Қазақ жерін саяхатқа қалай жаратамыз?

0 55

COVID-19 індеті әлемдік туризм саласын да тұралатып кетті. Қазіргі таңда туризм әлем елдерінің экономикасын дамытудағы аса маңызды сала болғандықтан, көп ел ішкі туризмді дамытуға мүдделі. Алайда індеттің әлі күнге дейін толық ауыздықталмауы көп елдің сыртқы туризмін ғана емес, ішкі туризмін жан­дандыруға да мүмкіндік бермей отыр. Бұл қатарда Қазақстан да бар.

Қазақстанда туризмді дамыту 30 жылдан бері айтылып келеді. Алайда ішкі және сыртқы туризмді көңіл көншітерлік деңгейде дамыта алғанымыз жоқ. Қазақстанда туризмнің барлық түрін (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, сауықтыру, спорттық, аң аулау, балық аулау, серуендеу) дамытуға қажетті шарт-жағдай толық. Географиялық және климаттық жақтан алып айтсақ, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің табиғаты, ауа райы бір-бірінен өзгеше. Бірақ осы мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз да, жыл сайын көптеген отандасымыз шетелге барып демалуды әдетке айналдырған.

Ішкі туризм жанданатын жыл

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, биылғы індет онсыз да әлсіз туризм саласын тағы да тұйыққа тіреді. Мамыр айлары туа салысымен саудасы жандана бастайтын Алакөл, Бурабай сияқты сая­хат орындары маусымның басына дейін жабық жатты. Дегенмен еліміздің туризмді басқару салалары биыл ішкі туризмді дамытып, туристік орындардың тым құрығанда шығынын өтеуге тырысып жатыр. Себебі биыл ішкі туризмді жандандырудан үміт зор. Өйткені биылғыдай індет тарап жатқан мезгілде ешкім шетел асып саяхаттай қоймайды. Жыл бұрын жоспарлап, ай бұрын тапсырыс беретін шетел туристік орындарына бірер күнде аттанып кетуге мүмкіндік те аз. Індетке байланысты көп елдің шекарасы әлі жабық жатыр. Мәселен, қазіргі таңда әрбір турист Германия аумағына не үшін келгісі келетінін түсіндіруі тиіс. Ал Ұлыбританияда ел аумағына кірген әрбір азамат екі апталық карантинге жатуға міндетті. Бұдан бөлек, оқшаулауда болатын жердің нақты мекенжайын айтуы тиіс. Ал тәртіпке бағынбағандар 1000 фунт көлемінде айыппұл арқалайды. Міне, бұл жағдай биыл елімізде ішкі туризмді дамытуға тың серпін беріп қана қоймай, ішкі туризмнің жандануындағы бастамашы жыл болуы да мүмкін. Ендігі мәселе осы орайды ұтымды пайдалануда.

Жаңа жобалар саланың тынысын ашады

Биыл Балқаш көлінің аумағы туризмді дамыту бағ­дар­ламасына енді. Сонымен қатар, жағалауда 20-дан астам демалыс аймағын салу, инженерлік желілер жүргізу, Қарағанды – Балқаш трассасын жөндеу жұмыстарын аяқтау және еліміздің басқа өңірлерінен үлкен ұшақтар қабылдау үшін қала әуежайын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жағалаудағы аумақты абаттандыру, инженерлік желілер құрылысы, жолдарды жөндеу және әуежайды қайта жаңарту жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Алдын ала болжам бойынша бұл Балқаштағы туристер ағынын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазір курорт жылына 80 мың адамды қабылдайды. Қайта жаңғыртудан кейін демалушылар саны 400-500 мыңға дейін өсуі мүмкін. Бұл шаралар аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, курорттық аймақта демалу бағасының төмендеуіне де оң әсер беруі мүмкін.
Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Ұлытау – Алтын Орданың алтын бесігіне отандық және шетелдік туристерді тарту мақсатында «Қасиетті Ұлытау», «Хан жолы», «Теректі әулие» және «Қорғасын құпиясы» жаңа туристік бағыттары әзірленді. Мерей­тойдың негізгі іс-шаралары осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Тарихи кешеннің ашылуы, ғылыми-практикалық семинар, «Жезкиік-2020» халықаралық фестивалі секілді шаралар ұйымдастырылады. Бұл шаралар да ішкі туризмді дамытуға оң әсер беретіні анық.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Алакөл жағасында да 650 орындық сегіз жаңа демалыс үйі ашылмақ. ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Инара Бодукованың айтуынша, көл бойында 4 жұлдызды қонақүй бой көтеретін болады. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы асында демалыс орнында су және электр желілерін тарту жұмыстары басталған. Демалушыларға ыңғайлы болу үшін биыл медицина және полиция бекетінің құрылысы жүргізілмек.

Баға аспандап кетпей ме?

Дейтұрғанмен, наурыздан бастап карантинде болған соң ба, жоқ әлде орайды пайдаланып, опырып ақша табуды көздеп отыр ма, кім білсін, қазірдің өзінде еліміздегі саяхат орындары бағаны өсіріп жіберген. Мәселен, Алакөл аймағы 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдамақ. Бірақ хабарласқан тұрғындардың айтуынша, бұл өңірде баға 2 есе көтеріліп кеткен. «Жылда шетелге барып демалып келетінбіз. Биыл Қазақстанда демалуды ойлап отырмыз. Алайда Қазақстанда баға өте қымбат, Бурабайда демалатын ақшаға Дубайға барып демалуға болады. Ол аздай, биыл баға тіпті шарықтап кетуі мүмкін. Бұл, әрине, 2 айға жуық үйінде карантинде отырған отандастарымыздың қалтасына үлкен салмақ. Меніңше, туристік орындар көз алдын ғана ойламай, болашақты да ескеріп, бағаны лайықты мөлшерде ұстап, отандық саяхатшыларды тартып, оларды ел ішінде демалуға үйрету керек сияқты» дейді қала тұрғыны Гүлжамал Орынбайқызы.
Расында, алаңдауға негіз бар. Еліміздегі туристік орындар маусым айына дейін саудасының жүрмегенін сылтау етіп, қазір бағаны қымбаттатып жатыр. Бұл қымбаттату биылғы туризмге ғана емес, болашақ туризмге де ықпал етеді. Сондықтан биыл біздегі туристік орындар бағаны шама жеткенше төменгі деңгейде ұстауы керек. Осы арқылы өзіміздің туристерге өзінің жарнамасын жасап алуы керек осы орайды пайдаланып. Бірақ оны ескермей, бағаны екі есеге аспандатып жіберу біздің болашақ туризмді ешқашан дамытпайды, керісінше, жарға ұрындырады.

Тазалық шаралары қатаң сақталсын

Маңызды мәселе – биыл ішкі туризмді дамытудың бірден-бір жолы – індетті тізгіндеу. Індет тізгінделмей, туризм жанданбайды. Себебі жұрт саяхаттаймын деп індет жұқтырып алудан алаңдайды. Туристік орындар да індет асқына берсе, қайта карантин жариялана ма деп алакөңіл. Демек, індет тізгінделмей, туризм де жанданбайды. Мәселен, тосқауыл бекеттер алынғалы Бурабайда саяхатшылардың қарасы молайып келеді. Алайда олардың арасына санитарлық талаптарды, арақашықтықты сақтап жүргендер аз. Көбінде бетперде жоқ. Ал індет шомылған су арқылы жұғуы мүмкін бе деген мәселе жөнінде әлі ғылыми байлам жоқ. Сондықтан ішкі туризмді жандандырудың, сыртқы туризмді тартудың бірден-бір жолы – індеттің алдын алу және тізгіндеу. Бұған бірінші Үкімет қатаң шаралар қолдануы керек, оған халық та белсене атсалысуы шарт. «Біздің елде ауру жоқ, бәрі өтірік» деп бойды кеңге салудың ешқандай қажеті жоқ.

Нөпірге дайын ба?

Сонымен қатар, бұрыннан айтылып келе жатқанымыз­дай, еліміздегі туристік орындарда әлеуметтік тазалықты сақтау жағы жеткіліксіз. Мәселен, Бурабай көлінің жағасында қалың адам шомылып жатады. Демалушыларға қолындағы қоқыстарын тастайтын жәшіктер алысқа орналасқан немесе жоқтың қасы. Сондықтан кейбір шомылушылар қолындағы қоқысын көлге тастай салады немесе жағаға қалдырып кетеді. Міне, бұл ортаның тазалығы тұрмақ, туризмге де кері әсерін тигізері сөзсіз. Шарын шатқалы секілді әйгілі орындарда тақтайдан қалап салып қойған дәретханалар жайлы да аз айтылған жоқ.
Ендігі мәселе еліміздегі туристік орындардың жағдайы, яғни ішкі туристік орындарымыз Қазақстандағы турис­терді қабылдауға қауқарлы ма? Мәселен, биыл Алакөлде, Бурабайда туристер көбеюі бек мүмкін. Алайда сая­хат орындарынан салынған қонақүйлердің бағасы шетел саяхатшылары үшін арзан болғанмен, бұл бағаны кез келген қазақстандық саяхатшылардың қалтасы көтере бермейді. Ал қолжетімді бағадағы қоналқылар сая­хатшы көбейсе жетіспеуі мүмкін.
Әрине, ішкі туризмді дамытуға күш саламыз дейді екенбіз, туристер үшін ұшақ, пойыз билеттерінің бағасы қолжетімді болуы керек. Бағаны келсе-келмес аспандатып алатын немесе билет тапшылғын қолдан жасап, ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіретін факторларды азайту керек. Бір ғана мысал айтайық, Өзбекстан биыл шетелдік туристердің әуе, теміржол билет бағасының 30 пайызын қайтарып беруды жоспарлап отыр. Ол үшін Өзбекстанға келетін азаматтар 10 адамнан кем емес туристік топ болуы керек әрі мұнда 5 күннен артық түнеуі шарт. Оңтүстіктегі көршіміз ішкі туризмін дамыту үшін осындай тәсілдер қолданып отыр. Бұл әдіс бізге де керек.

Қалиакбар
ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =