамбылдың жүрегіне шоқ салып, ерекше күйге түсіреді. Екі өнерпаз әнмен табысып, жүрекпен ұғысады. Өмірлік жар болуға уәде де байласады. Бірақ қыздың әкесі карсы болып, екеуінің кездесуіне тыйым салады. Қызын атастырған жеріне ұзатады. Шыдай алмай Жамбыл Сараның келін боп түскен жеріне де барады. Жөнін тауып кездеседі, Сара сонда көзінің жасын зарына қоса төгіп отырып, өмір бойы арманда, шерменде болып мұңлықта өтетінін айтады. Мұны сезген күйеуі асыл қыз­дың қадіріне жетпейді, оны жәбірлеп, ұрып-соғады. Ақырында осыншама қасірет пен кайғыны көтере алмай, ару Сара құсадан қайтыс болады.

ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕДІ

1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс болған тұста ақын «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» атты өлең, толғауларын жазды. Жайылым жерлерден айырылған қазақ бұл тұста елден үдере көшіп, Қытайға жер ауып жатты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде патша жарлығына қарсы бой көтерілістер орын алды. Осылардың бәріне куә болған ақын ел өміріндегі ірі-ірі тарихи оқиғаларды шығармаларына арқау етті. Аталған өлеңдері үшін біраз күн ақ патшаның тар қапасында тұтқын да болды. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары – суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы. Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы – қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда, Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.

«МАНАСТЫ» – 17 КҮН, «КӨРҰҒЛЫНЫ» – 40 КҮН

Халық әдебиетінің үздік үлгілерін, қазақ эпосының қымбат қазыналарын, әсіресе «Манас­ты» – он жеті күн, «Көрұғлыны» қырық күн жырлап, ақын-айтыскер, әнші-өнерпаздардың жыр мұраларын жатқа айтып, сол арқылы өзінің бойындағы табиғи талантын, даналық пен даралық қасиеттерін импровизация өнерімен ұштап, жыр-жұлдызына айналды. Ж.Жабаевтың дастан-толғаулары тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, кеше-бүгін байланысын табиғи дамытып, сол арқылы өмір-уақыт шындықтарын шеберлік пен шешендік тұрғысынан терең толғайды. Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандарының орны ерекше.
1941 жылдың басында «Кәрілік» атты өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп кәрілікке мойын бере бастаған ақын 15 республикадан құралған мызғымас Кеңес Одағына фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда, қаламын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Алынбас қамал», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман» сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудыр­ды. Жамбылдың тіпті орыс тіліне аударылған жолдауы Ленинградта радио арқылы таратылып, онда плакаттар түрінде жарияланды. Жамбылдың жолдауы үйлердің қабырғаларына және бүкіл қала дүкендерінің терезелеріне ілінді.

КӨШЕСІ МЕН ЕСКЕРТКІШІ

Жамбыл шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары шетелде де танымал болды. Оның еңбектері Қытайда, ­Чехословакияда, Англияда және басқа елдерде жарық көрді. Осылайша қазақ жырауы әлемдегі барлық ұлттың сүйікті ақыны болды.
Ақын «Мұнша жасқа келгенде, Не көріп, не білгеннен. Бір ауыз сөз айтылмай, Қалса – үлкен мін ақынға» дей отырып, сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында өмір жайлы толғауларын жазды. Оның «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің өмірім» атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны айрықша. Өлең-жырларымен көптеген елге танылып, артына баға жетпес асыл мұра қалдырып кеткен жыл алыбы – Жамбыл атамыз 1945 жылы 22 маусымда, 100 жасқа толуына бірнеше ай ғана қалғанда дүниеден озды. Жүз жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың ғасырлық тарихын көркем шындыққа айналдырды.
Бүгінде бас қалада «Астаналық» базар маңындағы 3 қабатты ғасырлық ғимарат – Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы бар. ХХ ғасырдың басында, яғни 1907 жылы қазақ-татар ­медресесі болып ашылған білім ордасына биыл 114 жыл толды. Білім ордасы 1940 жылы ақын есімін иеленген. Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Мектептің оқу-жоспарына абайтану, жамбылтану, өлкетану, астанатану сияқты авторлық бағдарламалар енгізілген. 1997 жылы мектепке гимназия мәртебесі берілді. Бүгінге дейін білім ордасынан мыңдаған түлек білім алып, ел игілігі үшін еңбектенуде. Мектеп қабырғасынан аты әлемге танылған талай саңлақтар түлеп ұшты.
Сонымен қатар елордада жыр алыбының атына «Железнодорожный» тұрғын алабындағы көше берілген. Қарағанды-Нұр-Сұлтан трасса­сынан басталып, Ақмешіт, Иманақ, Екібастұз, Керегетас көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3973 м. Ал ескерткіші қаладағы Жұмабек Тәшенев пен Амман көшелерінің қиылысқан жерінде, Ақбұлақ өзенінің бойында орналасқан. Бұл мүсінді 2008 жылы елорданың 10 жылдық мерейтойына Алматы облысы сыйға тартқан. Биіктігі 12 метр­лік ескерткіштің мүсіншісі – Нұрлан Далбай, сәулетшісі – Қазбек Жарылғапов. Жалпы ескерткіштер археологиялық, тарихи, монументалды өнер туындылары болып бөлінеді. Ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевқа қойылған мүсін монументалды ескерткіш түріне жатады. Атап өтсек, мүсін авторлары жыр алыбының ақ тілек айтып тұрған бейнесін суреттеген. Монумент қоладан құйылған, ескерткіш айналасына гранит тас төселген.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =