«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ жерінің қақ ортасында

0 224

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Қаһармандар» Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте жапа шеккен тұлғаларды ақтау және есте сақтау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық қор құрылды. 24 мамыр күні бұл ұйым елордадағы өз кеңсесінің есігін салтанатты түрде ашып, алғашқы жұмысын «Ел бірлігі және Қаһармандар сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстелмен бастады.

Бұл шараға Оралбай Әбді­кәрімов, Өмірзақ Озғанбаев, Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелді, Зиябек Қабылдинов, Берік Әбдіғалиұлы сынды елге әйгілі саяси тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысып, сөз сөйледі. Баяндамашылар онда мемлекет қоғам қажетіне айналған барлық жұмысты өзі атқара алмайтын болғандықтан, үкіметтік емес ұйымдар қажет екенін білдірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда азаттық үшін күрескен боздақтарды ақтап, олардың есімін дә­ріптеу, елде атына көше бе­ріп, ұрпаққа үлгі болатын ер­лік істерін сабақ қылу бұл тұрғыда сананы жаңғыртуға қажет, уақыт талабындағы іс екені айдан анық. Сондықтан да олар «Қаһармандар» атты республикалық қордың құ­рылғанына қуанғандарын жасыра алмады. Бұл тұрғыда қор жетекшісі, белгілі қайраткер Сабыр Қасымов: «Біз үлкен деңгейдегі тарихтағы хандар мен билерді, батырларды, аты елге мәшһүр тұлғаларды ақтадық. Бірақ жергілікті жерлерде әлі ақталмаған, елеусіз қалып қойған азаматтар көп. Мен сол есімдер алдындағы айыбымызды өтеу үшін бұ­рыннан осы мақсатта жұмыс істеп келе жатырмын. Осы мақсатта жүйелі, нәтижелі жұмыс істеу үшін мына қорды аштық, қазір облыстардан да филиалдарын құруға жұмыс істеп отырмыз» дейді.
Бұдан әрі «Қаһармандар» қоғамдық қоры Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы оқу ор­дасы мен ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірлесіп «Астана – Ұлы дала патриотизмі мен жасампаздығының символы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Бұл конференцияға Парламент депутаттары, отандық және Ресей, Жапония, Түркия, Вен­грия секілді мемлекеттерден келген ғалымдар, саяси тұл­ғалар қатысты. Саратов мем­лекеттік университетінің профессоры Андрей Шенин Астананың жедел қарқынмен дамуы мен әлемдік үрдістерге қосып отырған үлесі, бейбітшілік пен татулыққа қызмет етіп келе жатқан қала екеніне тоқталса, Жапонияның Токушима университетінің техника ғылымдарының докторы, профессор Акитоши Мочизуки «Жапон прогресінің фено­мені» тақырыбында сөз сөйлеп,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тұстарын сөз қылды. Заң ғылымдары­ның докторы, профессор Марат Сәрсенбаев: «Тарихқа қарасақ, Қазақстанның астанасы ылғи ел шетінде болыпты. Орынборды алсаңыз да, Қызылорданы алсаңыз да, Алматыны алсаңыз да солай. Ал шын мәнінде әлемнің қай елін алып қарасаңыз да, астанасы ел территориясының қақ ортасында. Біз астананы Арқаға көшіру арқылы сол кемшілігімізді жойдық. Астана қазір байтақ еліміздің орталығынан бой көтерген» дей келе, елорда тарихын баяндады. Профессор Мәмбет Қойгелді Алаш арыс­тарының қадамынан кейін ірі реформа жасап отырған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Астана да сол реформаның жемісі екенін атап өтті ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды